Ыстанбұлда қастандықпен өлтірілген қазақстандыққа қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды. Журналистер марқұмның жеке басын анықтады – ол 36 жастағы Ариф Исмаилов екен, деп хабарлайды NewTimes.kz.
Марқұмның туыстары оның курьер болып жұмыс істегені туралы ақпаратты жоққа шығарды. Олардың айтуынша, Ариф Исмаилов кәсіпкер болған.
Жақындарының мәліметінше, ол 1989 жылы Алматыда дүниеге келген. Соңғы 15 жыл бойы Қазақстан мен Түркия арасындағы жүк тасымалымен айналысатын көлік-логистика компаниясын басқарған. Ыстанбұлға бірнеше күнге жұмыс бабымен барған.
Марқұмның артында жұбайы мен үш кәмелетке толмаған баласы қалды. Исмаиловтар отбасы – ұлты күрд, бірақ үшінші буыннан бері Қазақстан азаматтары.
Туыстарының сөзінше, оны "курьер" деп көрсету – істің мәнін жеңілдету мақсатында тараған жалған ақпарат.
"Ол ірі логистикалық компанияны басқарды. Түркия мен Қазақстан арасында жүк тасымалымен айналысты. Ыстанбұлға жұмыс бабымен жиі баратын. Оны курьер деп көрсету – әдейі жасалған әрекет", – дейді марқұмның ағасы.
Бұған дейін кейбір дереккөздер қылмыс қарызға байланысты болуы мүмкін деген болжам айтқан. Алайда отбасы бұл нұсқаны жоққа шығарып, кәсіптің заңды болғанын мәлімдеді.
Туыстарының айтуынша, қылмысқа үш адам қатысқан болуы мүмкін. Күдіктілер – Грузия азаматтары. Олар Түркия мен Болгария шекарасы маңында ұсталған.
Құқық қорғау органдары күдіктілерді ұстау үшін дрондарды да пайдаланған. Алдын ала мәлімет бойынша, олар алдымен жаяу қашып, кейін таксиге отырып, елден шығуға әрекеттенген.
Марқұмның отбасы Қазақстан мен Түркияның құқық қорғау органдарына және дипломаттарына алғыс білдірді.
"Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне, Ыстанбұлдағы бас консулдыққа және құқық қорғау органдарына жедел әрекеті үшін алғыс айтамыз", – деді туыстары.
Ариф Исмаиловтың денесі Қазақстанға жеткізіліп, 1 сәуір күні жерлеу рәсімі өтті. Қаралы жиынға шамамен екі мың адам жиналған.
Еске сала кетейік, қылмыс 31 наурыз күні шамамен сағат 17:00-де Ыстанбұлдың Фатих ауданында болған. Белгісіз тұлғалар ер адамды атып, оқиға орнынан қашып кеткен. Кейін бұл сәт бейнебақылау камераларынан табылған.