Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев әлеуметтік желідегі парақшасында көпшілікті қуантқан жағымды жаңалықты бөлісті. Оның айтуынша, паралимпиада чемпионы Ербол Хамитовқа Астанадан екі бөлмелі пәтер сыйға берілмек, деп хабарлайды kznews.kz.
Депутаттың жазуынша, бұл игі бастаманы GBG.kz құрылыс компаниясының басшылығы қолға алған. Компания өкілдері спортшыға елордадан пәтер табыстауды жоспарлап отыр.
"Сүйінші! Паралимпиада чемпионы Ербол Хамитовқа GBG.kz құрылыс компаниясының басшылығы Астанадан 2 бөлмелі пәтер сыйға бермек", – деп жазды Дәулет Мұқаев.
Сондай-ақ депутат бір жыл бұрын Ербол Хамитовтың тағдыры туралы әлеуметтік желіде арнайы жазба жариялағанын еске алды. Оның айтуынша, спортшының өмір жолы көптеген адамға мотивация бола алады.
"Естеріңізде болса, Ерболдың тағдыры жайлы дәл бір жыл бұрын жазған едім. Қысқасы, шектеу тек біздің мида ғана", – деді ол.
Сонымен қатар Дәулет Мұқаев паралимпиада чемпионының елге қашан оралатынын да айтты. Оның сөзінше, Ербол Хамитов 16 наурыздан 17 наурызға қараған түні Қазақстанға келеді.