Павлодар қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Александр Сафяниковке қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Бұл ақпаратты Ұлттық қауіпсіздік комитеті растады.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Александр Сафяниковтің ұсталғаны туралы ақпарат тараған. Facebook желісіндегі жарияланымда шенеуніктің кәсіпкерден 400 мың теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінгені айтылған.
Сондай-ақ оның қылмыстық іс аясында процестік келісім жасасқаны туралы мәлімет жарияланған. Алайда бұл ақпараттардың барлығы ресми түрде расталған жоқ.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті Kazinform агенттігінің сауалына жауап беріп, аталған лауазымды тұлғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын растады. Дегенмен ведомство тергеу мүддесіне байланысты істің егжей-тегжейін жарияламады.