Қазақстанда неге барлық нәрсе құпияға айнала бастады?
Саясаттанушы Данияр Әшімбаевтің айтуынша, Қазақстанда соңғы жылдары ақпаратқа қолжетімділік күрт төмендеп, құпиялық деңгейі негізсіз жоғарылап келеді. Оның пікірінше, Президент пен Үкіметтің бірқатар шешімдері қызметтік пайдалану үшін деген белгімен жарияланбай қалып отыр.
"Мемлекеттік органдардың штаттық құрылымы, мемлекеттік аудиттің кейбір материалдары, Қауіпсіздік Кеңесінің ережесі, Президент әкімшілігінің құрылымы мен кадрлық шешімдерді қабылдау тәртібі құпияға айналды. Бюджеттік бағдарламалардың мазмұны көмескіленіп, мемлекеттік органдардың нақты шығындары түсініксіз күйге түсті", – дейді Әшімбаев.
Оның айтуынша, соңғы айларда мемлекеттік органдар нормативтік-құқықтық актілердің толық нұсқасын емес, қысқаша сипаттамасын ғана жариялайтын болған. Мысал ретінде ол Қорғаныс министрлігінің жобасын келтіреді: министрлік президенттің №781 жарлығын жүзеге асыру мақсатында үкімет қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін жоба әзірлегенін хабарлайды. Алайда жоба мәтіні жоқ.
Министрлік бұны Порталдың техникалық жаңартуларымен және қоғамдық талқылау үдерісін оңтайландырумен түсіндіреді. Жобаға қоса берілген кестеде де еш нақты ақпарат берілмеген, тек жобаның үкімет қаулыларына өзгеріс енгізуді көздейтіні қайталанады.
"Мұндай тәсіл тек Қорғаныс министрлігіне тән емес. Қазір көптеген мемлекеттік органдар өз қызметін құпияландыруға тырысып отыр. Мәселен, қорғанысқа тапсырыстар мен әскери-техникалық ынтымақтастық функцияларын МПС-тан Қорғаныс министрлігіне беру туралы жарлық ашық жарияланған. Ал дәл сондай атауы бар, бірақ Балық шаруашылығы комитетін АШМ құзырына беру туралы 3 қаңтардағы №426 жарлық неге екені белгісіз, жарияланбаған", – дейді саясаттанушы.
Оның пікірінше, мұндай құпиялықтың нақты себебі түсініксіз. Мемлекеттік аудит материалдарына шектеу қою бұзушылықтардың көлемі артып жатқандықтан, оларды бұрынғы билікке жабудың қиындығынан болуы мүмкін. Ал мемлекеттік басқару құрылымы мен лауазым иелерінің міндеттері туралы ақпараттың жасырылуы - жауапкершілікті нақтылау мен ықпал ету аймақтарын қайта бөлуге қатысты ішкі ойындармен байланысты болуы ықтимал.
"Негізі мұның бәріне ресми әрі қисынды түсініктеме беруге болады. Бірақ бұл үшін аздаған интеллектуалды күш пен саяси ерік қажет. Алайда қазір билік үшін оңай шешім бәрін құпия қылып тастау. Мұндай амал қоғамда үкіметтің жалқаулығы, диалог жүргізе алмауы және проблемалардан қашуы туралы ой қалыптастырады", – деп түйіндеді Данияр Әшімбаев.