Алматы облысында көпбалалы ананың жәрдемақысын 8 жыл бойы кәсіпкер алып келген
Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Қазақстан ауылында кәсіпкер әйелдің әрекетінен жергілікті жұрт әбден зәрезап болған. Бүтін бір ауылдың халқын уысында ұстап отырған әйел 7 баласы бар ананың жәрдемақысын 8 жыл бойы өзі алып келіпті. Осы уақытта алтын құрсақты анаға 4,5 млн теңге залал келген, деп хабарлайды кznews.kz сайты Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
Тұрғындардың сөзінше, Зәмзәгүл Мамырбаева аудандық мәслихаттың депутатына арқа сүйеп, түрлі жымысқы әрекеттерге барады екен. Ауданның белсендісі атанған ол ауыл тұрғындарынан сан түрлі сылтаумен ақша жинайтын көрінеді. Айтқанына көнбеген тұрғындардың тізімін алып, көптің алдында қорлап, шара қолданатынын ашық айтып келген. Тіпті, мектеп пен ауруханадағы мамандарға да тіл тигізіп, балағаттап келген.
«Зәмзәгүл Мамырбаева балаларыңа жәрдемақының құжатын жасап берем деп, менен сенімхат алған. Мен оған сендім. Бірде маған почтаның қызметкері келіп, отбасымыздың атынан басқа адамның жәрдемақы алып жүргенін айтты. Мен оны білмедім. Ащыбұлақ ауылындағы почтадан ай сайын көпбалалы үшін берілетін ақшаны алып отырған. Жәрдемақы мен коммуналдық көмек үшін бөлінген ақшаны Қазақстан ауылындағы почта арқылы алып келген. Оған сені сотқа берем деп едім, мені қорқытуға көшті. «Үйіңді өртеп жіберем», «Балаларыңның амандығын ойла», «Өлтірем» деп неше түрлі қорқытуларға көшті. Боқтықтың түр-түрін айтты. Мен ақыры оны сотқа бердім. Ол бұған дейін де сотталып, шартты түрде жазаға кесілген. Одан Шелек ауылдық округінің полициясы да қорқады. Сосын амалсыз адвокат жалдадым», — дейді көпбалалы ана Светлана Берденникова.
Светлана Александровна өзінің жазған арыздары әу баста қаралмағанын, кәсіпкер әйелдің соттағы істерді де жапқызып тастайтын айтады. Сөзінше, ол мектеп асханасын жалға алып, ауылдың қоқысын шығарып, базарда мал сатумен де айналысады. Одан бөлек, қайырымдылық шараларына бөлінген азық-түлікті жағдайы нашар отбасыларына бергенмен, кейін олардың жәрдемақы, зейнетақыларынан ақша ұстап, әлгі тегін дүниелерді сатып келген көрінеді.
«Бірінші рет соттағы істі жапқызып тастады. 2011 жылдан бастап менің атымнан банк карточкасын жасатып, сол арқылы 4,5 млн теңге алыпты. 8 жыл балаларымның ақшасын алып келген. Ол мектеп асханасын жалға алған. Менен азық-түлік алып тұр дейтін. Ол ауданнан, өзге де қайырымды істермен айналысатын адамдардың берген заттарын жинап, бізге тарататын. Мен қайырымдылыққа деп берген ұнын, көмірін алып тұратынмын. Сөйтсем ол әкімдіктің қайырымдылық шараларын бизнеске айналдырыпты. Балаларымның ақшасын тегін алды деп айтпас үшін Зәмзәгүлдің жасаған қулығы екен. Мамырбаеваның маған, балаларыма жасаған қулығы, қастандығы сот арқылы анықталды. Менің атымнан алған 4,5 млн теңгенің 1,5 миллионын «қарызсың» деп ұстап қалды. Қайырымдылыққа деп берілген заттарды шындығында сатып алған болып шықтым. Сот одан менің пайдама 2,5 миллион теңгені төлеп берсін деген шешім шығарып берді. Оны әлі төлеген жоқ. Менен алдап алып кеткен құжаттарды да қайтарған жоқ, сотқа «жоғалып кетті» деп айтты. Басынан бастап құжаттарды қайта жасатып, қазір жәрдемақыны өзім алып отырмын. Нотариусқа өзі сөйлесіп, келісіп қояды да, бізге тек қол қойдыртатын. Ауылдың оқымаған, қарапайым әйелдері, тұрғындары оған сеніп келдік. Ол бізге құжат жасатып беру туралы сенімхат емес, біздің атымыздан ақша алып отыру туралы сенімхатты да жасатып алған екен. Оның пысықтығына күйеуім де сеніп, елге көмектесіп жүрген адам деп ойлайтын. Ақыры оның көмегі осындай болып шықты. Ол менімен соттасқанға дейін де істі болып, шартты жазада жүрген еді. Көп адамдар бар одан зардап шеккен», — деді Светлана Александрқызы.
