Ұлттың өзін-өзі тануы мен ұлттық намыстың оянған күні
Шәріпбек ӘМІРБЕКОВ,
саяси ғылымдар докторы, профессор:
– Қазақ елі Тәуелсіздігін алған күн сіздің есіңізде қалай сақталып қалды?
– 1991 жыл күрделі саяси оқиғалармен есте қалғаны белгілі. Тамыз айындағы мемлекеттік төңкерістен кейін КСРО шеңберінде саяси шешім қабылдайтын екі орталық пайда болды. КСРО президенті М.Горбачев пен Ресей президенті
Б.Ельциннің саяси текетіресі 8 желтоқсандағы Беловеж келісімінің қол қойылуына алып келгені белгілі. Сол күні Кеңес Одағын құрушы Ресей, Украина және Белоруссия 1922 жылғы келісімнің күшін жойып, ТМД құрылғанын жариялады. Аз ғана уақыттың ішінде кешегі дүниені уысында ұстаған «қызыл империя» құлайды деп ешкім ойлаған жоқ болатын. КСРО өмір сүруін тоқтатқаннан кейін алып империяның тұрғындары «демін ішіне алып отырған» кезеңде Қазақстан өз тәуелсіздігі туралы декларациясын жариялағаны белгілі. «Тәуелсіздік парады» деп аталған одақтас және автономиялық республикалардың тәуелсіздік туралы декларация қабылдау үдерісі 1990 жылы басталғандықтан көпшілігіміз Қазақстанның тәуелсіздік жариялағанын осы процестің жалғасы деп қабылдадық. Одақтас республикалардың арасынан Ресей мен Литва 1990 жылы, Грузия 1991 жылы сәуір айында тәуелсіздік жариялап, осы тәуелсіздікті ең соңынан жариялаған Қазақ КСР болды. Бұл Қазақстандағы ішкі саяси жағдайға да байланысты. Казактар қозғалысы, солтүстік территориялар мәселесі ушығып тұрған кезең еді. Сондықтан да Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы одақтас республикалардың ішінен ең соңғы болып тәуелсіздігін жариялады. Жасыратыны жоқ, коммунистік жүйе Қазақстанды көпұлтты республикаға айналдыра отырып, орыстандыруды тым тереңдетіп жіберген болатын. Жергілікті ұлт үлесі республика көлемінде біртіндеп төмендеп, қала тұрғындары арасында тым азайып кеткен еді. 1986 жылғы желтоқсан толқуы сол тамырланып жайылып бара жатқан орыстандыруға қарсы наразылық болды.
Сонымен бірге, Кремль де ұлттық республикалардағы саяси белсенділікті мүмкіндігінше күшпен басуға ұмтылып отырды. М.Горбачев 1990 жылы Баку мен 1991 жылы Вильнюстегі бұқаралық наразылықты әскери күшпен басты. Сонымен бірге, аймақтарда ұлтаралық жанжалдар күшейе бастады. 1990 жылы Оштағы ұлтаралық жанжал да тәуелсіздік туралы саяси шешімнің жылдам қабылдануына өз әсерін тигізгені белгілі. Осы кезең ұлттың өзін-өзі тануы мен ұлттық намыстың оянған кезеңі екенін ескерсек, онда Қазақ ұлтының тәуелсіздік алуы қазақтар үшін, әсіресе шет елдерде тұрып жатқан қазақтар үшін ерекше оқиға болды.
– Бүгінгі күн – ертеңгі тарих. Егемен елдің жаңа тарихы, жылнамасының жазылуы қалай?
– Тәуелсіздік тарихын зерттеу жан-жақты жүргізіліп жатыр деуге негіз бар. Оған бірнеше мемлекеттік бағдарламалар серпін берді. 2004 жылы басталған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы, 2013 жылғы «Халық тарих толқынында» зерттеу бағдарламасы шеңберінде кешенді жұмыстар жүргізілді. Сонымен бірге, тәуелсіз Қазақстанның тарихын зерттеуге арналған Мемлекет тарихы институтының 2008 жылы құрылуы да зерттеулерді бір жүйеге келтірді деуге болады.
