Ресейдің Алтай Республикасында болған ауыр жол апатынан Қазақстанның екі азаматы қаза тапты. Марқұмдар ерлі-зайыпты болған. Олардың артында алты баласы қалды, деп хабарлайды kznews.kz.
Muztaumedia.kz мәліметінше, Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының Мамай батыр ауылында тұрған отбасы жеке көлікпен Моңғолияның Баян-Өлгей аймағына бара жатқан. Автокөліктегі жолаушылардың барлығы бір-біріне туыс болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, қарсы бағытқа шығып кеткен көлікті 31 жастағы жергілікті тұрғын басқарған. Әйелдің жүргізуші куәлігі болмаған және ол рульге мас күйінде отырғаны хабарланды.
Апат салдарынан 41 жастағы Хабыз Рахымбай мен оның 44 жастағы жұбайы Құралай Құсайынқызы оқиға орнында көз жұмды. Әйел көліктің алдыңғы орындығында отырған.
Марқұмдардың танысы Жарқынбек Ахметсакиұлы олардың сапарға шығар алдында жолыққанын айтты.
«Қайтыс болғандар ерлі-зайыпты еді. Әйелі алдыңғы орындықта отырған. Көліктегі адамдардың барлығы туысқан. Олармен жолға шығар алдында кездесіп, дәмдес болған едім», – деді ол.
Жол апатынан көлікте болған өзге жолаушылар да түрлі дене жарақатын алған.
Қайғылы оқиға 27 шілде күні шамамен сағат 20:30-да Алтай Республикасының Ұлаған ауданындағы Ақташ ауылының маңында болған.