Алматылықтардың үрейін алған "қайыршы" жасөспірімдерді полиция ұстады
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

5 трлн 41 млрд теңге: қолма-қол ақшаға сұраныс неге көбейді?

5 трлн 41 млрд теңге: қолма-қол ақшаға сұраныс неге көбейді?
Фото: ЖИ көмегімен жасалған.

Мобильді аударымдар мен банк транзакцияларына бақылау күшейгелі бері адамдардың қолма-қол ақшаға деген сұранысы артқан көрінеді.

Мысалы, Ұлттық банктің жыл басындағы есебі бойынша қазір елдің қолында 5 трлн 41 млрд теңге жүр екен. Және бұл үрдіс кезең сайын белең алып отыр. Қаржы органының дерегінше, адамдардың жеке қаражатын қолма-қол ақшаға айналдыруға жаппай кірісуі былтырдан басталған көрінеді.Яғни, 2025 жылдың соңындағы есеп бойынша жеке тұлғалар мен бизнестің қолындағы банкноттар мен монеттердің массасы шарықтау шегіне жетті деуге болады.

Жеке есеп шоттар мен депозиттен шешілген қаражаттың көлемі былтырғы қаңтарда 4 трлн 735,6 млрд теңгені құрап, жыл бойына осы деңгейді сақтап тұрған. Атап айтқанда, ақпан айындағы қолма-қол ақша айналымы 4 трлн 681,6 млрд теңге болса, наурыз айында 4 трлн 725,1 млрд теңге, сәуірде 4 трлн 874,3 млрд теңге және мамырда 4 трлн 934 млрд теңге шамасында болған. Ал маусым айынан бастап тағы да күрт өсіп, 5 трлн 158,7 млрд теңгеге жетіпті. Шілде айында да көбейіп 5 трлн 259,2 млрд теңге болса, тамызда 5 трлн 286,6 млрд теңге, қыркүйекте 5 трлн 173,4 млрд теңге және қазан айында 5 трлн 179,1 млрд теңге көлемінде болған екен. 2025 жылдың соңғы қаржылық екі айында да осы үрдіс сақталған, қарашадағы қолма-қол қаражат 5 трлн 36,7 млрд теңге болса, желтоқсанда 5 трлн 271,1 млрд теңгеден асқан.

Жалпы, көз қарықтырар көлемдегі қаражаттың қолдан қолға көшіп жүруі тұтынушы мен реттеуші арасындағы текетіресті байқатқандай. Сарапшылар бұл жерде екі фактор болуы мүмкін деген пікірде. Біріншіден, ақша саясатындағы Үкіметтің қатаң ұстанымы. Оған салық органдарының жеке адамдардың есеп-шоттарындағы қаржы айналымын бақылауға қол жеткізуі мен артық түскен әрбір тиынға түсініктеме талап етуі сияқты үрдіс ықпал етуі мүмкін-мыс. Мұнда қаржы сауаттылығына қатысты мәселелер де бар. Және бұл жерде тұтынушылар мен қаржы реттеушілеріне қатысты да сұрақ туындайды. Яғни, жеке адамдар мен шағын және орта бизнес айналымдағы ақшаны салық органдарының қыспағына түспеуі үшін банкке салуға бейіл емес екен.Мұның өзін екі тұрғыда қарастыруға болады: ешкім салық пен банк пайызын төлегісі келмейді немесе саладан түсетін табыс мардымсыз.Екінші жағдай расталса, ол елдегі күнкөріс деңгейінің көрсеткішіне сәйкес, тұтынушылардың сатып алу қабілетін де көрсетеді. Басқаша айтқанда, ұсақ-түйек саудадағы болмашы ақша көлемі жинала келе елдің қолындағы қисапсыз қаржы ауқымын құрауы мүмкін. Бұған дейін 7 трлн теңге шамасында заңсыз транзакцияға қатысты Президентпен пікір таластырып, қызметтен кеткен қаржыгер Берік Шолпанқұловтың сөзін еске түсірейік: ол аталған қаржы бір мезетте болған аударым емес, ұзақ мерзімде жүргізілген транзакция болуы мүмкін деген еді. Яғни, халықтың қалтасындағы бума-бума ақша көлемінің артуына да осы сияқты себептер ықпал етуі кәдік.

Екіншіден, қаржы реттеушілері мен салық органдары заңнамалық өзгерістерді тұтынушылар мен нарықтың талабына қарай емес, әкімшілік механизмнің тетігіне айналдырып отырғанын да жоққа шығаруға болмайды. Яғни, құзырлы органдар қаржы саясатын жүргізуде түсіндіру мен сауаттандырудан гөрі жазалаушының міндетін атқарғанға бейімделіп отыр. Әсіресе, кірістер органына қатысты әділет пен сенім деңгейі ойландырады. Қалай болғанда да мұның салдары ауыр болуы мүмкін. Өйткені, мобильді аударымдарды жаппай тексеру үрдісі енді басталды.

Айтпақшы, қалтадағы ақшаны қара нарықтан банк жүйесіне қайтаруға қатысты ынталандыру шарасы жасалуда.Оны банктердің депозиттер бойынша сыйақыны 20 пайызға дейін көтергенінен көреміз. Нәтиже бар сияқты, былтыр екінші деңгейлі банктердің депозиттеріндегі қаржы 2 триллион теңгеге артқан екен. Бірақ, қаржының мол үлесі әлі де мемлекеттік, квазимемлекеттік және үлкен бизнестің қаражатына тиесілі болып отыр. Демек, жеке адамдарда депозитке салатындай ақша әлі де жоқ болуы мүмкін. Және бұл жерде нағыз парадокс байқалады. Жұрттың цифрлы ақшаға деген сенімі мен қызығушылығы төмен. Есесіне, жеке тұлғалардың банктен шешіп алған қолма-қол қаражаты 4 трлн 39,7 млрд теңгеден 5 трлн 271,1 млрд теңгеге дейін өсіп кетті...

Сондай-ақ, Ұлттық банк 1 000, 2 000, 5 000 және 10 мың теңгелік ескі банкноттарды қолданыстан шығаруға кірісті. Бұл да ақша айырбасы кезіндегі түрлі әдістер мен ынталандыруды арттыруы мүмкін. Нәтижесінде ол қолма-қол ақшаның ағынын тоқтатуға жасалған қадамның біріне айналуы мүмкін. Және бұл тұрақты үрдіске айналуда. Мысалы, жақын күндері Ұлттық банк 20 000 теңгелік банкнотты да ауыстыруға көшеді. Яғни, бұған дейін айналымға кірген үлкен сомада номиналды қағаз ақша құралы биылғы "Сақ стилі" сериясымен шыққан жаңа банкноттармен алмастырылады.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.