Ал енді Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жалпы тәуелсіз Қазақстандағы модернизациялау процесінің философиясын тұжырымдап берді. Жақында жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын тарихшылардың және гуманитарлық саланы зерттеушілердің зерттеу жоспарының негізгі бағыттары деп атауға болады. Әрине, зерттеулердің барлығының деңгейі жоғары деу қиын шығар. Себебі, бізде зерттеу методологиясын жетілдіру мәселесі толық шешіле қойған жоқ.
– Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жариялағаннан бергі уақытта осы бағытта қандай іс тындырып, не атқара алдық? Не ескерілмей қалды?
– Бұл мақала жоғарыда айтқанымдай, қазақ қоғамын модернизациялаудың философиясын тұжырымдады. Мақалада Н.Назарбаев «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады» деп атап көрсеткен болатын. Негізі Президент Жолдауларында бәсекелес әлемдегі барлық өзекті тақырыптар күн тәртібіне қойылып, оның шешу жолдары көрсетіліп келеді. Міне, осы өзекті мәселелердің арасынан Қазақстан жағдайында сананы өзгерту мәселесін күн тәртібіне қоя отырып, оның кешенді зерттелуіне ерекше мән берілді. Осындай мәселенің қойылуына үш нәрсе әсер етті деп ойлаймын.
Бірінші, адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған ақпараттық төңкеріс жүзеге асуда. Екінші, қоғамды ақпараттандырудың жоғары деңгейге жетуі. Үшінші, осындай өзгерістер жоғары білімнің болуына қарамастан, азаматтың не қызметкердің кәсіби немесе әлеуметтік функциясын атқара алмауына алып келуде. Бұл құбылысты «функционалдық сауатсыздық» деп атайды. Сонымен бірге, «функционалдық сауатсыздық» күшеюіне байланысты бірте-бірте дүниеде екі полюстің, жаңа технологияларды игере алатын және игере алмайтын елдердің тобы қалыптасады деген болжамдар айтылуда. Мысалы, АҚШ-тың беделді «РЭНД Корпорейшн» зерттеу орталығы жасаған дүниедегі елдердің даму тенденциясын анықтауға арналған картада осындай бөлініс негізге алынған.
30 дамыған мемлекеттің қатарына енуді мақсат еткен Қазақстанның үшінші модернизациясы қазақстандық қоғамның жаңа менталдық моделін жасаумен қатар жүргізілуі тиіс. Модернизацияның негізгі мақсаты дамыған елдерде пайда болған үлгілерді қабылдау екендігі белгілі. Ағылшын ғалымы З.Бауманның пікірінше «дамыған қоғамдар жағдайында қалыптасқан жаңа ұғымдар мен когнитивті фреймдер дамушы қоғамдағы жаппай еліктеушілікті тудырды. Алайда бұл жаңалықтар «интеллектуалдық ассимиляцияны» талап етті. «Интеллектуалдық ассимиляция» жоғары интеллектуалдық деңгейді талап етеді. Еліктеушілік пен көшіру өтпелі қоғамға тән құбылыс. Сондықтан талдамай,бейімдемей, түсінбей көшіру, көп жағдайда, сәтсіздікке алып келеді. Сонымен бірге, модернизацияның кері жақтары да бар. Мақалада Елбасы осы факторға да ерекше көңіл бөлген. «ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры неде? Меніңше, басты кемшілігі – олардың өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында. Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады» деп атап өткен еді.
