Абай облысының Бесқарағай ауданында, Омбы–Майқапшағай бағытындағы автожолдың 615/706-шақырымында болған жантүршігерлік жол апаты үш адамның өмірін қиды. Оқиға кезінде Toyota Avensis маркалы жеңіл көлік пен Howa жүк көлігі соқтығысқан, деп хабарлайды kznews.kz.
Кейін белгілі болғандай, апат салдарынан марқұм болғандардың барлығы — Семей қаласындағы Әлихан Бөкейхан университетінің студенттері. Білім ордасының басшылығы қаралы хабарды растады.
«2 қараша күні Бесқарағай ауданы, Жыланды ауылы маңында болған жол-көлік апатында университетіміздің үш студенті – Заң факультетінің студенттері Тұрарбеков Нұрмағамбет Бауыржанұлы мен Оңдабай Рефхат Серікжанұлы, сондай-ақ Ақпараттық технологиялар және экономика факультетінің студенті Абдималиков Рустамбек Нурмуродұлы қаза тапты», – делінген университеттің ресми хабарламасында.
Оқу орнының ұжымы мен басшылығы марқұм студенттердің ата-аналарына, туыстарына және жақындарына терең қайғырып көңіл айтты.
«Қыршын кеткен жастың орны ойсырап тұр. Білім мен спортта жетістікке жетіп, үлкен армандарға ұмтылған өрімдей жастарымыздың өмірі осылай үзіліп қалуы бәрімізге ауыр тиді. Олардың жарқын бейнесі мен асқақ армандары жүрегімізде мәңгі сақталады. Имандары саламат, жандары жәннатта болсын», – делінген университеттің ресми парақшасындағы жазбада.
Абай облысы Полиция департаментінің мәліметінше, жол апатына байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы, 4-бөлігі («Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі қағидаларын бұзуы, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.