Құжаттарды рәсімдеу жұмыстарының созбалаңға салынуына байланысты әйелдер марапаттарын кешіктіріп алып, сонымен қатар өздеріне тиесілі әлеуметтік қолдау шараларын пайдалануда да қиындыққа тап болған,
Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында көпбалалы он ана «Алтын алқа» және «Күміс алқа» мемлекеттік наградаларын уақытында ала алмаған, деп хабарлайды kznews.kz.
Прокуратура жүргізген тексеру барысында аудандық әкімдік тарапынан құжаттарды рәсімдеу және тиісті жұмыстарды ұйымдастыру кезінде заң талаптарының сақталмағаны анықталған. Салдарынан көпбалалы аналардың мемлекеттік наградаларды алу рәсімі негізсіз созылған.
Прокуратураның араласуынан кейін мәселе шешімін тауып, он әйелге де «Алтын алқа» және «Күміс алқа» наградалары табысталды. Сонымен қатар заң бұзушылыққа жол берген жауапты қызметкерлер тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Мемлекеттік наградаларды уақытында тапсыру көпбалалы аналардың әлеуметтік мәртебесін рәсімдеумен қатар, заңда көзделген жеңілдіктер мен қолдау шараларын алуына да мүмкіндік береді. Осыған байланысты прокуратура азаматтардың құқықтарын қорғау және әлеуметтік саладағы заң талаптарының орындалуын бақылау бағытындағы жұмыстарды жалғастырып жатыр.