Б.Тұрсымбаев: Байбектің сүйенері – Назарбаев, ол кеткен күні бар мүмкіндігінен айырылады

0
18885

– Балташ аға, билік партиясының басты жандайшабы Бауыржан Байбектің шағымымен оппозициялық саясаткер Жанболат Мамайға қатысты сот жүріп жатқанынан хабардар шығарсыз…

– Әрине, жіті бақылап отырмын. Бұл да бір озбырлықтың қылығы ғой! Байбегі бар, басқасы бар – бұл соттан не опа табам деп жүргені күлкіңді де келтіреді, жыныңды да қоздырады…

Айтпақшы, осы соттың қияңқы жағдайын тағы бір қырынан қарайтын болсақ, Жанболат Мамай ерлік жасады. Байбек дегенннің бүгінгі күнгі мемлекеттік мәртебесі – Назарбаевтан кейінгі екінші адам болғанына малдану. Жанболат осы «екінші адамның» жемқорлық әрекетінде әзірге судың бетіне қалқып шыққандарын ашып жатыр. Ал анығында, оның тереңге жасырып қойған ақшасы, дүние-мүлкі, шетке шығарған қаржысы қанша екенін Жанболат та білмейді, біз де хабарсызбыз. Бір білсе – Нұрсұлтан Назарбаев білер. Осындай жағдайдағы Байбектің қателегі сол – Мамайды сотқа сүйреуі. Өзінің де, маңайындағы кланның да коррупциялық былыққа батқанын біле тұра, сотқа жүгінуі – қазақшалап айтқанда, өзінің артын өзі ашқаны. Енді көсемі қосақталған оның аты әлемге әшкере болып жатыр.

– Айтпақшы, сіз осы Байбекті бұрындары біліп пе едіңіз?

– Оны біліп не қылам мен?! Жүрген көптің бірі еді ғой! Бұл бала Назарбаевтың арқасында «дана» болды, бірақ шала болғаны сол – өзі сияқты бір партияның жетекшісін сотқа сүйреп жүр. Ақылды, сұңғылы саясаткер өліп бара жатса да, мұндайға бармайды. Саясаттағы серкелік қасиетті сот жеңіп бермейді, өре мен ар-ождан тазалығы жеңіп береді! Ол жағы қаншалықты мол екенін осы соттан көріп отырмыз…

– Ал бұл «шала бала» қоғамға қаншалықты танымал деп ойлайсыз?

– Қоғам мен ел-жұрт Бауыржан Байбектің кім екенін Алматыға әкім болып келгенде ғана білді. Екі жарым миллион тұрғыны бар Алматының бюджеті астанадан қомақты мегаполис… Назарбаев өзіне жақын адамды әкім етіп тағайындаған соң, қалаға қаржыны аямай төкті. Одан шаруақор саясаткер жасамақ болды.

Айтпақшы, сол кезде бір журналистке берген сұхбатымда айтқан пікірім бар еді – қорқып, жария ете алмады: «Байбек деген бойы кішкентай болып алып, «көртышқан» сияқты Алматының көшесін қазып тастады» деп айтқан едім. Расында да, өндірісті, құрылысты басқармасам да, агроөндірісте, аудандық, облыстық атқару комитеттеріне басшылықта болғанда, қала шаруашылығының ұңғыл-шұңғылын әбден игергенмін. Жерді қазып, аударып-төңкергенде, коррупцияның қалай жең ұшынан жалғасатынын ешкім де тап басып, ұстай алмайды. Мәселен, құрылыста қанша кірпіш қалау керектігін, оның қалыңдығы мен салмағын есептеуге болады. Ал жерді қалай қазғанын, қанша күрек топырақ алғанын немесе салғанын ешкім де тексере алмайды. Сондықтан атқарылған жұмыстың құнын үш-төрт есе көтеріп, бағалайды. Бетін жылтыратып, тақтайша тас кесектерді төсеп қойғанымен, бүгінгі күні сол плиталар үгіліп, ойдым-ойдым болып жатыр. Миллиардтаған доллар қаржының есебін кім сұрап жатыр, кім есеп берді, шетке қаншасы шықты – кім біледі? Тіпті жария болып жатқан ақпаратқа қарағанда, кинодан хабары жоқ апайы бір фильмге екі рет тендер алып, жарты миллион доллар ақша алған екен. Оған ол қыруар қаржыны кім берді, кім бергізді? Белгілі жәйт…

– Сіз қалай ойлайсыз: Мамайдың «жала жапты» деген сөзінен Байбек өзін осы сот арқылы ақтап шыға ала ма?

