Алматы облысында қоғам назарын аудартқан қылмыстық іс бойынша үкім жарияланып, негізгі айыпталушы 25 жылға бас бостандығынан айырылды. Іс бойынша кәмелетке толмаған екі сыбайласқа да 9 жылдан жаза кесіліп, жәбірленуші тараптың талап-арыздары ішінара қанағаттандырылды, деп хабарлайды kznews.kz.
Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Талғар маңында болған кісі өлімі мен екі жасар қызды ұрлау ісі бойынша үкім шығарды.
Бұл қанды оқиға 6 қыркүйекте Талғарға жақын Қызыл-Қайрат ауылында болған. Тергеу дерегінше, ер адам екі кәмелетке толмаған сыбайласымен бірге жергілікті тұрғынды өлтіріп, оның екі жасар жиен қызын алып кеткен. Артынша арнайы жасақ бүлдіршінді аман-есен босатып, анасына тапсырған, ал күдікті қолға түскен.
Іс қоғам ішінде кең талқыланған тұста баланың анасы бұған дейін осы айыпталушының өзіне зорлық жасағанын айтып, полицияға арыз түсіргені белгілі болды. Алайда сол кезде күдікті ұсталмағаны жұрттың наразылығын күшейткен еді.
Жәбірленуші тараптың адвокаттары Жандос Палманов, Гаухар Сариева және Асылбек Әбдірайымовтың айтуынша, негізгі айыпталушы жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Ал іс бойынша жауапқа тартылған кәмелетке толмаған екі сыбайлас 9 жылдан бас бостандығынан айырылған.
Сот жәбірленушілердің азаматтық талап-арыздарын да ішінара қанағаттандырды. Негізгі айыпталушыдан қаза тапқан азаматтың анасына, жұбайына және әпке-қарындасына 10 миллион теңгеден, жалпы 30 миллион теңге өндірілетін болды. Ал кәмелетке толмаған екі сотталушының әрқайсысынан үш жәбірленушінің әрқайсысына 5 миллион теңгеден, яғни бір сотталғаннан 15 миллион теңгеден өтемақы өндірілмек.
Бұған дейін прокурор негізгі айыпталушыға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын сұраған. Ал оның кәмелетке толмаған екі сыбайласына 9 жылдан жаза тағайындауды талап еткен болатын.
Сот алдында барлығы үш адам жауап берді. Негізгі айыпталушы Е.-ге Қылмыстық кодекстің 12 бабы бойынша айып тағылды. Оның ішінде адам өлтіру, адам ұрлау, зорлау, сексуалдық сипаттағы күш қолдану, алаяқтық, жеке өмірге қолсұғылмаушылықты бұзу, тұрғын үйге заңсыз кіру, өлтіремін деп қорқыту, қаруды заңсыз жасау мен сақтау, автокөлікті заңсыз иелену және кәмелетке толмағанды қылмысқа тарту баптары бар.
Ал кәмелетке толмаған А. мен К.-ға екі эпизод бойынша айып тағылған. Тергеу нұсқасына сай, олар адамдар тобы болып кісі өлтіруге және баланы ұрлауға қатысқан.