Қазір ғылыми әдебиетте «рухани код» мәселесі кеңінен зерттелуде. Мәдени және рухани код мәселесіне молекулярлық биологиямен, генетикамен, семиотикамен айналысатын ғалымдар көп көңіл бөліп отыр. Мысалы, генетик Р.О.Солганик музыкалық, генетикалық және тілдік кодтың бірлігі туралы идея ұсынды. Соған қарағанда белгілі бір ұлт өкілдерінің организмінде ғасырлар бойы қалыптасқан ақпарат оны қоршаған ортамен байланысқа түсіре отырып, оның тіліне әсер етеді. Осы тұрғыдан келетін болсақ, онда қазаққа ғана тән «рухани кодтың мазмұны қандай?» деген сұрақ туады. Бұл – күрделі мәселе. Сондықтан «рухани кодтың» мазмұны жалпы қазақ ұлтының тәжірибесінің жиынтығы және оның құрамдас бөлігі болып есептелетін әрбір ұғым-концепттің мазмұны мен құрылымынан құралады деп есептеуге болады. Тілді зерттеуші белгілі ғалымдардың бірі Гай Дойчер осыған байланысты мынадай мысал келтіреді. Ол «мәдениет» ұғымын түсіну өз мәдениетіңізге байланысты дейді, яғни өз тіліңізде тұжырымдалған әрбір ұғымға байланысты анықтамалардың жиынтығы сол ұлттың мәдениетін көрсетеді және оның іс-әрекетіне бағыт береді деп есептейді.
Г.Дойчер ағылшындар мәдениетті «жақсарту, культивациялаудың нәтижесі» деп түсінсе, немістер – «интеллектуалдық және көркем өнер саласындағы жетістіктер», ал француздар «адамның білімін, ақыл-ойын дамытуға арналған құралдар жиынтығы» деген анықтамасын талдай отырып, әрбір ұлттың ғылым мен техникадағы, өнердегі жетістіктерін осы түсініктердің нәтижесі деп есептейді.
Екінші үлкен мәселе, жаңғырудың озық дәстүрлерге негізделуі. Мақалада «жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деп тұжырым жасалған.
Осыған орай, қазіргі кезеңдегі басты мәселе озық дәстүрлеріміздің жүйесі жасалып, олар кеңінен насихатталуы қажет. Мысалы, үнемшілдік, қайырымдылық, үлкенге құрмет, отбасылық жауапкершілік және тағы басқалар. Нарықтық қатынастар мен жаңа құндылықтар адамдар қарым-қатынасында қаталдықты қалыптастыра бастады. Бір отбасы мүшелері бір-біріне жаны ашымайтын құбылыстар көрініс бере бастады. Сондықтан құндылықтар жүйесі қайта қаралып, таразыланған құндылықтар қағидаға айналуы қажет.
Зерттеушілердің көпшілігі жапон қоғамындағы жаңғырудың нәтижелі болуына оларға тән үнемшілдік пен әр адамның өз жеке тәртібін бақылаудың жоғары деңгейде болуы ерекше әсер етті деп есептейді. Ал енді «жапон менеджменті» деген атаумен экономикалық ілімге енген ұғымның астарында еңбек барысында дәстүрге негізделген сапаға ұжымдық бақылау жатыр.
Үшінші мәселе, тілдің ойлау жүйесіне әсері. Тәуелсіздік жылдары қазақ тілінің ресми тілге айналу мәселесі күн тәртібіне қойылды және ол мәселе әлі күнге өзекті болып отыр. Алайда ескерілмей келе жатқан мәселе: қаншалықты тіл ойлау жүйесіне, ал ойлау жүйесі іс-әрекетке негіз бола алады? Ғылыми жоба бойынша жүргізілген зерттеуде қазақ жастарында фрагментарлы немесе клиптік ойлау жүйесі күшейіп келе жатқанын байқадық. Фрагментарлы ойлау, яғни бөлшектелген ой, технологиялық секіріске, экономикалық дамуға, ұлттық сананың қалыптасуына кедергі жасайтын фактор. Сондықтан бұл мәселе тілшілердің ғана мәселесі емес, бұл жалпы гуманитарлық ғылымдардың бірлесіп шешетін мәселесі.