– Егер елде әділ сот болса, сот залынан Байбектің қолына кісен салып, абақтыға әкетер еді. Бірақ сол сотыңыз бүгінгі таңда кімнің сөзін сөйлейтіні, «аузы қисық болса да, бай баласына» бет бұратыны белгілі. Байбектің өзі тікелей Жоғарғы соттың төрағасы Асановқа телефон соғып, мәселесін бір қоңыраумен шешетіні анық. Егер Бауыржан Байбек қолы таза, адал азамат болса, Жанболат Мамаймен теледебатқа шықсын, адалдығын ашық дәлелдесін. Ондай жағдайда қоғам да Байбекті қолдап кетері анық еді. Журналистерге сұхбат беруден қашып жүргеніне қарағанда, оның «тазамын» деуінде шикілік бар.

Келесі кезекте Байбектің саяси қылмысқа да қатысы барын естен шығаруға болмайды. Осы қаңтарда өткен парламент сайлауын бұрмалап, «Нұр Отанға» 76 пайыз дауыс берді деп, халықтың дауысын ұрлауға үлес қосты. Өзім бірнеше учаскені аралап, көзіммен көрдім: дауыс беруге келгендердің мөлшері 10 пайыздан асқан жоқ. Оның 80-90 пайызы билік партиясын қолдамағаны тағы ақиқат! Сондықтан «Нұр Отанды» жалған іс-әрекеттерімен сүйреп жүрген де осы – Байбек!

– Ал әлеуметтік желілер арқылы биліктің жандайшап блогерлері мен «нұрботтар» Жанболат Мамайды жаманатты қылып бағуда. Сіз кәнігі қайраткер, сарабдал саясаткер ретінде Жанболатқа қандай баға берер едіңіз?

– Жанболат Мамай – жас жігіт, жаңа тұрпаттағы саясаткер. Әлбетте, мен көріпкел емеспін, оның саяси жолы ары қарай қай бағытта өріс алатынын айта айлмаймын. Қосановтан кейін қорқып қалдық қой… (күлді). Бірақ бүгін әлеуметтік желілер арқылы коррупция, сайлау және жерге қатысты көтеріп отырған мәселесін қолдаймын.

– Иә, Қазақстандағы соттың барлығы Нұрсұлтан Назарбаевтың нұсқауымен тағайындалатыны баршаға мәлім. Яғни, қазақстандық соттар биліктің сойылын соғатыны және белгілі. Оның үстіне Бауыржан Байбек – Назарбаевтың кластас досының баласы. Дегенмен, жеке басын ақтаймын деп, Байбек «Нұр Отан» мен билікке байланысты біраз былықтың бықсуына себепкер болды. Бұл жағдайды «Мамаймен соттас» деп ишара жасаған Назарбаевтың білмеуі мүмкін емес еді ғой? Бұлар сонда жас саясаткермен соттасудан қандай опа таппақ болды деп ойлайсыз?

– Бұл соттан бұлар түк таппайды! Әрине, сот Байбекті жақтап шығуы әбден мүмкін. Бірақ «халықтың соты» деген құдіретті тарихи сот бар: оның алдында ақталу – екеуіне де оңай емес. Үміт жоқ!

Негізі, әкімшілік ресурстарды пайдаланатын билік осындай лас әрекеттерге, өтірік айтып, коррупциямен шұғылдануға әбден үйреніп кетті. Білімі төмен, сауатсыз заңгерсымақтарды сотқа төраға етіп сайлайды, өз кезегінде ол да өзі сияқтыларды судьялыққа сүйрейді. Осы әдеттері тізбек сияқты бірінен кейін бірі жалғасып жатыр. Оны үзу қиын. Сондықтан Жанболатты жазықты ету – билік тағайындаған соттарға шырт түкіргеннен оңай іс.

