Алымсақтық — бұл тек түнгі көшелерде орын алатын жағдай емес. Ол күндізгі уақытта, қоғамдық көлікте, тіпті адамдар көп жерде де болуы мүмкін. 2025 жылдың 13 сәуірінде №076ХА (Қызылорда–Петропавл) пойызында орын алған оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды деп хабарлайды KZNEWS.KZ тілшісі.
Жаңа адамдар қозғалысының белсендісі сапар барысында жолсеріктің тарапынан алымсақтыққа ұшырады. Ер адам оның артынан вагоннан вагонға дейін жүріп, қыздың аяғынан ұстап, қолынан тартып, тіпті:
«Сені түнде ұйықтатпаймын!»
деген сөздер айтқан.
Кейін белгілі болғандай, жолсерік — 1992 жылы туған Жанибек Абдикаликов. Оқиға әлеуметтік желіде жарияланғаннан кейін, ол байланысқа шыққанымен, кешірім сұраудың орнына қыздың «бәрін дұрыс түсінбегенін» айтып, өз әрекетін ақтауға тырысты. Қоғамның үнсіздігі — қылмыскерлердің еркіндігі. Бұл оқиғада ең үрейлісі — жанында оннан аса адамның болғаны. Қыз көмек сұрағанда ешкім қол ұшын созбады. Терезеге немесе телефонға қарау — жауапкершіліктен жалтарудың ең оңай жолы. Бірақ дәл осындай бейжайлық — қылмыскердің әрекетін қалыпты жағдайға айналдырады. Бүгінгі күні қыздар тіпті қоғамдық орында да өзін қауіпсіз сезіне алмай отыр.
Бұл — бәріміз үшін дабыл.
Жаңа адамдар қозғалысы барлық азаматтарды алымсақтық пен зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қарсы тұруға шақырады.
Егер сіз немесе танысыңыз осындай жағдайға тап болса:
— Полицияға дереу хабарлаңыз.
— Оқиғаны жасырмаңыз.
— Кінәлілер жауапқа тартылуы тиіс.
Қоғамда қорғансыз қалған әрбір жан үшін бірге әрекет етейік.
Алымсақтарға қоғамда орын жоқ!