8 наурыз. Тілектер. Құттықтау сөздер (Қазақша құттықтау)
Ақ самайлы әжем, 8 Наурыз мерекесі құтты болсын! Жан жадыратар қуаныштарың мол болсын! Асыл армандарың орындалып, денсаулығың мұқалмасын!
Балалар жетіп мұратқа, немерелер…
Қызығын тауыса алмай кенеле бер.
Әже, саған тілеймін ұзақ ғұмыр,
Жүзден асып, жүзге де келе берер.
Әр таңың арайлап атып, күнің нұрға толсын! Көктем мерекесі көңіліңе қуаныш сыйлап, жүзіңе нұр шашсын! Шаңырақтың берекесі таусылмай, ортамызда ақылшымыз болып отыра бер!
Аяулы анам, сені көктемнің 8 наурыз әйелдер күнімен құттықтаймын! Мереке күні адал махаббат жылуын, шынайы сүйіспеншілік шуағын тілеймін! Асқаралы атақ пен берекелі беделің болсын, ана!
Маған арнап бар асылды жинадың,
Мейіріміңді, жүрегіңді сыйладың,
Әлем сенің табаныңда бас иер,
Жан анашым, құтты болсын мейрамың!
Саған сәттілік пен шаттық көңіл серік болсын! Әрдайым әдемі, жылы жүректі аналық абыройлы атағың биіктей берсін! Әрқашан шаңырақтың берекесі, ырыстың ұйтқысы болып, жанұяның жылылығын сақтай бер! Бақытты да баянды өмір кеш, әлемдегі ең керемет АНА!
Қыздар, қызғалдақтар, мерекелеріңіз құтты болсын! Көктемнің гүліндей құлпырып, әсемдіктің, әдеміліктің, әдептіліктің иесі болып қала беріңіздер!Жанарларыңыз әрдайым нұр шашып, жүздеріңіз күндей күлімдеп жүрсін! Көңілдеріңіз көктемдей көрікті болсын! Зор денсаулық, мәңгі жастық пен сұлулық тілеймін!
Жанарына сыр тұнған,
Жүрегінде жыр тұрған.
Құтты болсын мерекең,
Қызғалдақтар құлпырған!
Әрқайсыңыздың жан-жүректеріңізден ертеңгі күнге деген сенім мәңгілік айнымасын! Дидарларыңыздан арай тарап, ажарларыңыздан шешек атсын, қыздар!
Әпке, халықаралық әйелдер күні құтты болсын! Уақыттың биігінен, мезгілдің мінберінен көріне бер! Аспаныңыз ашық болсын! Ыстық сезімің суымасын! Бақытты бол, бай бол! Ғұмырың ұзақ, махаббатың баянды болсын! Құлағанда сүйенген аяулы әпкем, менің тірегім, бұл мереке саған бар бақытты себелесін!
Қарындасым, 8 наурыз мейрамыңмен! Ұйқың шала болса да, күлкің шала болмасын! Күліп-ойнап, еліктің лағындай еркелеп жүре бер! Жүзіңдегі шаттық кірлемесін! Үздіккен арман, үзілмес үміт тілеймін! Ақ бұлақтай мөлдір, Күн нұрындай жарық бол! Басыңа бақ құсы қонсын! Ағаларыңа сүйеніш, анаңа қамқоршы бол!
Сүйіктім! Аяулы аруым! 8 наурызыңмен құттықтаймын. Жан дегенде жалғызым, басымдағы бағым, өмірімнің сыйы, саған бұл мереке ғаламның бар асылын әкелсін! Екеуміздің кіршіксіз махаббатымызға дақ түспей, ғұмыр бойы бақытты өмір кешуге жазсын! Сүйгенім, өзіңді бұл күні ғана емес, мәңгі сүйіп өтемін…
Бейнебаянға wallpaperscrunch.com, wallpaperstop.com, wallpapers11.com сайттарынан алынған суреттер мен Шәмші Қалдаяқовтың «Ана туралы жыр» әні пайдаланылды.