ІІМ мен ҮЕҰ қоғамдық тыңдау өткізді
Астана, BAQ.KZ. ІІМ-де Қоғамдық кеңес өткізген қоғамдық тыңдауда ҮЕҰ мен ішкі істер органдарының адам құқығын қорғау бойынша өзара іс-қимыл нысандары талқыланды. Сонымен бірге тәжірибелер зерделеніп, проблемалық мәселелер және оларды шешу жолдары қарастырылды.
Тыңдауға Кеңес мүшелері, азаматтық қоғам өкілдері қатысты, сондай-ақ бейнебайланыс режимінде өңірлік полиция департаменттері, төтенше жағдайлар, қылмыстық-атқару жүйесі жанындағы консультативтік-кеңес органдарының мүшелері және осы бөліністердің басшылары қатысты.
Қоғамдық кеңес төрағасы профессор Марат Қоғамов мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғаудағы өзара іс-қимылы құқықтық мемлекетті дамытудың маңызды шарты болып табылатынын атап өтті.
«Кеңес жұмысы басталғалы бері қоғам мен мемлекеттік өзекті мәселелері бойынша 8 қоғамдық тыңдау өткізіліп, оған ҮЕҰ, халықаралық ұйымдар, мемлекеттік органдар, ғалымдар қатысты. Олардың қорытындылары бойынша бірқатар ұсынымдар мен ұсыныстар жіберілді. Сонымен бірге Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі жол картасында кеңес органдары мен қоғамдық ұйымдардың ұсыныстары ескерілгені қуантады» деді Марат Қоғамов.
ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Байболов өз сөзінде ІІМ бүгінде 200-ден астам ҮЕҰ-мен, оның ішінде дағдарыс орталықтарымен, баспаналармен және оңалту орталықтарымен өзара тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп отырғанын атап өтті.
«Олардың қатысуымен құқық бұзушылықтардың алдын алу, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек, адам саудасы, есірткіге тәуелділерге қарсы күрес, күдіктілердің, кінәлілердің және сотталғандардың құқықтарын қамтамасыз ету, сондай-ақ қорғаныс мәселелері қаралып, шешімін табуда», — деді ол.
Тыңдау барысында БҰҰ Көп елдер кеңесі Басшылығының «Қазақстан әйелдері» халықаралық ұйымының өкілі Илейн Конкиевич және Қазақстандағы БҰҰ Балалар Қорының (ЮНИСЕФ) өкілі Юрий Оксамитный гендерлік теңдік, әйелдер мен кәмелетке толмағандар құқығын қорғау мәселелерінде Қазақстанның әлемдік стандарттарға деген ұмтылысын, сондай-ақ осы мәселелерде ішкі істер органдарымен өзара іс-қимылды атап өтті.
Астана қаласының маслихат депутаты «Қазақ қызы» қыздарды мәдениетке, адамгершілікке тәрбиелеу институты» ҚБ президенті Әбден Қарақат қоғамдық бірлестіктің қызметі туралы айтып, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды нығайту жөнінде ұсыныстарын білдірді.
Астана қаласы әкімдігінің «Үміт» тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары үшін дағдарыс орталығының өкілі Самал Ахметова мен «Мама про» әлеуметтік аз қамтылған әйелдерді қолдау және дамыту қоғамдық қорының өкілі Әсия Тикеева отбасындағы зорлық-зомбылық құрбандарына және мүмкіндігі шектеулі балалары бар әйелдерге, сондай-ақ аз қамтылған отбасыларына қолдау көрсету бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды.
Талқылау және пікір алмасу кезінде Қоғамдық кеңес осы ҮЕҰ-дың жұмысына және зорлық-зомбылық құрбандары мен кәмелетке толмағандарды қолдау, қорғау бойынша ішкі істер органдарымен өзара іс-қимылына жоғары баға берді.
Кеңес төрағасы көмек көрсету барысында анықталған проблемалық мәселелерді жергілікті атқарушы билік органдарына жеткізуді, бұл ретте ІІМ Қоғамдық кеңестің мүмкіндігін пайдалануды ұсынды.
Профессор Қоғамов ағымдағы қоғамдық тыңдауда зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерді, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды қылмыстан қорғау және қолдау көрсету және олардың арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу секілді маңызды бағыттар іріктелгенін атап өтті. Билік органдарының және қоғамдық институттардың көмегінсіз халықтың осы санатына қатысты құқыққа қарсы әрекеттер қылмыстың өсуіне себеп болуы мүмкін. Ұлы дала халқы қашанда балалар мен әйелдерге көмек көрсеткен және бұл әрқашан қағидалы мәселелердің бірі болып қала береді.
Тыңдау қорытындысы бойынша Қоғамдық кеңес ішкі істер органдары мен ҮЕҰ-дың адам құқығын қорғау бағытындағы өзара іс-қимылын жақсарту жөнінде ұсынымдар жасады.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