Цифрландыру циклі: елдегі шағын және орта бизнес көш басында
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

"BBB": Қазақстан экономикасы және жоғары деңгейдегі сенім

"BBB": Қазақстан экономикасы және жоғары деңгейдегі сенім
Фото: ашық дереккөздерден

Халықаралық S&P Global Ratings агенттігі Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін ұзақ мерзімде "BBB", қысқа мерзімде "A-2" деңгейіне көтерді. Және рейтинг бойынша "Тұрақты" деген болжам нақтыланды. Айтпақшы, бұл агенттіктің Қазақстан рейтингін 2016 жылдан бері алғаш рет "BBB" деңгейіне дейін көтергенін де ескеруіміз керек.

Сарапшылар да әлемдік деңгейдегі бағалаудың әділетті шешім екенін айтып отыр. Мәселен, экономист Ғазиз Әбішевтің пікірінше, бұл шешім Қазақстан экономикасына деген халықаралық сенімнің айтарлықтай күшейгенін көрсетеді.

Сарапшының бағалауынша, Қазақстанға берілген рейтинг Еуразия кеңістігіндегі және ТМД елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Ол Үндістан мен Индонезия деңгейіне жуықтап, Венгрия, Румыния және Сербия сияқты елдердің көрсеткіштерімен салыстыруға келеді.

Екіншіден, бұл қазіргі Үкімет тұсында Қазақстанның халықаралық рейтингінің екінші рет жоғарылауын білдіреді. Бұған дейін Moody’s агенттігі 2024 жылы Қазақстанның рейтингін Baa1 деңгейіне көтеріп, 2025 жылы осы деңгейде растаған.

Ал Ғазиз Әбішевтің айтуынша, S&P шешіміне бірнеше фактор әсер еткен. Соның бірі Үкіметтің күрделі экономикалық шешімдер қабылдауға жүрексінбей барғанында болса керек. Олардың қатарында салық реформасы, мемлекеттік шығындарды оңтайландыру және өңдеуші салаларды дамытуға басымдық беру сияқты нақты әрекеттер бар.

- Қаржылық тәртіп – халықаралық сарапшыларға ұнайтын фактор. Қазақстан шығындарын ұтымды етуге және жинақтарды арттыруға, Ұлттық қор қаражатын орынсыз жұмсаудан қорғауға бағыт алып отыр, – деп бағалайды сарапшы Олжас Әбішев.

Сонымен қатар Қазақстан шетелдік инвесторлармен жұмысты күшейтіп, нақты инвестицияны нақты жобаларға тартуға басымдық беріп келеді. Мұндай саясаттың да елдің инвестициялық тартымдылығына әсері бар.

Экономистің пікірінше, халықаралық сарапшылар Қазақстанның қаржы ағындарын бақылауға алып, капиталдың шамадан тыс сыртқа шығарылуына тосқауыл қою бағытындағы шараларын да бағалауы мүмкін.

Тағы бір маңызды фактор – Қазақстанның халықаралық позициясы екені даусыз. Бұл жерде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған экономикалық прагматизм елдің барлық маңызды серіктестерімен ынтымақтастықтан барынша пайда алуға және сонымен бірге геосаяси тәуекелдерді барынша азайтуға бағытталғанын да айтуымыз керек.

Жалпы, Қазақстанның негізгі халықаралық рейтинг агенттіктерінен тұрақты және жоғары бағалар алуы ел экономикасының сыртқы күйзелістерге төтеп беру мүмкіндігін арттырады. Жоғары кредиттік рейтинг мемлекетке халықаралық нарықтардан қаржы тартуды жеңілдетіп, қарыз алу құнын төмендетуге де ықпал етуі мүмкін.

Айта кетейік, бұған дейін S&P 2026 жылғы ақпанда Қазақстанның рейтингін "BBB -" деңгейінде сақтап, болжамын "оң" деп бағалаған еді. Агенттік сол кезде бюджет тапшылығын біртіндеп қысқарту, Ұлттық қордағы активтерді жинақтау және фискалдық тәртіпті күшейту факторларына назар аударған.

Енді рейтингтің "BBB" деңгейіне көтерілуі Қазақстанның халықаралық инвесторлар алдындағы кредиттік сенімділігінің жаңа деңгейге шыққанын білдіреді.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.