Jah Khalib, құлыптаулы телефондар және жабық афтерпати: Назарбаев Астанада ұлын үйлендірді
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

"Шөптің арасына көміп кеткен": Қаза болған полицейдің жары оқиғаның мән-жайын айтып берді

"Шөптің арасына көміп кеткен": Қаза болған полицейдің жары оқиғаның мән-жайын айтып берді
Тim Clayton/Corbis via Getty Images

Қызылорда облысының Арал қаласында қаза болған учаскелік полиция инспекторы Мырзажан Жакеновтің жары Лаура күйеуінің өліміне қатысты оқиғаның мән-жайын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz хабарлады.

38 жастағы полиция майоры Мырзажан Жакенов 31 тамызда қаза тапқан. Оның денесі күдіктінің үйінен зорлық белгілерімен табылған.

Полиция мәліметінше, марқұм күдіктіні бұған дейін отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтар үшін бірнеше рет жауапкершілікке тартып, оған қатысты қорғау нұсқамаларын шығарған.

Марқұмның жары Лаураның айтуынша, 30 тамыз күні Мырзажан үйінде болған. Сол күні ерлі-зайыптылардың шаңырақ көтергеніне 17 жыл толған.

Әйелдің сөзінше, жолдасы еңбек демалысына шығуды жоспарлағанымен, тиісті бұйрыққа әлі қол қойылмаған.

"Негізі ол 28 тамызда жұмыста толық күн болып, сол күні еңбек демалысына өтінішін жазып қалдырған. Мен де “енді қашан шығасың?” деп сұрадым. “Әлі бұйрыққа қол қоймай жатыр” деп айтты. Содан сағат сегіздерде кешкі асымызды іштік. Сол күні шаңырақ көтерген күнімізді атап өтіп жатқан едік”, – деді Лаура.

Кейін ерлі-зайыптылар таныстарының үйіне барған. Лаураның айтуынша, сол кезде Мырзажанға келесі күні нарядқа шығуы керектігі туралы хабарланған.

Түнгі сағат 01:30 шамасында олар үйіне қайтып келе жатқан кезде Мырзажанға шұғыл шақырту түскен.

"Сөйтіп телефонын қойды. Кім деп сұрағанымда “кадр ғой” деді. Содан жолдас баласының үйіне бардық, шай ішіп, әңгімелесіп отырдық. “Қой қайтайық, ертең күндізгі нарядқа жазыпты” деді. Күйеуімнің сөзін жолдас баласы да естіді. Сағат түнгі 01:30-да қайтып келе жаттық. Есік алдына келгенде “шұғыл шақырту беріп жатыр, сен үйге кіре бер” деді. “Не шақырту” деп едім, “әйелін күйеуі ұрып жатыр екен, телефоныма хабарлама жіберіпті” деді. Мен де көріп, “102 хабарлассай” деген едім, “мені әлі еңбек демалысына шығармады ғой, әйеліне бірдеңе болып қалар, баруым керек” деп тез асығып кетіп қалды. Бір өкініштісі, 102 тіркетпейді, хабарласқан адамдарға өз нөмірлеріне хабарласуын сұрайды. Бүкіл полицейлер сондай, өз учаскесіндегі адамдарға 102 шықпай, өзімізге тікелей хабарлаңдар деп айтқызады. Ол дұрыс емес қой", – деп түсіндірді марқұмның әйелі Лаура.

Лаура жолдасының телефонында сол түні келген хабарлама мен шақырту сақталғанын айтады. Оның пікірінше, Мырзажан оқиға орнына қызметтік міндетін орындау үшін кеткен.

Күйеуі үйіне оралмаған соң, отбасы мүшелері оны іздей бастаған. Кейін түстен кейін оның қаза тапқаны туралы суық хабар жеткен.

"Достарына да іздеу салып, қай уақытта тапқанын білмеймін, суық хабарды түстен кейін естідім… Менің жолдасымды күдікті өз гаражында айуандықпен, азаптап өлтіріп, фуфайкаға (қалың қыстық киім) орап, үстіне шөпті үйіп, таппасын деп тығып тастаған. Ақтық сапарында маған және анасына, бауырларына дидарын көрсетпеді. Жан жарымның қолын ұстап қоштаса алмадым, шығарып сала алмадым. Әлі де өлгеніне сенбеймін…" - дейді марқұмның жары Лаура.

Марқұмның жары қылмысқа бір адам ғана қатысқанына күмән келтіретінін де жеткізді.

"Күйеуімді бір адам өлтірді деп ойламаймын. Бірнеше қаруды бір уақытта бір адам қолдана алмайды. Тағы да қасында адамдар бар деп ойлаймын. Бұл қылмыскерлер тез табылып, қатаң жазаларын алсын деймін. Қашып жүрген адам өте қауіпті. Басқа азаматтарға зияны тимей тұрғанда, тез тауып, қатаң жазасы берілсін. Мен әділдікті сұраймын. Менің жолдасымның қабірде жаны тыныш жатсын", – деді Лаура.

Марқұмның туыстары Мырзажан Жакеновтің сол түні еңбек демалысында емес, қызметтік міндетін атқарып жүргенін ресми түрде анықтауды сұрап отыр. Сондай-ақ олар істің жан-жақты әрі әділ тергелуін талап етеді.

Дереккөз: Stan.kz

Автор
Қайсар Қанат

Журналист. Блогер. Фрилансер