Астанадағы мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті Перизат Қайраттан тәркіленген Mercedes пен Haval көліктерін кім мінетінін айтты, деп хабарлайды kznews.kz informburo.kz-ке сілтеме жасап.
7 сәуірде бағалау құны 79 415 000 теңге болатын Mercedes-Benz S450 автокөлігін сату бойынша сауда өтті. Көліктің иесі – сотталған Перизат Қайрат. Сондай-ақ 11 939 000 теңге тұратын Haval H6 GT жол талғамайтын көлігі де сатылды. Бұл көлік Перизат Қайраттың анасы Гайнидің ағасы Қырымгерей Алашбаевқа тиесілі болған.
Ережеге сәйкес, бұл көліктерді алуға тек мемлекеттік мекеме немесе кәсіпорын ретінде тіркелген заңды тұлғалар ғана өтініш бере алды. Саудаға екі мемлекеттік орган қатысты:
Астана қаласының полиция департаменті
Бас прокуратура жанындағы материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы
«Өтінімдерді қарау нәтижесі бойынша 7 сәуірдегі хаттама негізінде сауданың жеңімпазы болып Астана қаласының полиция департаменті болып анықталды», — делінген ресми жауапта.
Енді 15 жұмыс күні ішінде көліктерді полиция департаментінің балансына беру туралы шешім қабылданады.
Бұған дейін, 2025 жылдың қарашасында, тәркіленген Lexus LX 600 автокөлігі сатылып, ол Қаржылық мониторинг агенттігіне берілген. Бұл орган Перизат Қайрат пен оның анасына қатысты істі тергеген.
Перизат Қайрат 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар ол «Шапағат» медалінен (қайырымдылық пен мейірімділік үшін берілетін) айырылды. Анасы Гайни Алашбаева қызына көмектескені үшін 7 жылға сотталды.
Сот олардан 50 жәбірленушінің пайдасына жалпы 1 млрд 582 млн теңге материалдық шығын өндіруді міндеттеді. Сондай-ақ олар 22 млн теңге мемлекеттік баж және 698 мың теңге сот шығындарын төлеуі тиіс.