Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева соңғы кездері қоғам талқылауында жиі кездесетін мәселе – ақпараттың контекстен үзіп алынуы екенін атап өтті.
Министрдің айтуынша, бұл жағдай көбіне «Ашық НҚА» порталында қоғам талқысына шығарылатын нормативтік-құқықтық актілер жобаларына қатысты туындайды.
Журналистің «Ашық НҚА порталында талқылауға толық нұсқалар емес, тек үзінділер ғана орналастырылады» деген сұрағына жауап берген Балаева мұндай тәсілді ұсынған – Мәдениет және ақпарат министрлігі екенін растады. Оның сөзінше, бұл қадам «қоғамдық талқылау үдерісін оңтайландыру» мақсатында жасалған.
«Кейде порталға өте көлемді құжаттар жарияланады, олардың мәтіні ресми-кеңсе тілінде жазылғандықтан, көпшілікке түсініксіз болуы мүмкін. Сондықтан кей тұстарын ықшамдап ұсынамыз», – деді министр.
Алайда журналистің «Бұл халықтың нормативтік-құқықтық құжаттарды түсінуге жеткілікті сауаты жоқ дегенді білдіре ме?» деген сұрағына Аида Балаева:
«Жоқ, мен ондайды айтқан жоқпын. Сөзімді контекстен жұлып алуға болмайды», – деп жауап берді.
Министрдің айтуынша, жобалардағы ақпарат жиі бұрмаланып, контекстен бөлініп беріледі, бұл өз кезегінде қоғамда қате түсінік пен қажетсіз пікірталас тудырады.
«Біздің мақсат – қоғаммен ашық диалог орнату, бірақ ол үшін ақпараттың толық және дұрыс түсіндірілгені маңызды», – деп қорытындылады Аида Балаева.