Өзбекстанның Самарқанд облысындағы перзентханалардың бірінде сирек кездесетін оқиға тіркелді. Он жыл бойы бала сүйе алмаған ерлі-зайыптылар бірден төртемнің ата-анасы атанды, деп хабарлайды kznews.kz.
Дәрігерлердің айтуынша, нәрестелер кесар тілігі арқылы дүниеге келген. Алдымен салмағы 1,7 келі болатын қыз бала туылған. Одан кейін салмақтары 1,5 келі, 2,2 келі және 2,3 келі болатын үш ұл өмірге келген.
Медицина мамандарының мәліметінше, нәрестелердің жағдайы тұрақты, қазір оларға қажетті медициналық бақылау мен көмек көрсетіліп жатыр. Ал 29 жастағы ананың жағдайы дәрігерлердің бағалауынша орташа ауыр.
Белгілі болғандай, бұл отбасы 10 жыл бойы перзент сүюді армандап жүрген. Ұзақ күткен қуанышқа кенелген ана сабыр мен үміттің арқасында арманы орындалғанын айтты.
«Ізгі ниет пен сабыр болса, адам бәріне қол жеткізеді», – деді жаңа босанған ана.
Ал жас әке қуанышын жасыра алмай, отбасы үшін бұл ерекше бақыт екенін жеткізді.
«Біз өте бақыттымыз. Он жыл бойы бала сүймедік. Енді бірден төрт баламыз бар. Барлық туыстарымыз қатты қуанып жатыр», – деді ол.