Бірақ осы «қылмысты тізбекті» түп-тамырымен үзіп, жұлып тастайтын халықтың әлеуеті күшті. Оның да уақыты келеді. Назарбаевты мәжбүрлеу арқылы жіберген қателіктерін мойындатуымыз керек. Мойындату үшін, халық алаңға шығуы тиіс! Алматыдан – 100 мың, астанадан – 50 мың, Шымкенттен – 25-30 мың адам көтерілсе, тығылар тесік таппай қалар еді…

– Дегенмен, Балташ аға, сіз алаңға жаппай шығайын деп тұрған халықты көріп тұрсыз ба?

– Шығады! Себебі биліктің өзі халықты осындай жағдайға итеріп жатыр. Халық елді билеп отырғандардың жемқор екенін, бар байлықта талан-таражға салып, ұрлап жатқанын жақсы біледі. Жинап алған байлықтары көктен жауып жатқан жоқ, жердің асты мен үстіндегі байлықтың бәрі – халықтың несібесі. Сондықтан «Ел мен Жер» қозғалысы осы мәселені көтеріп, дабыл қағуда. Халықтың талабын іске асыру үшін, жаппай жұмылудамыз. Демек, дәл қазір халық үнсіз отыр десек те, ол бір сәтте дүлей дүмпу боп жарылары қақ. Биліктің бүгінгі беталысы түбінде осы теңселіске алып келеді. Көр де тұрыңыз!

– Ашық ақпарат көздеріндегі мәліметтер мен тәуелсіз сарапшылардың пікіріне қарағанда, биліктің түпкілікті транзиті кезінде Назарбаев Байбекті тақтың нағыз мұрагері етуді ойлап отыр деген пікірге қандай алып-қосарыңыз бар?

– «Биліктің мұрагерімін» деп, Байбектің өзі ойлап жүрген шығар, бірақ Назарбаев ондай мақсатын ешқашан ешкімге айтпайтынын жақсы білемін. Назарбаевтың басында бірнеше «тарақан» бар: қай жыбырлақты алға шығарып, өзгеден оздыру қажеттігін өзі ғана біледі, ешкіммен ақылдаспайды, ешкімге айтпайды.

Сондықтан Байбекті мұрагер деуге келмейді, ашық деректер бойынша айтар болсақ, ол бар болғаны – «жабайы жемқор». Байбектің бүгінгі сүйеніп отырған гарант-кепілі – Назарбаев, ол кеткен күні барлық мүмкіндігінен айырылады.

– Ал енді сот үкіміне қатысты мынадай салыстырмалы жағдайға назар аударыңыз: Назарбаевтың алдына жығылмаған, «ЭКСПО-2017» көрмесінің құрылыс қаржысын қымқыруға өзінің қатысы барын мойындамаған Талғат Ермегияев сотталып кете барды. Бір қарағанда, Ермегияев та биліктің бауыр ет баласы сияқты еді ғой, бірақ ол неге жемқор болып шыға келді, ал Байбектің жемқорлығы жалпақ елге мәлім болса да, оны биліктің қорғаштап бағуында қандай қисын бар?

– Талғат Ермегияевтың да «сотталу» саясаты ел-жұрттың көз алдында өтті. Оның «жеп қойған», «ұрлап алды» деген ақшасын сот қолмен қойғандай дәлелдеп бере алмады. Яғни, бұл сот та Назарбаевтың айтуымен үкім шығарды деген тұжырым жасауға болады.

Талғат пен Бауыржанның жасы шамалас, бір заманның ұрпақтары. Айырмашылықтары сол – Талғат «бөтен адам», ал Бауыржан – өз бауыры. Өзі сияқты әріптестерінен оның асып бара жатқан артықшылығы жоқ.

– Артықшылығы – Назарбаевқа туыстығы!

