9 мамыр – жай ғана мемлекеттік мереке емес, Қазақстан халқының тарихи жадындағы ерекше күн. Бұл күн ел болып Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен батырларды еске алып, ардагерлерге құрмет көрсетіледі. Жеңіс күні – бейбіт өмірдің қадірін ұғындыратын, ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын маңызды мереке, деп хабарлайды kznews.kz.
Жеңіс күнінің тарихы
1945 жылдың 8 мамырында фашистік Германияның тізе бүгу туралы актісіне қол қойылды. Уақыт айырмашылығына байланысты КСРО аумағында бұл кезде 9 мамыр еді. Содан бері бұл күн Жеңіс күні ретінде тарихта қалды.
Қазақстан аумағында Екінші дүниежүзілік соғыстың қанды шайқастары болмағанымен, оның ауыр зардабы қазақ халқын айналып өтпеді. Соғыс миллиондаған отбасының тағдырына әсер етіп, талай шаңыраққа қайғы әкелді. КСРО-ның Еуропалық бөлігі жау қолына өткен кезде Қазақстан маңызды әскери және жұмылдыру орталықтарының біріне айналды. Республикада ондаған әскери бөлімдер жасақталып, олардың қатарында генерал Иван Панфилов басқарған әйгілі дивизия да болды.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор Қадыржан Әбуов келтірген деректерге сәйкес, сол кездегі 6,5 миллион халықтың 1,2 миллионнан астамы майданға аттанған. Бұл – ел тұрғындарының шамамен бестен бірі деген сөз. Соғысқа кеткендердің жартысына жуығы елге оралмай, 600 мыңнан астам қазақстандық майдан даласында қаза тапты.
Елде қалғандар майданды азық-түлікпен, киім-кешекпен, қару-жарақпен қамтамасыз етті. Қазақстанға көптеген зауыттар мен халық эвакуацияланып, тыл еңбеккерлері күндіз-түні жұмыс істеді. Сондықтан Жеңіс күні – әр отбасы үшін қасиетті күн, өткен күннің естелігі іспетті.
Қазіргі Қазақстандағы Жеңіс күні
Бүгінде 9 мамыр Қазақстанда кең көлемде аталып өтеді. Мемориалдар мен Мәңгілік алауға гүл шоқтары қойылып, бір минут үнсіздік жарияланады. Мектептерде ашық сабақтар, тарихи жобалар ұйымдастырылып, жастарға соғыс жылдарындағы ерлік туралы айтылады.
Ардагерлерге құрмет көрсетіліп, концерттер мен мерекелік іс-шаралар өткізіледі. Әскери әндер шырқалып, кешке көптеген қалаларда отшашу ұйымдастырылады. Мұның бәрі –бейбіт өмірге деген ризашылықтың белгісі.
Мереке күндері соғыс туралы фильмдер көрсетіліп, әдеби кештер, театр қойылымдары мен концерттер ұйымдастырылады. «Катюша», «Жеңіс күні», «Тырналар» сияқты әндер орындалып, майдангерлердің естеліктері оқылады. Мұндай шаралар жастардың тарихи санасын қалыптастырып, патриоттық рухты нығайтады.
Сонымен қатар, ардагерлерге құрмет көрсету – мерекенің маңызды бөлігі. Оларға естелік альбомдар, фотосуреттер, жылы киімдер, шай жиынтықтары немесе немере-шөберелерінің жүрекжарды хаттары сыйға тартылады. Кейде қарапайым көңіл бөлу мен шынайы алғыс сөздің өзі ең үлкен сыйлыққа айналады. Бұл бүгінгі ұрпақтың бейтіт өмір сыйлаған ардагерлерге алғысы.
Жеңіс күні қарсаңында Қазақстан өңірлерінде Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен оларға теңестірілген азаматтарға біржолғы әлеуметтік төлемдер қарастырылған. Бұл қолдау шаралары ардагерлерге құрмет көрсетудің және олардың ерлігін бағалаудың бір көрінісі.
Ресми мәліметтерге сәйкес, бүгінде кейбір аймақтарда көзі тірі соғыс ардагерлері қалмаған. Ал ардагерлері бар өңірлерде төленетін қаржы көлемі әртүрлі. Кей облыстарда біржолғы төлем 1,5 миллион теңге мөлшерінде белгіленсе, басқа өңірлерде 5,5 миллион теңгеге дейін жетеді. Бұл төлемдер жергілікті бюджет пен өңірлік әлеуметтік қолдау бағдарламаларына байланысты анықталады.
