Назарбаевтың екі туған күні бар, ал Тоқаевта…
Бүгін – Қазақстан президенті Қ.Тоқаевтың туған күні. Қасым-Жомарт Кемелұлы 1953 жылы 17 мамырда Алматы қаласында дүниеге келген.
Қазақстанның екінші президенті биыл 69 жаста. Тоқаев келесі жылы мерейтойлық 70 жасқа толады. Президенттің 70 жылдығы республика көлемінде аталып өте ме?
2020 жылы Тоқаев ТАСС агенттігіне сұхбат беріп, туған күнін неге тойламайтынын айтты.
«Біз әкеміздің туған күнін де атап өтпейтінбіз. Солай қалыптасқан. Бірақ Жеңіс күнін тойлайтын едік. Достары және соғыста бірге болған жолдастары келетін», – деді Тоқаев.
Президенттің бұрынғы баспасөз хатшысы былай деп жазды: «Аталған датаға орай ешқандай шара өтпейді. Тіпті, Президент Әкімшілігінің қызметкерлеріне туған күнімен құттықтамау, естелік сыйлықтар тарту етпеу туралы ескерту жасалды. Президент бұл күнді тойлағанды ұнатпайды. Өйткені ол кісінің отбасында балалардың да, ересектердің де туған күні тойланбайды екен. Осындай дәстүр қалыптаспаған».
Яғни Тоқаев туған күнін бұрын да атап өтпеген, қазір де тойламайды. Биыл Тоқаев туған күнінде үкімет жиынын өткізіп, Ресеймен арадағы сауда-экономикалық мәселені талқылады.
Ал экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні қалай өтетін еді?
Н.Назарбаев 1940 жылы 6 шілдеде Алматы облысының Қаскелең ауданында туған. Бірнеше жыл қатарынан 6 шілде мерекелік күн ретінде аталып өтіп келеді.
2008 жылы Астана күні 10 мамырдан 6 шілдеге ауысты. 2009 жылы «Мерекелер туралы» заңға өзгеріс енгізілді. Содан бері 6 шілде Н.Назарбаевтың туған күні әрі Астана күні – мемлекеттік мейрам.
Назарбаевтың өзі екі туған күнім бар деп есептейді.
«Мен үшін екі туған күн бар. Біреуі – өзімнің туған күнім, яғни 6 шілде. Екіншісі – 1 желтоқсан. Бұл күні бүкіл халық болып, тұңғыш рет қазақ елі президентті сайлаған кез. Сол сынға түсіп, тұңғыш рет сол жерде жеңіске ие болып, 90 пайыздан артық халықтың даусын жинадым», – деді ол 2017 жылы.
2019 жылы Назарбаев президенттік өкілеттігін өткізіп берді. 2022 жылы қаңтардағы бүліктен соң билігінен толықтай айырылды.
Биыл 6 шілде қалай тойланатыны әзірге белгісіз…
NEGE.KZ