Қалжыңдап қарғадым – Бекболат Тілеухан (Видео)

0

Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан Абай Сейфолланың Qasqa Jol ютуб-каналында қонақта болып, журналист Серік Боқанды не үшін қарғағанын айтты. Танымал азаматтың қатынша қарғыс жаудыруы көпшіліктің наразылығын тудырған болатын.

Жалпы Бекболат Тілеухан өзіне өткір сұрақ қоятын журналистерге сұхбат бере бермейді. Абай Сейфулланың сұхбат бойы депутаттың ығына жығылғанына қарағанда алдын ала өткір сұрақ қоймауға келіскен болуы керек. Әйтеуір журналист депутатты қолдап, қолпаштап отырды. Әйтпесе жұрт алдында масқара болған Бекболат Тілеуханға қойылатын өткір сұрақ көп еді.

«Күйдіретіндей нәрсе жасады. Ақша алғысы келіп, шантаж жасап күн көріп жүрген біраз азаматтар бар. Басында алатынын алады. Сауап үшін деп, иманы бар, маңдайы шәждеге тиіп жүрген адам ғой деп ойлап жүресің ғой. Ол сенің мейрімділігіңді әлсіздікке балап жатады. Сол кезде жанымда екі-үш адам отырған, бір жағынан қасымдағыларды күлдірейін деп айтқанмын. «Ай тізімде талай адам бар, солардың ішінде кеттің ғой» деп. Оны іліп әкетіп жатыр ғой. Әкете берсін» — дейді депутат.

Сондай-ақ мүфтияттың «қарғыс айту мұсылмандыққа жат» деген пәтуасына қарсы өз пікірін білдірді.

«Жамбыл мен Құлмамбет айтысындағы «Әй, Құлмамбет, Құлмамбет, ағып жатқан сумен кет, батып жатқан күнмен кет» дегені қарғыс емей немене?! Ал «Қыз Жібекте» Базарбай Төлегенге теріс бата береді. Мысалдар көп-ақ. «Бәленбай руда Молқы дегенге Тоқа осылай істепті. Ойықтың ішінде осындай бопты» деген сияқтылардан шежіреде аяқ алып жүре алмайсың. «Керемет жүйрік торысы болған екен. Оның аяғын інге тығып алғанда баласына осылай депті. Сөйтіп одан бір ұлдан артық тумай қояды екен» деген нәрселер көп-ақ қой. Әрине, оны ақтап отырған жоқпын. Қарғаған деген қайбір оңған нәрсе дейсің. Алайда тура осыны аңдып отырғандай әртүрлі қылып жазып, «менің арқамда» қаламақысын алып жатқандар бар ғой», – деген Бекболат Тілеухан.

«Қарғау бұрын соңды болмаған, Бекболатқа дейін болмапты дегендер халықтың жанын түршіктіру үшін істеп жатыр. Бір-ақ фактіні айттым ғой, қарғыстың көкесі Жамбылдан қалған», – дейді депутат.

Серғали Асланбек