Ал енді не атқара алдық, не ескерілмей қалды дегенге токталайық. Атқарылған шаруа жеткілікті. Жоспарлар жасалды, есеп берілуде. Жақсы бастамалар жеткілікті. Алайда оның көпшілігінде формализм басым. Сондықтан сананы өзгертуге арналған нақты қадам жүйесін қалыптастыру қажет. Білім саласында шетелдік тәжірибені көшіруге машықтанып алдық. Алайда мазмұнды көшіре алмадық. Себебі, санадағы жаңғырусыз оны қабылдау қиындау. Телеарналар бұрынғы қалпында, жалпы өзекті мәселе БАҚ тарапынан көтеріліп, талданып, шешімі ұсынылып жатқаны шамалы. Өнер саласында да осындай жағдай. Жалпы қазіргі қазақ қоғамында жақсы идеялар көп, алайда оны жүзеге асырудың нақты жолдары терең талданып, мазмұны ашылып, ұсынылмай отыр. Қаржыландыру да сондай.
– Өткенсіз бүгін жоқ. Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының заңды жалғасы. Ендеше таяуда ғана жарияланған осы мақалаға тоқталсақ.
– Жалпы соңғы жылдарда жаңа қазақстандық идеологияның жаңа концепциясын қалыптастыруға ұмтылып жатқанымыз байқалады. «Мәңгілік ел», «Ұлы дала» идеялары да осыған мысал бола алады. «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы сол «Ұлы дала» концептінің мазмұнын ашуға арналған. Ең басты түйін – Дала өркениетінің әлемдік мәдениетке қосқан үлесін анықтау және соның негізінде қазақ қоғамының бірегейлігін қалыптастыру және патриотизмді күшейту. Сонымен бірге, мақалада мәдени кодтың мазмұны ашылып отыр. Атқа міну, көне металлургия, ежелгі өнер мен музыка – бұл далалық мәдени кодтың құрамдас бөліктері. Себебі, мәдени кодты Р.Барт «ұжымның мәдени тәжірибесінің, мәдени мотивтерінің жиынтығы» деп есептейді.
Мақалада осы тарихи жетістіктердің заман талабына сай сұранысқа ие болуы туралы нақты тапсырма берілді және «тез арада Қазақстанның өркениет тарихының үздіксіз дамуын көрсететін деректі-қойылымдық фильмдердің, телевизиялық сериалдар мен толықметражды көркем картиналардың арнайы циклін өндіріске енгізу керек» деген тұжырым жасалды. Мақалада тарихтың кино мен телевидениедегі көрінісін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінген.
– Мемлекет басшысы «Рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламасының жаңа компоненттері ата-бабаларымыздың көп ғасырлық мұрасының цифрлық өркениет жағдайында түсінікті әрі сұранысқа ие болуын қамтамасыз ете отырып, оны жаңғыртуға мүмкіндік береді» деген болатын. Тарихи мол мұрамыз цифрлық өркениеттен қаншалықты орын алып отыр?
– Қазір шет елге шығу әдеттегі жағдайға айналды. Бірақ қай елге барсаңыз да өз тарихын ашып көрсететін тарихи ескерткіштерін алға тартады. Сондықтан да Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» деп аталатын мақаласында тарихи мұраның түсінікті және сұранысқа ие болуын қамтамасыз ету туралы тапсырма берілген болатын. Министрліктер мен аймақтар бұл тапсырманы орындауға кірісіп кетті деп айтуға болады. Жақында Алматы қаласының әкімі Б.Байбек Біріккен Ұлттар Ұйымының оңтүстік астанадағы өкілдігінің ашылуына орай жасаған кездесуінде тарихы мол мұраны цифрландыру арқылы туризмді дамытуға байланысты қала жоспарымен таныстырды. Бұл жоспарда Сақ қорғандары, Этноленд кешені мен Сақ музейі Алматыны әлемдік туристік орталықтарға ғана айналдырып қоймай, көне жәдігерлерді ұлттық мақтанышымызға көтеруге болатынын көрсетті. Менің ойымша, бұл жоспар тарихы мол мұрамыздың цифрлық өркениеттен өз орнын таба алатынын көрсетеді. Осындай жобалар Қазақстанның бірталай тарихи орындарында, яғни Тараз, Түркістан қалаларында қолға алынып жатқаны белгілі. Сонымен бірге, Мәдениет және спорт министрлігі де кешенді шараларды жоспарлап отыр. Жалпы шетелдіктерді бүгінгі таңда әрбір ұлттың ерекшелігі қызықтырады. Біртектес қала мәдениетінен шаршаған адамдар іздегенін дала мәдениетінен тапқысы келеді.