Жеңіс күнінің батырлары кімдер
Қазақстандағы Жеңіс күні туралы сөз қозғағанда, ел үшін жанын қиған батыр тұлғаларды ерекше құрметпен еске аламыз. Олардың ерлігі мен қайсарлығы халқымыздың рухын паш ететін мәңгі естелікке айналды.
Сол батырлардың қатарында Рақымжан Қошқарбаев есімі ерекше аталады. Ол Берлиндегі Рейхстагқа алғашқылардың бірі болып Жеңіс туын тігіп, тарихи ерлік жасады. Ұзақ уақыт бойы оның бұл батырлығы лайықты бағаланбаса да, бүгінде Қошқарбаевтың ерлігі халық жадында сақталып, ел мақтанышына айналды. Оның есімі – қазақстандық жауынгерлердің Жеңіске қосқан зор үлесінің айқын белгісі.
Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова – ерлігімен ел жадында қалған қазақтың қаһарман қыздары. Әлия майданда мерген ретінде көзге түсіп, ондаған жау әскерінің бетін қайтарды. Ал Мәншүк пулеметтен оқ жаудырып, соңғы сәтіне дейін шайқасты. Екеуі де Отан үшін жанын қиып, Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған алғашқы қазақ қыздары ретінде тарихта мәңгі қалды.
Бауыржан Момышұлы – Мәскеу үшін болған шайқастарда ерлігімен танылып, аты аңызға айналған қолбасшы. Ол тек майдандағы батылдығымен ғана емес, қайсар мінезі мен рухани болмысымен де халық құрметіне ие болды. Соғыстан кейін әскери-патриоттық бағытта еңбектер жазып, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуге үлес қосты. Бауыржан Момышұлының тұлғасы қазақ халқының ерлік пен намысының символына айналды.
Тахауи Ахтанов жастайынан майданға аттанып, соғыс жылдарының ауыртпалығын бастан өткерді. Ауыр жарақат алғанына қарамастан, елге аман оралып, кейін әдебиет саласында үлкен із қалдырды. Оның шығармаларында соғыстың қасіреті, адам тағдыры мен ерлік тақырыбы терең әрі шынайы суреттеледі. Тахауи Ахтанов – соғыс тақырыбын көркем әдебиет арқылы жан-жақты ашып көрсеткен көрнекті қаламгерлердің бірі.
Қасым Қайсенов – ерлігімен ел есінде қалған даңқты партизан. Ол соғыс жылдарында Украина мен Молдова аумағында жауға қарсы күресіп, күрделі әрі қауіпті тапсырмаларды орындады. Майданнан кейін қаламгерлік жолды таңдап, өз естеліктері мен шығармалары арқылы кейінгі ұрпаққа соғыстың шындығын жеткізді. Қасым Қайсеновтің өмір жолы – батылдықтың, елге адал қызмет етудің және шынайы отансүйгіштіктің жарқын үлгісі.
Майданда ерлік көрсеткен мыңдаған жауынгер орден-медальдармен марапатталды. 520 қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағын иеленсе, 110 мыңнан астам сарбаз Даңқ орденімен марапатталған.
Қазақ халқы екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атанған даңқты ұшқыштарды ерекше мақтан тұтады. Олардың қатарында Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов және Сергей Луганский бар. Олар жүздеген әскери ұшуға қатысып, әуе шайқастарында асқан батырлық танытты.
Қазақстандықтар тек майдан шебінде ғана емес, партизан қозғалысында да белсенді болды. Тарихи мәліметтерге сүйенсек, Қазақстаннан шыққан 300-ден астам азамат Еуропадағы қарсыласу қозғалысына қатысып, жауға қарсы күресте ерекше ерлік көрсеткен.
Жеңіс күні басқа елдерде қалай тойланады
Ашық дереккөздерде екінші дүниежүзілік соғыс адамзатқа орасан зор шығын әкеліп, 61 мемлекетті қамтып, әлем халқының шамамен 80%-ы тартылғаны айтылған. Майданға 100 миллионнан астам адам шақырылып, 60 миллионнан аса адам қаза тапқан.
