Құлыбаев осыдан кейін мұғалімнің құрметіне бөлене ала ма?

0

Елімізде «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәніне қатысқан оқушылар түрлі кәсіп бастаған. Ұстаздар шәкірттерінің жетістігін Ұлттық палатаның төралқа төрағасы Тимур Құлыбаевпен кездесуде бөлісті деп жазады  Kaznews.kz  ақпараттық порталы Baq.kz-ке сілтеме жасап.  

Кездесу барысында оқытушылар мен Тимур Құлыбаев арасында көптеген тақырып бойынша пікір алмасу өтіп, нәтижесінде мұғалімдер Тимур Құлыбаевқа 5-9 сынып оқушылары үшін экономика, бизнес және қаржылық сауаттылық негіздері бойынша мектеп бағдарламасына арнайы курстар енгізуді ұсынғысы келетінін айтты.  Сонымен қатар, ұстаздар үшін біліктілікті арттыру курсын көбейтуді сұрады. Төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев та бұл мәселені шешуге уәде беріп: «Біз мұғалімдерді қолдау жағынан бар жағдайды жасаймыз»,- дей келе, алдағы уақытта мұғалімдер біліктілігін арттыру курсынан жылына бір рет емес, төрт рет өту керегін тілге тиек етті.

Әр баланың мектеп қабырғасынан экономика, бизнес саласынан хабардар болып, білім алғаны әрине, өте құптарлық жайт. Қазақстанда қазіргідей санаулы адамның бүкіл бизнестің тұқасын ұстап отырмай, әр қазақтың өз кәсібін дөңгелетіп, бақуатты өмір сүргенін кім қолдамас? Алайда бұл жерде назар салатын тағы бір мәселе бар. Ол да Құлыбаев құптап, ұсынысын білдірген бұл – мұғалімдердің білігін арттыру курсына қатысты айтқандары.

Егер бұл бастама қолдау тауып, жүзеге асып жатса, жағдай қалай болмақ? Онда мұғалімдер жылына бір рет емес, білігін арттыру үшін төрт рет курсқа баруы мүмкін.  Онсыз да қағазбастылықтан қолы босауы қиын мұғалімдер жоғарыдан міндеттеліп бекітілген курстарға қатысуы керек болады. Қарапайым тілмен түсіндірер болсақ, мұғалімнің  бала оқытуға бұрынғыдан да уақыты азая түседі деген сөз.

«Экономика, бизнес тақырыптарын арнайы мамандар оқытқаны дұрыс деп санаймын. Ол үшін онсыз да шаруасы шаш етектен мұғалімдерді қосымша курстарға баруға мәжбүрлесе, жағдай қиындайды. Уақыт тапшылығы деген мәселені де естен шығармағанымыз жөн. Мұғалім балаға өз пәнінен білім бере ме, жоқ әлде курстан курс деп мектеп бетін көрмей кете ме?»- дейді тарих пәнінің мұғалімі Дінмұхамед Әшенұлы. Сонымен қатар әріптесінің бұл айтқанымен келсетінін білдірген Дана Рахымова: «Тұтас оқу жылында біз бала оқытып шаршамамймыз. Біз түрлі курстар мен өмірі бітпейтін құжат толтыру жұмыстарынан шаршаймыз. Меніңше, мұндай бастама көтерілген екен, сол сала бойынша арнайы мамандарды оқытып, дайындасын немесе осы саламен байлансты пән мұғалімдерінің біліктілігін арттыра бермей ме?!»-деген пікірін алға тартты.

«Сонау жоғары жақтан мынадай бастама көтеріліп жатса, мен айтты дерсіз, өте жақын уақытта мұғалімді жылына 4 рет курста оқуға міндеттейді. Ол үшін мемлекеттен қыруар қаржы да құйылады. Мұғалімдер қаласа да, қаламаса да ол курстарға барады. Ең соңында не болатынын айтайын ба? Ештеңе! Естеріңізде болса, осыдан бірер жыл бұрын мұғалімдер жаппай ағылшын тілін оқыту курстарына барды. Аты бар бұл курстардан кейін біздің мұғалімдердің ағылшын тіл білімі деңгейі жоғарылап, техникалық пәндеріміз ағылшын тілінде өтіліп жатыр ма? Бұл бастама да сондай шалажансар шаруаның бірі ғана. Көпке бармай «өледі». Курстан курсқа сүрлігіп, сілесі қатып шаршаған мұғалімдер сол кезде Құлыбаевқа құрмет көрсетіп, «рақмет» дей қояды деп өз басым сенбеймін, — дейді түркістандық зейнеткер Әуелхан Шонжан.

Асыл БАЛАБИ, Kaznews.kz  ақпараттық порталы.