– Тәуелсіздіктің тұғыры биік болуы үшін ел егемендігін алғалы көптеген іс тындырылды. Жетістіктеріміз де аз емес. Тарихқа айналған 27 жылдағы басты жетістіктерімізге тоқталсақ. Немен мақтана аламыз? Алдағы уақытта неге мән беру керек?
– Тәуелсіздік ұғымының мазмұны мен құрылымы күрделі. Бірінші, тәуелсіз шешім қабылдау негізінде басқарылатын территория. Н.Назарбаевтың шебер саясатының нәтижесінде бүгінде Қазақстан шекарасы анық белгіленіп, әлемдік саяси кеңістікте танылған, даулы жерлері жоқ мемлекет. Яғни осы нақты белгіленген территориядағы жоғары билік өз қолымызда.
Екінші, жоғары билікті жүзеге асырушы билік тармақтарының дербес, шет елдерге тәуелсіз қызметі, яғни заң шығарушы, атқарушы және сот билігінің дербестігі. Үшінші, тұрақты әскер. Төртінші, өзінің валютасы бар дербес экономикалық жүйе. Көріп отырғанымыздай, тәуелсіз мемлекеттің барлық белгілеріне қол жеткіздік. Ал енді алдағы уақыттағы басты міндет, менің ойымша, білім жүйесінің сапасын көтеріп, жоғары білікті мамандар санын арттыру. Екі алып державаның ортасында орналасқан Қазақстан Сингапур, Оңтүстік Корея сияқты тек экономикалық жетістіктерімен ғана әлемдік қауымдастықтың толыққанды, беделді мүшесі бола алады. Бедел мен танымалдықтың астарында үлкен сыр бар. Ол – ұлттың қауіпсіздігі.
Ғаламдастыру қазір екі бағытта жүзеге асуда. Біріншісі, экономикалық шаралар арқылы ассимиляциялау. Қазіргі әлемде экономикалық экспансияның нәтижесінде көптеген мемлекеттер трансұлттық корпорациялар мен кредит берген елдердің ықпалынан шыға алмай отыр. Ал, екіншісі тіл арқылы. Ағылшын тілін жақсы меңгеру – көптеген елдердің азаматтарын «әлем азаматына» айналдыра бастады. Ғылыми және қаржы элитасының шет елдерге кетуі де мемлекеттің әлеуетіне әсер ететіні белгілі. Заман ағымы асау өзен секілді, байқамасаң батырады, жолды білмесең шатқалға соғады.
– Қазіргі таңда Қазақстан үлкен саяси мәселелерді талқылау алаңына айналып отыр. Бұған соңғы жылдары Астанада өткен жиындар дәлел. Осы ретте Қазақстанның әлем алдындағы беделіне, орнына тоқтала кетсек.
– Әлемге танымал болудың мақсаты – халықаралық жүйеде өз орнын табу ғана емес, сонымен бірге, өз мүддесін қорғай білу. Қазақстанның бастамасымен жүйелі түрде өткізіліп келе жатқан Әлемдік діндер съезі, Сириядағы азамат соғысын тоқтатуға байланысты Астана келіссөздері – бұл шаралардың барлығы тәуелсіздіктің жемісі. Сонымен бірге, бұл шаралар жас мемлекетті әлемдік жұртшылыққа таныстыруға да мүмкіндік беріп отыр. Қазақстанның бітімгерлік саясаты біртіндеп онымен санасатын деңгейге жетіп қалды. Ресей мен Түркия арасындағы жанжалға бітімгерлік жасаған Астана ұтпаса, ұтылған жоқ.
Бүгінгі таңда Қазақстан әлемге танымал, халықаралық аренада белсенді БҰҰ мүшесі.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ
Дереккөз: Айқын