Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының баспасөз қызметі хабарлады. Ресми түсіндірмеде кадрлық тағайындаулардың мақсаты «басқару командасын күшейту және тиімділікті арттыру» деп көрсетілген.
Басшының резонанс тудырған бейнежазбасы
Бұған дейін әлеуметтік желіде онлайн жиналыс кезінде Үмбетовтің өзіне бағынышты қызметкерлерге бейәдеп сөздер айтып, қатқыл сөйлеген видеосы тараған еді. Кадрлар қоғамда үлкен пікірталас туғызды. Бірі мұны ұйымшылдық пен тәртіп орнатуға бағытталған әрекет деп ақтаса, енді бірі басшылықтың корпоративтік этиканы өрескел бұзуы деп бағалады.
ҚТЖ басшылығы кейін Үмбетовпен түсіндіру жұмыстарын жүргізгенін мәлімдеді. Ал бейнежазбаның өзінде теміржолшының ашуына 7 вагонның рельстен шығып кетуі себеп болғаны айтылды.
Көтерілген сауалдар көңілге қонады
Оқиға қоғам назарынан тыс қалған жоқ. Бұл мәселе бойынша пікір білдірген бірінші вице-премьер Роман Скляр да жағдайдың болғанын растады және Үмбетовпен әңгіме жүргізілгенін айтты. Склярдың пікірінше, ол өз қатесін түсінген және жұмысты жалғастыруы керек.
Асан Үмбетов те журналистерге берген сұхбатында:
«Бәріміз бұл видеоны көрдік. Әрине, мен де. Бұл жағдай мен үшін үлкен сабақ болды. Мен жұмыс барысын жақсарту үшін қатқыл сөйлегенмін. Кейін көргенде, дауысымды көтеріп сөйлегенімді түсіндім», — деді.
Боқауыз басшы қызметте қалай өскен?
1983 жылы Ақтөбе облысында туған Асан Үмбетов — 20 жылдан астам теміржол саласында еңбек етіп келе жатқан маман. Ол машинистің көмекшісінен бастап Қарағанды локомотив депосының басшысына дейінгі сатылардан өткен.
2022 жылы «ҚТЖ–Жүк тасымалы» компаниясында атқарушы директор қызметіне көтерілген, ал 2023 жылдың қыркүйегінде локомотив шаруашылығы жөніндегі бас директордың орынбасары болып тағайындалған.
Енді ол компанияның бас директоры лауазымына бекітілді.
Бұл кадрлық шешім қоғамда мемлекеттік компаниялардағы жауапкершілік пен корпоративтік мәдениет туралы өткір сауалдарға негіз болды.
Бейәдеп сөздері үшін ескерту алған шенеуніктің қызметін жоғарылатуы – көпшіліктің түсінігінде «тәртіп бұзғанға емес, тәртіп орнатуға тырысқанға марапат» ретінде қабылданды.
Мұндай жағдай мемлекеттік басқару жүйесіндегі кадрлық шешімдердің ашықтығы мен қоғам алдындағы есептілікті қайтадан күн тәртібіне шығарды.
Бұл оқиға билік пен қоғам арасындағы сенім деңгейіне, сондай-ақ ұлттық компаниялардың кадрлық саясатына қатысты маңызды пікірталастарға жол ашып отыр.