Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияның қабылдануына орай өткен салтанатты рәсімде бірқатар қылмыстық және әкімшілік істер бойынша рақымшылық жасалатынын жариялады. Осы орайда Ulysmedia.kz тілшісі Мәжіліс депутаттарынан кімдер рақымшылыққа ілігуі мүмкін екенін сұрады.
Президент кеше Конституцияның қабылдануына орай өткен салтанатты рәсімде тағы да рақымшылық жарияланатынын және Парламент сессия соңына дейін заң әзірлеуі тиіс екенін екенін мәлімдеді.
- Өздеріңізге мәлім, былтыр қылмыстық жауапкершілікке тартылғандарға рақымшылық жасалды. Енді азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін бірқатар қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылық бойынша тағы да рақымшылық жариялауға болады. Елімізде әкімшілік істер бойынша рақымшылық алғаш рет жасалатынын атап өткім келеді. Парламент қазіргі сессияның соңына дейін тиісті заң қабылдауы керек. Бұл – Негізгі заңдағы адамгершілік идеалдары мен прогрессивті құндылықтарды қоғамда орнықтыратын маңызды қадам, - деді Тоқаев.
Депутат Ерлан Саиров Президенттің бастамасы қазақстандықтарға жіберген қателігін түзеуге мүмкіндік беретін саяси акт екенін айтты.
- Конституция қабылданған кезде әр мемлекет рақымшылық акциясын жариялайды. Президент Конституцияға қол қойған соң қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылық бойынша тағы да рақымшылық жасалатынын айтты. Бұл Қазақстанның гуманистік мемлекет екенін және азаматтар қандай да бір қателік жасаса, оны түзетуге мүмкіндік беретін үлкен саяси акт болып табылады. Депутаттар оны жақында заң жүзінде қарастырады, - деді ол.
Депутат Олжас Құспеков рақымшылыққа адам өлтірмеген және адам өміріне қаупі жоқ істер жататынын айтады.
- Қазір енді қандай құқықбұзушылықтар бойынша рақымшылық жасалатынын нақты айта алмаймын. Меніңше, Президент айтқандай қоғамға қаупі жоқ істер бойынша рақымшылық жүргізіледі. Ммемлекет мүлкіне зиян келтіргендерге, жемқорларға рақымшылық жасалмайды. Бұл жерде ауыр емес қылмыстар қаралады. Президент айтқандай адам өлтірмеген және адам өміріне қаупі жоқ істердің бәрі қаралуы тиіс”, - деді депутат.
Депутат Абзал Құспан екі санат бойынша рақымшылық жасалуы мүмкін екенін айтты.
- Былтыр ғана рақымшылық туралы заң қабылдадық. Жаңа Конституция қабылданып жатқан соң бұл жолғы рақымшылықтың жөні бөлек болады деп ойлаймын. Алдымен, салық бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған азаматтар ілігеді деп үміттенемін.Бізге депутаттарға екі санат бойынша шағым көп түседі. Салық бойынша кәсіпкерлерге айыппұл көбейіп кеткен. Үш жыл бұрын шағын және орта кәсіпкерлікке мораторий жарияланған болатын, енді қайта тексеру басталғанда кәсіпкерлер оған дайын болмай қалды. Содан көп заң бұзушылық анықталды. Сондықтан осы санаттағы азаматтар шағымы қаралуы мүмкін.
Екіншіден, қазір өте қатаңдатылған масаң күйде көлікке отырған азаматтар назарда. Әзірге рақымшылыққа іліге ме, жоқ па ол жағы белгісіз. Бірақ, осы бағытта арыз-шағым көп түседі. Бәрі арақ ішіп алып отырған деп ойлайды. Бірақ, кейбіреулер ашыған компот, қымыз ішіп те ұсталып жатыр. Бұл жерде Ішкі істер министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы бұйрықтарымен масаңдықтың төменгі шегі алынып тасталған, бұл қате, бұны көптен бері айтып жүрмін. Қылмыстық кодекстің қатаңдатылуы бәрін ұстап қамап, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айыруға жол беріп отыр. Осы бағытта түзетілулер қаралуы мүмкін», - деді депутат.