Үміт

0

Үміт

 — Шаршадым, — деп бастады ол əңгімесін. Шерін шығарсын деп көзіне қарап, үнсіз тыңдап отыра бердім. 

— Түсінесің бе? — деп сөзін жалғастырды. — Қатты шаршадым, — деп қолындағы шылымды бір шертіп, күлін түсірді. 

Аянышты түріне қарап жүрегім қанжылап кетті. Ол да маған бөтен емес еді ғой…

— Ішпеші, — дедім көзімнен ыстық жас ыршып түсіп. 

— Шыдай алмаймын… Күндіз-түні маза бермейді. Қиналып жүрмін, — дегенде өкініштен өзегім өртенгені-ай! Осы уақытқа дейін неге бірге болмадық?! Бірақ өзі кінəлі ғой… Жоқ! Өзі кінəлі. Солай ойласам да, өзімді ақтап алуға тырыссам да, артынан өзіме өзім қарсы шықтым. 

» — Үйге келгенінде, ашылып əңгіме айтуға болмас па еді?»

» — Ол бəрібір мені түсінбейді ғой!»

» — Неге оны туған күндерінде құттықтамадың?»

» — Ол мас болады деп қорықтым.»

» — Неге оны жақсы көретініңді айтпайтын едің?»

» — Оған бəрібір деп ойладым.»

Ішкі ойларым осылай өз алдына арпалысып жатты. 

Қалтырап тұрған қолдарын ұстап:

— Кешірші мені, мен сені жақсы көремін, — деп өксік қысып тұрған тамағыммен қысыла сөйледім. 

— Жыламашы, қызым, — деп ол маған қолын созғанда, қатты қысып құшақтадым да, жылай бердім. 

— Саған бірдеңе болса ше? — деп демігіп құшақтаған күйімде сұрағымды қойдым. 

— Маған ештеңе болмайды…

Əжем де сол дерттен бақилық болған. Қатты қорықтым. Оны жоғалтып алудан… Осы уақытқа дейін «Ешкімді жоғалтып алудан қорықпаймын. Бастысы, өзімді жоғалтпау керекпін» — дегенімнің бəрі бос сөз екенін түсіндім. Өмір бойы қасымнан табылмаса да, кішкентай кезімде жиі жолығатынбыз. Бірге сыра ішетінбіз… Мені жиі еркелететін. Менің алдыма əкем мен анамды қатар қойса, бəрібір əкемді таңдаушы едім. Əкеме ұқсау — мен үшін абырой саналатын. Бірақ… уақыт өте келе арамыз суып кетті. Оны көргім келмейтін, алыстан көрсем теріс бұрылып кететін халге жеттім. Ендігі əрі оны жақсы көрмейтіндей болдым. 

Алайда бəрі бекер екен. Сезімдер ешқашан жоғалмайды. Тек уақытша ғана белгісіз бір аймаққа тығылып қалуы мүмкін. 

 — Мен сені жақсы көремін, папа! — деп қайталай бердім. 

— Бəрі жақсы болады, — деді ол маған. Бұл сөзінің еш шындыққа жанаспайтынын біліп, миығымнан күлдім. Ол осылай жиі айтатын. Бірақ менде бəрі жақсы болғанмен, бізде бəрі жақсы болған жоқ. Ол ылғи жалған үміт беріп жүрсе де, мен сенетінмін. Есейе келе бəрі біз қалағандай бола бермейтінін ұқтым…

Кетерінде:

— Жақсы, қызым! — деп мені сүйді де кетті. Ал мен оны енді көрмей қалатындай қимас көзбен қарап тұрдым. 

 


Тегтер:Үміт