Астанадағы туристік полицияның екі қызметкері шетелдік блогермен бірге видеоға түсіп, қызметтік әдеп нормаларын бұзғаны үшін жұмыстан шығарылды. Қоғамда бұл шешімге қатысты пікір екіге жарылды. Бір тарап полицейлердің әрекетін орынсыз десе, енді бірі жауапкершілік тек екі қызметкерге ғана жүктелмеуі керек деп санайды. Осыған байланысты Stan.kz тілшісі заңгерлерден пікір сұрап, шетелде полиция қызметкерлерін фото-видеоға түсіруге қатысты қандай талаптар барын да зерттеп көрді.
Астанада турист блогермен бірге түсірілген видеодан кейін ішкі істер органдарынан шығарылған екі полиция қызметкеріне қатысты шешім қоғамда түрлі пікір туғызды.
Полиция қызметкерінің жұмыстан шығарылуына қатысты қоғамда түрлі пікір айтылып жатыр. Осы жағдайға байланысты адвокат Мейірман Шекеев те өз ұстанымын білдіріп, екі қызметкерге ғана жауапкершілік жүктелуін әділетсіз деп санайтынын айтты. Адвокат өз пікірінде президенттің 2023 жылғы 2 қаңтардағы №81 Жарлығымен бекітілген құқық қорғау органдары қызметкерлерінің әдеп кодексін де еске салды. Ол полиция қызметкерлерінің әрекетін толықтай дұрыс деп отырған жоқ. Алайда оқиғаға қатысы бар өзге адамдардың да жауапкершілігі қаралуы керек деген пікірде.
"Мен қазақ қыздарының әрекетін қорғамаймын, қазақ қыздарының өзін қорғаймын. Неге тек олар ғана жазаланып, өзгелері жауапкершіліктен босап қалды? Қыздардың әрекеті дұрыс емес, келісемін. Бірақ қалғандарының әрекеті ше? Қыздар жазаланбасын демеймін, бірақ өзгелері де жауапкершілік арқаласын", – деді Мейірман Шекеев.
Адвокаттың пікірінше, бұл жерде кінәні тек екі полиция қызметкеріне артып қоюға болмайды. Себебі бейнежазбаның әлеуметтік желіде кең таралуына оны бөліскен адамдар да себеп болған.
"Жалғыз олардың кінәсі емес деп ойлаймын. Жеті қат жерден қоян тапқандай, сол бейнежазбаны жан-жақтан таратып, рекке шығарып жатқан өзіміз емес пе? Сондықтан жауапкершілікті бірге көтеруіміз керек. Әрбір қазақ қызы – біріміздің қарындасымыз, біріміздің әпкеміз", – деді адвокат.
Бұдан бөлек, Мейірман Шекеев полиция қызметкерлерін жұмыстан шығарумен ғана шектелмей, оқиғадағы барлық тараптың әрекетіне құқықтық баға берілуі керек екенін айтты. Оның сөзінше, блогер мен басқа да жауапты тұлғалардың әрекеті де назардан тыс қалмауы тиіс.
"Осы ретте қазақ қыздарына ғана жауапкершілік артып, жұмыстан шығарып жіберу дұрыс емес деп санаймын. Егер әділдікті қаласаңыздар, осы оқиғаға қатысты барлық адам да жауапқа тартылсын. Бірінші кезекте блогер және басқа да жауапты тұлғалар", – деді Мейірман Шекеев.
Полиция қызметкерлерінің жазалануы орынды – заңгер
Осы мәселеге байланысты заңгер Нұрсұлтан Орынбековтің пікірін сұрап көрдік.
Оның айтуынша, полиция қызметкерлері қызметтік міндетін атқарып жүрген кезде кәсіби әдеп пен арақашықтық талаптарын сақтауға тиіс.
"Полиция заманауи, ашық әрі адамға жақын болуы керек. Бірақ заманауи полиция деген – шекарасыз полиция емес. Туристке жағымды әсер қалдыру үшін Қазақстанның қонақжайлығын көрсетейік. Бірақ оны қазақ қызының абыройымен немесе мемлекеттік қызметкердің кәсіби беделімен өлшейтін деңгейге жеткізбейік. Турист көбейсін деп ұлттық тәрбиені өзгертудің қажеті жоқ. Керісінше, турист Қазақстанға келгенде біздің мәдениетімізді, әдептілігімізді және мундирге деген құрметімізді көрсін", – деп түсіндірді заңгер Нұрсұлтан Орынбеков.
Заңгердің пікірінше, блогермен бірге әзілдесіп, видеоға түсуі қызметтік әдеп тұрғысынан орынсыз.
"Заңда қызметтік этиканы өрескел бұзатын әрекеттер үшін жұмыстан шығаруға құқықтары бар. Сондықтан бұл шешімді дұрыс деп есептеймін", – деді Нұрсұлтан Орынбеков.
Заңгердің сөзінше, осындай жағдайда жауапкершілік тек туристке ғана қатысты емес. Себебі полиция қызметкерлері өздері де түсірілімге қатысып, мұндай әрекетке мүмкіндік берген.
"Турист еркінен тыс келіп, сыртынан қол жұмсап тұрған жоқ. Бұл жерде полицейлер де дұрыс қылық жасамай тұр. Өздері мүмкіндік беріп, өздері де бірге қылжаңдап тұрған. Әрине, туристке де жауапкершілікпен қарайтын жерлерін қарау керек. Бірақ бұл жерде қызметтік этика мәселесі бар", – деді заңгер.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Орынбеков жұмыстан шығарылған қызметкерлердің шешімге шағымдануға құқығы бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, олар сот арқылы қайта қызметке орналасу мәселесін көтере алады.
