АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өткен "Оскар-2026" марапатын табыстау рәсімі әлем назарын аударған тұста, Украина президенті Владимир Зеленскийдің де осы бір сыйлыққа ие болғаны туралы хабар тарады, деп хабарлайды kznews.kz.
Көпшілік бұл марапатты ол актерлік мансабында алған деп ойлауы мүмкін. Алайда шын мәнінде Зеленский "Оскарды" 2022 жылы ерекше жағдайда иеленген.
Украинадағы соғыс кезінде әйгілі америкалық актер әрі режиссер Шон Пенн Киевке бірнеше рет барған. 2022 жылдың қарашасында өткен кездесулердің бірінде ол өзіне тиесілі "Оскар" мүсіншесін Владимир Зеленскийге сыйға тартқан.
Бұл әрекет – Украинаға деген қолдаудың символдық белгісі болды. Шон Пенн марапатты табыстай отырып, Зеленскийге ерекше сөздер айтқан:
"Бұл – жай ғана символдық зат. Бірақ ол сізде болса, мен өзімді күшті әрі сенімді сезінемін. Жеңіске жеткен кезде оны қайта алып келерсіз", – деген актер.
Өз кезегінде Владимир Зеленский де америкалық актерге алғыс білдіріп, оған "ІІІ дәрежелі еңбегі үшін" орденін табыстады. Сонымен қатар Киевтегі "Ерлік аллеясында" Шон Пеннің есімі жазылған тақта орнатылды.
Айта кетейік, Шон Пенн Украинаға соғыс басталған алғашқы күні-ақ – 2022 жылдың 24 ақпанында келген. Ол сол кезде деректі фильм түсіру үшін елде болған.
2026 жылы актер Шон Пенн тағы бір "Оскар" алып, өз коллекциясындағы марапаттар санын үшке жеткізді. Ол бұл жолы "Екінші пландағы үздік рөл" номинациясында жеңіске жетті.