Оқу жылы басталғалы құқық қорғау органдары 566 құқық бұзушылықтың жолын кескен.
Қазақстанда жоғары оқу орындарының жатақханаларында қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Ішкі істер министрлігі студенттер арасында зорлық-зомбылық, буллинг және бопсалау әрекеттерінің алдын алу мақсатында профилактикалық жұмыстар жүргізіп жатыр, деп хабарлайды kznews.kz.
Оның ішінде:
- 23 ұсақ бұзақылық дерегі;
- тыйым салынған орындарда темекі шегудің 211 фактісі;
- көші-қон заңнамасын бұзудың 234 дерегі анықталған.
Сонымен қатар студенттер жатақханаларындағы қауіпсіздік талаптары күшейтіліп, ғимараттарға кіру-шығу тәртібіне бақылау орнатылған. Жатақханаларға полиция қызметкерлері бекітіліп, құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстары жүргізілуде.
Ішкі істер министрлігі жоғары оқу орындарының басшылығына студенттер арасындағы зорлық-зомбылық фактілерін жасырмауды және олардың шағымдарына немқұрайлы қарамауды ескертті.
Ведомство студенттерге қандай да бір қауіп-қатер, қысым көрсету немесе заңсыз әрекеттерге тап болған жағдайда полицияға хабарласуға шақырды.