Жеңіс күнінің 8 және 9 мамырда тойлануы уақыт белдеуінің айырмашылығына байланысты. Германияның тізе бүгу туралы актісі 1945 жылдың 8 мамырында Орталық Еуропа уақытымен кешке қол қойылды. Бірақ Мәскеу уақыты бойынша бұл сәт түн ортасынан асып, 9 мамырға қараған мезетке сәйкес келді. Сондықтан Батыс елдері 8 мамырды, ал ТМД елдері 9 мамырды Жеңіс күні ретінде атап өтеді.
Еуропа елдерінде Жеңіс күні әртүрлі деңгейде және мазмұнда аталып өтіледі. Ұлыбритания бұл күнді ресми мемлекеттік мереке ретінде белгілемегенімен, қоғамда еске алу мен түрлі мемориалдық іс-шаралар тұрақты түрде өткізіледі. Франция Жеңіс күнін мемлекеттік деңгейде атап өтеді. Француздар D-day-ге, яғни одақтастар әскерінің Нормандия жағалауына түсуіне, Париждың азат етілгеніне көбірек мән береді.
Нидерланд пен Дания сияқты елдер үшін басты символ – нацизмнен азат етілген күн, сондықтан мерекенің негізгі мазмұны да осы тарихи сәтпен байланысты. Ал Германия бұл күнді соғыстың аяқталуы әрі азаттыққа қол жеткізу ретінде қабылдайды.
Шығыс Еуропа елдерінде Жеңіс күні көбіне кеңестік тарихи дәстүрге сай аталып өтеді, онда Екінші дүниежүзілік соғыстағы ортақ жеңіс пен құрбандарды еске алу басты орын алады.
Германия үшін 8 мамыр – Жеңіс емес, ең алдымен тарихи қасіреттің аяқталып, нацизм мен диктатураның құлауын білдіретін «азаттық күні» ретінде қабылданады. Екінші дүниежүзілік соғыс неміс қоғамының тарихи жадына терең із қалдырды. Елдің бөлінуі, саяси жүйенің күйреуі және соғыстың адамзатқа әкелген ауыр салдары ұзақ уақыт бойы қоғамдық санада талқыланып келеді.
Германия қалаларында соғыс зардабының ізі әлі күнге дейін сақталған, қираған шіркеулер, вокзалдар мен тарихи ғимараттардың бір бөлігі арнайы жөнделмей, сол күйі қалдырылған. Мұндай ескерткіштер неміс қоғамы үшін соғыстың салдарын ұмыттырмаудың символы ретінде қарастырылады, яғни болашақ ұрпаққа тарихтың ауыр сабақтарын еске салу мақсатында сақталады.
АҚШ Жеңіс күнін 8 мамырда «Еуропадағы жеңіс күні» ретінде атап өтеді. Соғыс 1945 жылғы 2 қыркүйекте Жапонияның капитуляциясымен ресми түрде аяқталды деп есептеледі. Соғыста АҚШ одақтастарына үлкен көлемде әскери және экономикалық көмек көрсетіп, ленд-лиз бағдарламасы арқылы техника, азық-түлік және ресурстар жеткізді. Еуропадағы соғысқа АҚШ 1943 жылғы Тегеран конференциясынан кейін тікелей араласа бастады.
Орталық Азия елдерінде бұл күн адамзат тарихындағы ең ауыр соғыстардың бірі ретінде еске алынып, ардагерлерге құрмет көрсетуге арналады. Ал Ресей Жеңіс күнін ең ірі мемлекеттік мерекелердің бірі ретінде атап өтіп, оны Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің символы ретінде бағалайды.
9 мамыр – халқымыздың батырлығы мен бірлігін дәріптейтін қасиетті күн. Бұл мереке өткенді ұмытпауға, ерлікке тағзым етуге және бейбіт өмірдің қадірін түсінуге үндейді. Жеңіс күні тарихқа құрмет, болашаққа жауапкершілік жүктейді. Сондықтан, бұл кұн тек мереке ғана емес, Отан үшін опат болған қазақтың қайсар ұл-қыздарының ерлігін еске салатын, өткен күннен белгі беретін тарихи естелік. Бұл естеліктер халық жадыған мәңгілік өшпейді.