Шымкентте 18 жастағы студент қыз әлеуметтік желідегі жұмыс туралы хабарландыруға сеніп барып, зорлық-зомбылыққа тап болғанын айтты. Оның отбасы күдіктімен бірге қызды осы ортаға алдап тартқан адамдар да жауапқа тартылуы керек деп отыр, деп хабарлайды kznews.kz Almaty.tv телеарнасына сілтеме жасап.
Жәбірленушінің сөзінше, әлеуметтік желіде жарияланған табысты жұмыс туралы хабарландыру шын мәнінде оны интимдік сипаттағы қызмет көрсетуге мәжбүрлейтін ортаға апарған.
Қыз аноним түрде сұхбат беріп, оқиғаның былтыр жазда болғанын айтты. Оның сөзінше, көрсетілген мекенжайға барғаннан кейін бұл орынның «боди-массаж» қызметін көрсететін жер екені белгілі болған. Сол сәттен бастап ол жерден өз еркімен шығып кете алмағанын жеткізді.
Жәбірленушінің айтуынша, ғимарат ішінде оны күшпен ұстап отырған. Кіреберісте күзетшілер тұрған, ал ішіндегі адамдар оған ешкім тиіспейтінін, тек массаж жасау керегін айтып сендірген.
«Мені күштеп ішке кіргізді. Шығуға тырысқанымда, есік алдында күзетшілер тұрды. Бір жігіт мен жылап, айқайласам да жібермей ұстап тұрды. Кейін маған ешкім тиіспейді, тек массаж жасауым керек деді. Мен соған келістім. Негізі, басынан-ақ бас тартуым керек еді», – дейді жәбірленуші.
Қыздың туыстарының айтуынша, оның шағымына қарамастан, аталған ғимарат әлі күнге дейін монша ретінде жұмысын жалғастырып отыр. Отбасы құзырлы органдар осы уақытқа дейін нақты әрі қатаң шара қолданбады деп наразы.
Өміріне қауіптенген әйелдер журналистермен кездесуге де сақтықпен барған. Жәбірленушінің анасы өздеріне бірнеше рет қоқан-лоқы жасалғанын айтып, қауіпсіздік мәселесін көтерді.
«Мұның соңы қашан болады? Ертең менің қызымды күштеп шетелге алып кетсе немесе өлтіріп кетсе, мен не істеймін? Бізге әлденеше рет қоқан-лоқы жасалды. “Істі тоқтатпасаңдар, сендерді өлтіреміз” деп қорқытты», – деді ол.
Ал Шымкент қалалық полиция департаменті бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 120-бабы 1-бөлігі, яғни «Зорлау» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын хабарлады. Қазір іс аясында сот-психологиялық-криминалистикалық сараптама тағайындалып, жәбірленушінің ұялы телефонына да криминалистикалық зерттеу жүргізілуде.
Полиция мәліметінше, барлық сараптама қорытындысы алынғаннан кейін қылмыстық іс бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады.
Ал жәбірленушінің отбасы жауапкершілік тек күш қолданды делінген адамға ғана емес, қызды алдап осы ортаға тартқан ұйымдастырушыларға да жүктелуі тиіс деп есептейді. Туыстары істің созбалаңға салынбай, тезірек сотқа жетуін талап етіп отыр.