– Дәл айттыңыз! Ал енді осы екеуі қызметте жүргенде, мемлекетіміздің дамуына, елге қандай үлес қосты деген сұраққа жауап іздеп көрелік. Талғат Ермегияев – мемлекеттік қызметте үздік менеджер екенін көрсетті. Ол жақсы ұйымдастырушы бола білді. Туризм және спорт министрі болып тұрған кезде қазақстандық спортшылар ешуақытта қолы жетпеген нәтижелер көрсетті. 2012 жылы Лондонда өткен ХХХ жазғы Олимиада ойындары бұрынғыға қарағанда Қазақстан үшін әлдеқайда сәтті болды: Қазақстан 7 алтын, 1 күміс, 5 қола медаль алып, медаль саны бойынша 204 елдің арасында 12-орынға ие болды. Қазақстанның әнұраны 7 рет ойнап, 7 рет көк байрағымыз ең биік тұғырда желбіреді.

Бұған дейін де, одан кейін де Қазақстан осындай спорттық жетістік көрсетті ме? Әрине, жоқ. Ендеше осы жетістік Талғат Ермегияевтың арқасында келмегеніне күдігіңіз бар ма?

– Жарыс жолына шығып, алтыны аралас жүлде алған Ермегияев емес қой…

– Иә, Ермегияев емес! Бірақ сол жүлделерге жетудің жолын ашқан, спорттық әкімшілік-ұйымдастыру ісін жолға қойған кім? Әрине – Талғат!

Бұл аз десеңіз, 2012 жылдың соңында Халықаралық жекпе-жек академиясы (The Academy Awards Of Martial Arts) «Спорттық Оскар» сыйлығын беру туралы шешім қабылдады. Бұл беделді сыйлық «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы, Лондондағы жеңісті қамтамасыз еткен экс-спорт министрі Талғат Ермегияевқа беріледі.

– Салыстырмалы сөзіңіздің сыңайын түсіндім: Байбектің дәл осындай қандай жетістігі бар демекшісіз ғой?

– Иә, Қазақстанның атын әлемге шығарған Байбектің қай еңбегін атай аласыз? Айта алмайсыз, себебі ол ондай елдік үлестен жұрдай!

ЭКСПО-ның жобасына арналған қаржыны игеру басталған кезде сөйткен менеджер-басшыны абақтыға жапты. Оның себебі әлі анықталады. Жобаның қаржысы қалай қолды болғаны әзірге жалпақ жұртқа белгісіз, сот процесі кезінде Талғат өзіне тағылған айыпты мойындамады. Тасын шайнап, құмын жұтып қойған жоқ. Неше жыл болды – жазықсыз түрмеде отыр. Ал Байбек сияқтылар миллиардтарды қымқырып, тайраңдап, бостандықта жүр. Кімнің арқасы?

– Әрине, Назарбаевтың арқасы дейміз-дағы… Айтпақшы, Назарбаев демекші, Талғатты түрменің ішінде қудалау жалғасып жатқаны, оған қатысты қамау режимін қатаңдатуға оның «Назарбаевтың алдына жығылмауы» ғана себепкер болуда ма, жоқ әлде бұл арада басқа бір қитұрқылық бар ма?

– Себебі де, салдары да, қитұрқылығы да жетеді. Бұл арада кландық көзқарас тұр. Талғат Ермегияев назарбаевтардың кланына кірмейді. Оның жағырапиясы да, руы да, жүзі де сәйкес келмейді. Талғат өзінің таза еңбегімен өскен азамат. Өзінің қосқан үлесінің құнын білген соң, өз ортасында дауысы қаттырақ шыққан шығар. Көре алмаушылық та бар. Жағымпаздар Назарбаевқа барып жамандап, «тонап жатыр» деген. Ол болса, «жабыңдар, қамаңдар» деп бұйрық берді. Аспан айналып, жерге түсіп, Ермегияевті еркінен айырған соң, жемқорлық жойылып кетті ме?

Ол Назарбаевтың алдына жығылып, қолын сүйген жоқ, өзінің кінәсі жоқ екенін білді. Көріп жүрміз ғой сотталып жатқан әкім-қараларды – «елбасы, елбасы» деп, кешірім сұрап, аяғына жығылуға дайын. Көпшілігі сол жағымсудың арқасында бірер жылда бостандыққа шығып жатыр. Жемқорлықпен күрестің сиқы осы ма?! Ал Талғат болса, айыбын мойындамай, ар-ожданын сақтау үшін нық отыр.

Енді түрмеде отырған кезінде де оған тыныштық бермей жатыр. Назарбаевқа сөз тасушылардың: «Сізді мақтамайды, кешірім сұрамайды» дегенін естіген соң: «Абақтыдан шығармаңдар, аямаңдар, тырп еткізбеңдер!» деп нұсқау берілгені анық.

