Threads әлеуметтік желісінің қолданушысы Германияның Берлин қаласындағы Disgusting Food Museum, яғни «жиіркенішті тағамдар мұражайынан» қымызды көргенін жазған, деп хабарлайды kznews.kz.
Қолданушының айтуынша, әпкесі түрлі ерекше әрі біреулер үшін тосын тағамдар, оның ішінде тышқаннан, дернәсілдерден және басқа да өнімдерден дайындалған ас түрлерінің арасынан қымызды байқап қалған.
Экспозицияда қымыз Орталық Азия көшпелі халықтарына тән, бие сүтінен дайындалатын ашытылған сусын ретінде таныстырылған. Сондай-ақ оның дәмі йогурт пен сыраның үйлесіміне немесе қаймақ қосылған шампанға ұқсас деп сипатталған.
«Жиіркеніш — адамның негізгі эмоцияларының бірі. Бір адамға дәмді болып көрінген нәрсе екінші адамға жағымсыз әсер қалдыруы мүмкін. Бұл құбылыс әртүрлі мәдениеттерді байланыстырады», — деп жазылған Германия мұражайының ресми сайтында.