"Кез келген уақытта шағымдана алады. Кез келген шешімге шағымдануға құқығы бар. Ал оны қайта орнына орналастыру мәселесін сот қарайды. Бірақ бұл жағдайда шешім заңды негізге сүйеніп қабылданған деп есептеймін", – деді Нұрсұлтан Орынбеков.
Заңгер басқа елдердегі полиция қызметкерлеріне қойылатын талаптардың бұдан да қатаң болуы мүмкін екенін де мысал етті. Оның айтуынша, кей мемлекеттерде әскери немесе полиция қызметкерлерімен еркін әзілдесіп, оларды видеоға түсірудің өзі мүмкін емес.
"Басқа елдерде полицияның сөйлегенін видеоға түсіріп, онымен қылжаңдамақ түгілі, бетіне тікелей қарап сөйлей алмайтын жағдайлар бар. Мысалы, Мысырда әскерилерге қарсы дауыс көтеріп, бір нәрсені дәлелдеп сөйлей алмайсың. Мұны өз көзіммен көргенмін", – деді заңгер.
Шетелде турист үшін фото немесе видео түсіру күнделікті әрекет сияқты көрінер. Алайда камераны полиция қызметкеріне бағыттаған сәтте жағдай күрт өзгеруі мүмкін. Бір елде полицейді түсіруге ешкім мән бермесе, енді бір мемлекетте сол бір кадрдың өзі айыппұлға, қамауға немесе тіпті елден депортациялануға әкелуі ықтимал.
Мәселен, Ұлыбританияда полиция қызметкерлері мен әскери қызметкерді суретке түсіруге шектеу қойылған. Билік мұны терроризм қаупімен түсіндірсе, журналистер мұндай талап полицияның заңсыз әрекетін түсіріп, жариялауға кедергі келтіруі мүмкін деп алаңдаған.
Францияда да полиция қызметкерлерінің жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін фото-видеоларды таратуға қатысты қатаң шара ұсынылған. Заң жобасы бойынша мұндай әрекет үшін бір жылға дейін бас бостандығынан айыру және айыппұл қарастырылған. Мұндай шешім журналистер мен құқық қорғаушылардың қарсылығын туғызған.
Ал Испанияда камера ұстаған әйелдің оқиғасы жарқын мысал бола алады. Аликанте тұрғыны полиция көлігінің мүгедектерге арналған тұраққа қойылғанын суретке түсіріп, Facebook-ке жариялағаны үшін 800 еуро, яғни шамамен 414 мың теңге айыппұл алған. Құқық қорғаушылар жағдайды полиция әрекетін азаматтық бақылау мүмкіндігіне қауіп төндіретін мысал ретінде санаған. Ал Испания заңнамасында мұндай құқық бұзушылық үшін айыппұл 600-ден 30 мың еуроға дейін (шамамен 311 мыңнан 16 миллион теңгеге дейін) жетуі мүмкін.
Біріккен Араб Әмірліктерінде мәселе одан да күрделі. Бейтаныс адамды оның келісімінсіз фотоға немесе видеоға түсірудің өзі құқықтық мәселеге айналуы мүмкін. Ал мұндай материалды әлеуметтік желіге жариялау жауапкершілікті күшейтеді. Кей жағдайларда 150 мың дирхамнан (шамамен 20 миллион теңге) бастап айыппұл және қамау жазасы қарастырылуы мүмкін. Шетелдік азамат үшін істің соңы елден шығарылуға дейін баруы ықтимал.
Қытайда полиция, күзет қызметкерлері, әскери және мемлекеттік нысандарды түсіру ерекше назарға алынады. Әсіресе саяси тұрғыдан сезімтал аймақтарда туристің телефоны тексеріліп, түсірілімді тоқтатуды талап етуі мүмкін. Тыйым салынған нысандарды дронмен түсіру жағдайды одан әрі ушықтырады.
Таиландта полициядан бөлек, корольдік отбасы мен діни нысандарға қатысты ерекше сақтық қажет. Монархияны қорлайтын әрекет 3 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкелуі мүмкін. Ал тіркелмеген дронды пайдаланған адам 100 мың батқа дейін (шамамен 1,4 миллион теңге) айыппұл немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы ықтимал.
Мысырда полиция мен әскери нысандарды, бақылау бекеттерін түсіру қауіпті. Тарихи орындардың өзінде де фото-видеоға қатысты шектеулер бар. Тыйымды елемеген турист түсірген материалдарын өшіруге, камерасынан айырылуға немесе құқық қорғау органдарының тексеруіне тап болуы мүмкін.
Ал Түркия, Вьетнам, Мальдив аралдары мен Катарда негізгі талаптар көбіне адамдардың жеке өміріне, діни орындарға, мемлекеттік және қауіпсіздік нысандарына қатысты. Әсіресе бейтаныс адамдарды рұқсатсыз түсіру мәселесінде абай болған жөн.
АҚШ-та полиция қызметкерін қоғамдық орында қызметтік міндетін атқарып жүрген кезінде видеоға түсіруге азаматтардың құқығы бар. Яғни америкалық азамат полицияның әрекетін камераға түсіргені үшін автоматты түрде жауапқа тартылмайды. Керісінше, полиция қызметінің ашықтығы мен азаматтық бақылау маңызды қағида саналады.
Алайда мұндай құқықтың да шегі бар. Азамат полицейдің жұмысына кедергі келтірмеуі, тым жақын бармауы және қауіп төндірмеуге тиіс. Егер түсірілім кезінде тәртіп сақшысының жұмысына әдейі бөгет жасалса немесе агрессивті әрекет байқалса, адам басқа негіз бойынша жауапқа тартылуы мүмкін.