Өз лашығын аңсаған Жиреншедей біздің қазақтар да “Қайран менің өз үйім” деп армансыз аяқ созып жататын баспана алуды армандайды. Сол үшін де таң атқаннан қас қарайғанша тірнектеп, тапқан-таянғанын жинаққа салып, еңбек етіп жүр. Біздің экономикада бұл жағдайға қолжетімділікті толықтай қамтамасыз етіп қойған, деп хабарлайды kznews.kz.
Мәселен, сандарды сөйлетсек, 2025 жылы ипотекамен үй алғандардың саны 78 мың адам болса, 288 мың адам өтініш қалдырған. Әрине, ниеттенгендердің бәрі ойлағандарына қол жеткізе алмаса да, бұл өте жақсы көрсеткіш. Осы саладағы ең жақсы әрі белсенді ойыншы “Отбасы банк” екені айтпасақ та белгілі. Алайда, былтырғы жылдан бастап басқа коммерциялық банктердің де ипотека нарығындағы үлесі артып, оза шапты. Мәселен, Bank CenterCredit, Halyk Bank және Freedom Bank сияқты банктер ипотека портфелін ұлғайтты.
Біз ақша жинап әлекпіз, ал тұрғын үйлердің бағасы өсіп әлек. Неге? Бұл баға қайда барады? Қашан тоқтайды? Басты ауыртып көп ойландыратын бұл сауалға жауап іздедік.
Әуелі көңіл қуантпайтын сандарды сөйлетсек, 2025 жылдың деректеріне сүйенсек, соңғы 4–5 жылда тұрғын үй бағасы айтарлықтай өскен. Жаға ұстатарлық жайт, мысалы, 2020 жылдан 2025 жылға дейін жаңа үйлер бағасы шамамен 53%‑ға, екінші нарықтағы үйлер 59,6%‑ға қымбаттаған. 2020 жылы шаршы метр 305-307 мың көлемі болса, былтырғы жылы 569 мың теңгеге жуықтаған. Әсіресе, “ойбай, мегаполис” деп таңдана қарайтын Астана мен Алматыдағы бағалар шаң қаптырмай, шуылдап барады. Себебі орта есеппен тұрғын үйдің шаршы метрі 500-600 мың теңгеден асады. Баға өсімі жоғарылардың тізімін әрі қарай Павлодар, Қызылорда, Ақтөбе, Көкшетау жалғап тұр.
Жалақының көбейіп жатқаны шамалы, бірақ баға шарықтап барады, шегі бар ма өзі? Сұраныс жоғары жерде, тұрғын үйлердің бағасы қалай төмендесін? Онсызда кішігірім “Үндістанға” айналған Алматы мен атауы талай өзгерген Астана сияқты ірі қалаларға студент те, басқасы да үдере көшіп жатыр. Бұл сөзсіз бағаға қысым жасайды, өйткені ұсыныс барлық сұранысты толық қанағаттандырмайтыны анық. Құрылыс шығындарының өсуі де - тағы бір маңызды фактор. Жобаларды жүзеге асыру үшін материалдар, еңбек, логистика ауадай қажет, онсыз тірлік бітпейді, бірақ қымбат. Ал оның құны баспананың бағасына тікелей әсер етеді. Одан қалса сол баяғы инфляция мен банктердегі несиенің жоғары пайыздық көрсеткіштері бар. Мемлекеттік бағдарламаларға деген сұраныс ипотека нарығындағы белсенділікті арттыра түседі. Түбі тағы да бағаның өсуіне әкеп соғады. Теориялық тұрғыдан бұл бағалардың шегі бар, бірақ нақты жауап жоқ. Логикаға сүйенсек, тұрғын үй сатып алушылардың қалтасы көтермейтін жағдайға жеткенде баға күрт төмендейді. Мәселен, пәтердің шаршы метрі 600 000 теңге болса, бірақ адамдардың көбінің ай сайынғы табысы оған жетпесе, сұраныс азаяды. Компаниялар амалсыздан бағаны төмендетеді, осылай өсу қарқыны баяулайды немесе тұрақтанады.
2008-2009 жылдары Дүниежүзі қаржы дағдарысы орын алып, экономика тоқырауға ұшырап, жаһандық дағдарыстан есеңгіреп қалды. Сол уақыттары пәтер бағасы күрт төмендеді. Ипотека қысқарды, инвестициялар азайды, құрылыс жобалары тоқтады, сұраныс жоқтың қасы болды. Нәтижесінде пәтер бағасы 8–20%-ға дейін құлады. 2015-1016 жылдары тұрғын үйлердің бағасының төмендеуіне мұнай бағасының құлдырауы мен экономикалық бәсеңдеуі әсер етті. Себебі Қазақстан экономикасының көп бөлігін құрайтын экспорт түсімдері азайып, Ұлттық валюта әлсіреп, инфляция көтерілді, халықтың сатып алуға жағдайы жетпей, шарасыз күйде қалды. Нәтижесінде елімізде пәтер бағасы 2016 жылы шамамен 3–4% төмендеген. Соңғы рет 2023 жылы еліміздің кей аймақтарында сатылым саны күрт азайып, баға да әлдеқайда өзгеріске ұшырады. Мәселен, Батыс Қазақстан облысында Оралдағы үйлердің бір шаршы метр құны 3%-ға арзандаған.
Тұрғын үй мәселесі бүгінгі қазақ қоғамындағы ең өзекті тақырыптардың біріне айналды. Бағаның тоқтаусыз өсуі халықтың баспанаға деген арманын алыстатып, ипотекаға тәуелділікті күшейтетіні қынжылтады. Қазіргі жағдайда пәтер бағасының күрт арзандауын күту қисынсыз. Сондықтан баспана мәселесін шешуде бір ғана ипотекаға иек артпай, құрылыс көлемін арттыру, аймақтық дамуды теңестіру және халық табысын өсіру сияқты кешенді шаралар қажет. Сонда ғана «қайран менің өз үйім» деген арман қолжетімді мақсатқа айналмақ.