Жерлестерінің сөзінше, Зәмзәгүл Мамырбаева тұрмысы төмен тұрғындарға жоғары пайызбен қарызға ақша таратып, кепілге баспаналарының құжатын алып отырған көрінеді. Алайда, онсыз да жұмыссыз, ақшасы жоқ тұрғындардың уақытылы қарызды қайтара алмайтынын алдын ала білген кәсіпкер олардың баспаналарын алып қоюмен айналысқан-мыс. Шағымданушылардың сөзінше, баспана мен жәрдемақыдан бірдей айырылғандар арасында суицид жасағандары да болған. Бүкіл ауылды уысында ұстаған кәсіпкердің қолдаушысы аудандық мәслихаттың төрағасы дейді одан зәбір көрген жандар.
«Аудандық мәслихаттың қазіргі төрағасы, Еңбекішқазақ ауданында бұрын әкім орынбары болған. Екеуінің ым-жымы бір. Ол Зәмзәгүлдің сыныптасы, ауылдасы, қорғаны. Ол әйелдің 20 үйі бар, көбін елден тартып алған. Жерді сатып бітті. Бүкіл окургті басынып болды. Зәмзәгүлдің жоғары білім жоқ, бірақ ауданды, ауылды сол билейді. Ақша жинау, қорқыту, үркітуді жақсы меңгерген. Менің қолымда көптеген адамның қолхаттары бар, әлі күнге сақтаулы. Еш жерден қайыр болмаған соң қайғыдан ауру болып өліп қалғандары, суицид жасағандары да болды. Зәмзәгүл олардың үйін тартып алған, жәрдемақыларын бермей қойған. Оның осы ауылға жасамаған, көрсетпеген қорлығы жоқ», — деді тағы бір ауыл тұрғын (аты-жөнін көрсетпеуді сұрады – авт.).
Зәмзәгүл Мамырбаевамен ауыл адамдары да, мектеп директорлары мен почта қызметкерлері де аз соттаспаған. Бірақ тіреуі мықты кәсіпкерден қарапайым тұрғындар тұрмақ, басшылар да жеңіліп отырған. Ал, көпбалалы ананың Мамырбаеваны сотта жеңуі ауыл адамдарына үміт тудырған. Одан бөлек, почтаның бұрынғы басшысы да кәсіпкерді сотта жеңіп шыққан. Сот Зәмзәгүл Мамырбекованы ҚР ҚК 130-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп тауып, 1 жылға бас бостандығынан шектеуге және 60 сағат қоғамдық жұмысқа мәжбүрлі түрде тартуға үкім шығарған.
«Мен Қазақстан ауылындағы почтада 2018 жылға дейін бастық болдым. Осы салада 25 жылдық тәжірибем бар. Зәмзәгүл қызметкерлерге тыныштық бермейтін. Қолында елдің атынан зейнетақы, жәрдемақы алатын құжаттары толып жүреді. Бермесек шантаж жасайды, келген-кеткен адамдарға «мыналар ақшаларыңды жеп жатыр» деп жоқ жерден шу шығарады. Халықтың атынан алған қолында сенімхаттар көп. Бізге ауылдағы адамдардың ақшасы қашан түсті, қанша ақша түсті дегенді сұрап, хабарлап отыруды бұйыратын. Түскен зейнетақы, жәрдемақыларды иелеріне емес, маған бересің деп қорқытатын. Біз одан бас тартып, айтқанына көнбеуші едік. Содан почта қызметкерлеріне маза бермейді, басшылықтағы маған істемегені жоқ. Денсаулығыма да зиян келді. Бұның ауылға жасаған қиянатын айтып жеткізе алмаймыз, жетім-жесірлерді зар еңіретті, талай адамның үйін тартып алды. Ақыры болмаған соң Мамырбаеваны сотқа бердім. Қазіргі аудандық мәслихаттың төрағасы Бекен Ахметовке арқа сүйейтінін бүкіл ел біледі. Сол Ахметов аудандық білім бөлімін басқарып тұрғанда осы Зәмзәгүлді мектепке лаборант ретінде және асхананы жалға алушы ретінде кіргізген, содан міне ел одан әлі күнге құтыла алмай отыр», — деді почтаның бұрынғы басшысы Жұмагүл Жақсылықова.
Ал Мамырбекованың өзі тұрғындар шағымданғаннан кейін қарызын қайтара алмаған тұрғындардың баспанасын тартып алуды доғарғанын айтты. Аудандық мәслихатттың төрағасымен жақсы таныс екенін де жасырған жоқ.
«Мені жазаға кескен аудандық соттың шешімін облыстық сот та күшінде қалдырған. Бірақ, мен үкімді Жоғары Сот арқылы бұздырдым. Ал Светлана Берденниковаға балаларының жәрдемақысы үшін әлі 600 мың теңге қарызбын. Ол менің есеп-шотымды жеке сот орындаушы арқылы жаптырып тастағанда, өзара келісімге келіп, аштырдым. Бекен Ахметовты танимын, бір сыныпта отырып, мектеп бітірдік. Қазір қатты жақын араласпаймын. Елге қарыз бердім, қазір олардың баспанасын кепілге алып қалуды доғардым. Әңгіме ұзақ, айта берсең шыға береді», — деді Қазақстан ауылындағы кәсіпкер Зәмзәгүл Мамырбекова.