Алматыда 21 наурызға қараған түні болған жантүршігерлік жол апаты үш адамның өмірін қиды. Әл-Фараби даңғылы бойындағы соқтығыс салдарынан Mercedes көлігінің жүргізушісі мен екі әйел жолаушы оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды kznews.kz.
Қайғылы оқиға Медеу ауданында түнгі сағат 03:30 шамасында тіркелген. Полицияның алдын ала мәліметіне сүйенсек, әл-Фараби даңғылы мен Мендіқұлов көшесінің қиылысында Mercedes пен Zeekr маркалы екі көлік бетпе-бет соқтығысқан.
Тергеу нұсқасына сәйкес, Zeekr тізгіндеген жүргізуші батыс бағытта келе жатып, қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен. Сол мезетте қарсы бағытта келе жатқан Mercedes-пен соқтығыс болған.
Апат салдарынан Mercedes жүргізушісі мен көлікте отырған екі әйел жолаушы сол жерде жан тапсырды. Ал Zeekr жүргізушісі түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазір жол апатының нақты мән-жайы анықталып жатыр.