Елімізде барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтіп жатыр.
Барлық сайлау учаскелері жұмысын бастап, азаматтар дауыс беруге кірісті. Бұл жолы 228 мәслихаттағы 3 447 депутаттық мандат сарапқа салынып, 10 971 кандидат бақ сынайды.
Сайлау 20 облыстық, 38 қалалық және 170 аудандық мәслихатта өтеді. Депутаттық орындардың 668-і облыстық, 626-сы қалалық, 2 153-і аудандық мәслихаттарға тиесілі. Осылайша, жергілікті өкілді органдардың жаңа құрамы қалыптасады.
Депутаттық мандаттарға үміткерлер бірмандатты сайлау округтері және партиялық тізімдер арқылы ұсынылған. Бірмандатты округтер бойынша 9 752 кандидат тіркелсе, партиялық тізімдерде 1 219 үміткер бар. Сайлау науқанына жеті саяси партия қатысады.
Мәслихат депутаттары бес жыл мерзімге сайланады. Олар жергілікті бюджетті бекіту, оның орындалуын бақылау, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін қарау, тұрғындардың мүддесін жергілікті деңгейде қорғау секілді маңызды міндеттер атқарады.
Тоқетерін айтқанда, бүгінтел тұрғындары өз сайлау учаскелерінде Астана уақытымен сағат 20:00-ге дейін дауыс бере алады. Сайлау учаскелерінің жұмыс уақыты өңірлерге қарай ерекшеленуі мүмкін. Дауыс беру аяқталған соң бюллетеньдерді санау басталып, сайлау қорытындылары заңда белгіленген тәртіппен жарияланады.
Айтпақшы, бұл кезектен тыс сайлау Мемлекет басшысының барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешіміне байланысты өткізіліп отыр. Соның нәтижесінде еліміздің өңірлері мен қалаларындағы жергілікті өкілді органдардың жаңа құрамы жасақталады.