Технология қарқынды дамып, ақпараттық манипуляция белең алған қазіргі кезеңде дәстүрлі журналистикаға қойылатын талаптар да өзгеріп келеді.
Ендігі жерде болашақ журналистерге сауатты мәтін жазуды ғана емес, жаңа медиа құралдарын пайдалануды, ақпараттың шынайылығын тексеруді және жасанды интеллектіні тиімді қолдануды үйрету маңызды. Бұл мәселелер әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өтіп жатқан халықаралық симпозиумның басты тақырыбына айналды, деп хабарлайды kznews.kz.
Алдағы жылдары журналистика қандай бағытта дамиды? Жаңа еңбек нарығында сұранысқа ие болу үшін болашақ мамандар қандай кәсіби дағдыларды меңгеруі керек? Осы және өзге де өзекті мәселелер «Орталық Азиядағы азаматтық қоғамды дамыту жолындағы медиа білім беру мен ғылымның трансформациясы» атты халықаралық симпозиумда талқылануда.
Ауқымды іс-шараға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Франция, Филиппин және Тайваньнан келген сарапшылар мен ғалымдар қатысуда. Симпозиумды ҚазҰУ, Алматыдағы ЮНЕСКО-ның өңірлік бюросы және Азия медиа, ақпарат және коммуникация орталығы (AMIC) бірлесіп ұйымдастырды.

«Біздің басты мақсатымыз – университеттің ғылыми әлеуетін елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, соның ішінде ақпараттық қоғам қалыптастыру мен медиасаланы жаңғыртуға тиімді пайдалану», – деді симпозиумды ашқан ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Марғұлан Ибраимов.
Журналистік білім беру жөніндегі Дүниежүзілік кеңестің басқарушы комитетінің төрағасы, Париж-Дофин университетіндегі Тәжірибелік журналистика институтының директоры Паскаль Гене өз баяндамасында журналистік білім беру саласындағы жаһандық сын-қатерлерге назар аударды.
Сарапшы жалған ақпаратқа қарсы күрес, кәсіби этика талаптарын сақтай отырып жасанды интеллектіні енгізу, баспасөз бостандығын қорғау және тәжірибеге негізделген оқыту жүйесін дамыту мәселелеріне тоқталды. Бұл бағыттар қазіргі журналистік білім беру жүйесінің басым міндеттері ретінде қарастырылып отыр.

Ал білім беру бағдарламаларын заман талабына сай қайта құру мәселесін AMIC бас хатшысы Рамон Р. Туазон көтерді. Ол теориялық білім берумен шектелмей, нақты кәсіби құзыреттер мен нәтижелерге негізделген оқыту тұжырымдамасын таныстырды. Мұндай тәсіл бойынша оқу бағдарламасы түлектің университет қабырғасында қандай дағдыларды меңгеріп, қандай кәсіби қасиеттерді қалыптастыруы керектігіне қарай әзірленеді.
Азиядағы журналистік білім берудің даму үрдістері туралы Филиппин университетінің профессоры, «Media Asia» журналының бас редакторы Данило Арао баяндама жасады.
Өз кезегінде ҚазҰУ-дың қауымдастырылған профессоры, Еуразиялық медиа және коммуникацияларды зерттеу орталығының директоры Қарлыға Мысаева Орталық Азиядағы журналистік білім берудің қазіргі жағдайына талдау жасап, 2025 жылы жүргізілген салыстырмалы зерттеудің нәтижелерін таныстырды.

Симпозиумның екінші күнінде болашақ журналистерге қажетті ортақ кәсіби құзыреттерді айқындау, оқу бағдарламаларын жаңарту және Орталық Азияда медиа, коммуникация және журналистік білім беру қауымдастығын (AMCJECA) құру бастамасы талқыланбақ.
Халықаралық жиын қорытындысы бойынша өңірлік ынтымақтастықты нығайту, жоғары оқу орындары арасындағы тәжірибе алмасуды дамыту және журналистік білім беру бағдарламаларын жаңғырту жөнінде ұсыныстар әзірлеу жоспарланған.
Жасанды интеллект ақпарат өндіру мен тарату үдерісін түбегейлі өзгертіп жатқан тұста журналистің кәсіби жауапкершілігі де арта түсуде. Сондықтан болашақ мамандарды даярлауда технологиялық сауаттылықпен қатар, сыни ойлау, деректерді тексеру, ақпаратты сараптау және кәсіби этиканы сақтау дағдыларына басымдық беру маңызды.