– Ал елдегі жалпы саяси ахуалға келер болсақ, бүгінде ақылы жолдарға қарсы азаматтық толқулар туып жатыр. Бірақ жекелеген оппозициялық саясаткерлер ақылы жолдың болғаны дұрыс дейді. Бұл жөнінде сіздің пікіріңіз қандай?

– Егеменді елміз, жердің асты мен үстіндегі байлығымызға ешкім тең келмейді. Мұнайымыз бар, астығымыз мол, АҚШ-қа қарасаңыз, олар бидай емес, масақ тереді. Сөйте тұра, біздің халық қайыршының күйін кешуде.

Сондықтан «дальнобойщиктердің» талабы өте дұрыс, қолдаймын! Айнадай болып төселген жолыңыз қайсы? Күре жолдың бойындағы талапқа сай коммуникация қайда? Түзге отыратын дені түзу туалет жоқ! Үнемі жол үстінде жүріп, нәпақасын табатын жүк тасымалдаушылар не үшін быт-шыт жолға ақы төлеуі тиіс?

Сауд Арабиясы мен Араб Әмірліктеріндегі тақтайдай жолды көрдім: айнаның бетіндей теп-тегіс. Міне, көлікте келе жатқанда, тостағандағы су төгілмейтін сол жолға ақы төлеген адамды көрмедім. Министр Атамбаев сияқты ақы төле деп дікеңдеген билігін де көрмедім.

Жолдың ақылы болуы – халықтың еркін таптау, кеміту деп санаймын. Жүргізушіден ақша жинау арқылы бюджеттің жыртығын жамау – ақымақ биліктің, дәрменсіз үкіметтің тағы бір көрінісі. Біз не айтсақ, соны істейсіңдер деп, белден басудың да шегі болуы керек қой! Тәуелсіздік алғанымызға, міне, 30 жыл болды! Астананың Ақмолаға көшкеніне ширек ғасырға жуықтады. Содан бері басқаны қойып, Алматы мен астананың арасында әлі күнге сапасын айтпағанда, жөні түзу жол жоқ. Осыны Назарбаев білмей отыр ма? Біледі! Біле тұра, жол жүрген халықтың қиналғанынан ләззат алады деп білем. Басқадай сөз айту мүмкін емес.

– Қоғамның әр саласын жайлап алған әділетсіздікпен күресуге қауқарсыздық танытып отырған биліктің ендігі беталысын қалай бағдарлайсыз?

– Бүгінгі таңда елді кім басқарып жатқанын ешкім білмейді. Екі бастық, екі билік – Назарбаев пен Тоқаев. Кім халықтың жақтасы, кім елді басқарады – белгісіз. Президент Тоқаев «еститін мемлекет» құрамыз деп мәлімдеді, бірақ халықтың талабын кім естіп жатыр? Соңғы екі жылда әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындар қымбатшылықтың тауқыметін тартып жатыр. Май мен ұн, тауықтың жұмыртқасы мен еті (қой мен сиырдың етін түсінде көрер) бірнеше есеге қымбаттаған. Кім бақылау жасап отыр? Билік халыққа «Өлмесең – өмерем қаптың» кебін кигізді.

Жазықсыздар абақтыға қамалды, бүгінгі күні 200-дей адам түрмеде отыр. Олардың отбасы, бала-шағасы жоқ па? «Көшесің», «Оянсың», «ДВК-сың» деп жазалап, қамап, саяси тұтқындардың лагері пайда болды. Көшеге шығып, азаматтық, адамдық құқын талап ету қылмыс па? Дүние жүзіне әшкере болдық, масқара болдық: ең көп саяси тұтқыны бар ел – Қазақстан деген атаққа іліндік. Билік бұл үшін жазықсыз жапа шеккендерден кешірім сұрап, қамалғандары босатуы керек.

– Сұхбатыңызға рақмет, Балташ аға! Сіздің айтқаныңызға құлақ асар билік болса – құба-құп. Аман болыңыз!

Бақытгүл МӘКІМБАЙ,

«DAT».

10.06.2021.