545 мың адамның қарызын өтеу мерзімі өтіп кеткен
Қасым-Жомарт Тоқаев оңтүстік астанада қаржы секторының өкілдерімен кездесу өткізіп, жиын барысында халықтың қарыз жүктемесі туралы айтты, деп хабарлайды Ақорданың ресми сайты.
Мемлекет басшысы, ең алдымен, қаржы секторының тұрақтылығына тоқталды. Сондай-ақ бүгінде қаржы секторының дәрменсіз банктерден арылғанын, ал сауықтыру аясында 6,6 триллион теңгеге жуық нашар несиелер есептен шығарылғанын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, өтеу мерзімі 90 күннен асқан қарыздардың деңгейі банктердегі несие портфелінің 4,3 пайызын құрайды. Бұл – соңғы 13 жылдағы ең төменгі көрсеткіш.
Президент осыдан қорытынды шығарып, жинаған тәжірибе негізінде жиі қайталанатын тәуекел-қатерлердің алдын алу шараларын күшейту қажет екеніне тоқталды.
Президенттің айтуынша, банктер мемлекеттік қолдаудың арқасында бүгінде экономиканы несиелеу бойынша зор әлеуетке ие болып отыр. Банк жүйесіндегі өтімділігі жоғары активтердің көлемі – 12,2 триллион теңге.
«Биыл тұрғындар сұранысының белсенді түрде қалыпқа келе бастағанын байқап отырмыз. Тұтынушылық несие 32,8 пайызға артқан. Несие алушылар 6,1 миллион адамға жетті. Бәлкім, бұл қалыпты үдеріс.
Алайда азаматтарымыздың қарыз жүктемесіне тиімді бақылау жасау маңызды.
Қазіргі уақытта 545 мың адамның қарызын өтеу мерзімінің кешеуілдеуі 90 күннен асқан. Мәселе еліміздің қаржы тұрақтылығына төнген тәуекел-қатерде ғана емес. Бұл көптеген азаматтарымыздың қаржы тапшылығымен бетпе-бет келгенін білдіреді. Бұл әлеуметтік және саяси тұрақсыздыққа алып келуі мүмкін», – деді президент.
Мемлекет басшысы борышкерлерге қатысты қаржы нарығындағы өкілдердің шектен шығу әрекеттеріне қарсы пікір білдірді.