Асанәлі Әшімовтың жары Бағдат Әшімова 2021 жылы Stan.kz-ке берген сұқбатында бұрын-соңды ел естімеген жайтты айтқан еді, деп хабарлайды kznews.kz.
Бағдат Әшімованың айтуынша, Майра апай 1993 жылы ауыр дертке шалдыққан. Дәрігерлер оған өте сирек кездесетін, мың адамның біреуінде ғана болатын склеродермия диагнозын қойған.
"Ол ауру бүкіл ішкі ағзаларды біртіндеп жейді екен. Асанәлі ағаларың жарын аман алып қалу үшін, тіпті Германия мен Мәукеудегі ең танымал аурауханаларғада алып барған. Германиядан аппаратпен алып келіп содан оянбады деді. Әйелінің соңғы демі шыққанда Асекең жанында бола алмаған. Соқырішек болып, ауруханаға түсіп қалыпты. Сонда Асекеңмен қоштасу үшін Майра тәтенің табытын алып, аурухананың қорасына алып барған. Асекеңді ауруханадан шығармай қойған. Отадан кейін жара қайтадан жарылып кетеді. Сонда "кетіп бара жатып та менімен келіп қоштасып кетті" дейді Асекең. Жаназасына да қатыса алмаған ол топырақты шүберекке түйіп беріп жіберген. Майра қайтыс болғанда "Майраның әні" деген кітап жазыпты. Ішқұсалықтан сол құтқарды мені деп айтып отырады. 1999 жылы бір жылда екі ұлынан айырылыған ол барлық жерден жұмыстан шығып кетеді. Киноға түспей, театрда ойнамай қояды. Тек араға 10 жылға жуық уақыт салып, өнерге қайта оралды", – деді Бағдат Әшімова.
Осы орайда біз Асанәлі Әшімовтің алғашқы жары Майра Айманованың соңғы күндері туралы жазған күнделігінен үзінділер ұсынғанды жөн көрдік.
6-14.11.91
Бұл күндерi "Алатау" санаторийiнде Майра екеумiз демалып жатырмыз. Майра "тамағыма ас тұрып қала бередi" деп шашалып жүр. Соған қатты қайғырамын. Құдайым сақтасын, Алла тағаладан тiлейтiнiм соның саулығы. Майрасыз маған өмiр тұл. Операторларым нашар болды. "Қозы Көрпеш" онша болмай, жұрт алдында масқара болмасам екен, қайғым сол. Жоғарыдағылар үлкен өнерге бара алмайтындарды сүйемелдеп жүр. Көңiл-күй осылай жабырқаулы. Барып шағым айттым, ақылдасатын адамым жоқ. Халық, қара халық өте құрмет тұтады. Сенерiм – солар. Бiр кезде Шәкеңдi де шеттеткен сол жоғарыдағылар едi. Қонаев – дана адам едi.
***
16-19.11.91
Майра "тамағымнан ас өтпейдi" деп қорқытып жүр.
***
21.11.91
Жезқазғандамын. Майраға қатты қайғырып жүрмiн. Үйге апама телефон соқтым. Қуанып, есi қалмай: "Жаман аурудан аман... гастрит екен" деп жеткiздi. Қуанышта шек жоқ.
***
11.02.92
Ертемен апам мен Майраға ауруханаға кiрiп шықтым. Шәмшi Қалдаяқов қатаң жатыр.
***
14.02.92
Майраның аяқ-қолы, бетi iсiңкiреп жүр. Аман болуын бiр құдайдан тiлеймiн.
***
19.02.92
Ауруханаға Майра мен апама бардым. Екi пiрiм ғой. Аналар ғой. Екеуiнсiз күнiм қараң.
***
17.03.92
Майра "мен тiрi болсам сенi бiраз жасқа жеткiземiн" дейдi. Жанымдай жақсы көремін.
***
11.10.92
Үйдемiн. Майраның жоқтығы сезiледi. Апам байғұс Майраны өлердей жақсы көредi ғой, күйбеңдеп, мазасызданып жүр.
***
13.10.92
Шотаның мас болғанын бiрiншi рет көрдiм. Майрамен сөйлестiм. "Ауруын емдеуге болады, жаңа бастаған" депті.
***
17.11.92
Бұл күндерi менiң қайғым – Майра. Мүлдем жатып қалды. Бұл тұрмаса менiң де құрығаным. Ет жүрегiм қан жылайды.
***
9.01.93
Театр. Майра бұл күндерi тәуiрлеу. Бiрақ денесi қарайып келедi. Содан қорқамын. Жаныма қатты батып жүр.
***
16.01.93
Майра "Жүрегiм мақта сияқты, жағдайым төмен" деп қорқытып тұрды. Сонда да ойлайтыны менiң жәйiм. Ең қуанарлығы – өзi ауруға берiлмейдi, оптимист.
***
14.03.93
Мьюнхен. Майра ауруханада. Ес-түссiз. Бүгiн отау құрғанымызға 35 жыл. Қасымда ұлым Мәди.
***
20.03.93
Арнайы ұшақпен Майраны Германиядан алып қайттым. Тiрi өлiк.
***
21.03.93.
Ел мейрамда, мен жылаудамын. Майра сол қалпы. Үмiтiм бiртiндеп жоғалып барады. Бәрiнен де елдiң аяушылықпен қарағаны жаныма батады. Айылымызды жимай-ақ өмiр сүрген едiк. Ендi ес жиып, балалар есейiп, өзiмiз үшiн өмiр сүру кезеңi басталып едi. Қымбаттым, сүйiктiм менiң, Майра! Қайғыда түп жоқ. Не болам? Ар жағы мидай дала.
***
29.03.93
Таңғы сағат 5.30-да Майра дүниеден қайтты.
***
31.03.93
Бүгiн Майраны үйге әкелiп түнеттi. Мен сорлатқанда қасында жоқпын. Ауруханадамын.
***
1.04.93
Майраның жерге жамбасы тиген күн.Сағат 11.00-де Майраны аурухананың қорасына әкелдi. Зембiлмен алып барайық деген екен, бас дәрiгер рұқсат етпептi. Мен Майрамен қорада қоштастым. "Жан-жарым, асылым, үй болған соң аяқ-табақ сылдырламай тұрмайды, ренжiткен жерiм болса кеш, мен де кештiм". Майраның маған берiлгендiгiнiң куәсi – өлсе де маған басын иiп қоштасып кеттi. Бұдан артық трагедия болмас. Топырағын Ескендiр алып келдi, сөйтiп топырақ салдым.