Қазақстанда вице-президент институтын енгізу туралы бастама талқыланып жатқан тұста саясаттанушы Руслан Ақмағанбет бұл институттың әлемдік тәжірибеде бұрыннан бар екенін және оның негізгі функциясы төтенше жағдайда биліктің сабақтастығын қамтамасыз ету екенін айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
Саясаттанушының айтуынша, Қазақстанда вице-президент лауазымы бұған дейін тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында болған.
– Вице-президент институты әлемде бар, Қазақстанда да болған. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, бірінші Конституциядан бастап, Ерік Асанбаев тұңғыш вице-президент қызметін атқарды, – деді Руслан Ақмағанбет.
Оның сөзінше, халықаралық тәжірибеде вице-президенттің басты міндеті – күтпеген оқиғалар, төтенше жағдайлар кезінде президенттің орнын басып, билік транзитін қауіпсіз жүргізуді қамтамасыз ету.
– Вице-президент институтының негізгі мақсаты – президент билігі транзитін қамтамасыз ету. Әртүрлі қауіп-қатер, оқыс жағдайлар туындаса, президенттің орнына уақытша алмастыратын екінші тұлғаның болуы қажет. Мәселен, АҚШ-та вице-президент институты дәл осы міндетпен бекітілген, – деді ол.
Сонымен бірге саясаттанушы Қазақстандағы вице-президенттің функциясы АҚШ үлгісіндегідей тек қосалқы міндеттермен шектелмей, нақты саяси-ұйымдастырушылық функцияларға да ие болуы мүмкін екенін атап өтті.
– Америкада президент кейбір мәселелерге бармаған жағдайда оның орнына вице-президентті жібереді. Ал бізде, Орталық Азия елдерінде, мұндай жағдайда көбіне премьер-министр барады. Егер вице-президент институты енгізілсе, енді кейбір ресми сапарлар мен ішкі жиындарға вице-президент қатысуы мүмкін, – деді Руслан Ақмағанбет.
Сарапшының айтуынша, алдағы уақытта вице-президентке ішкі саясат пен идеология бағыты бойынша жауапкершілік жүктелуі ықтимал. Бұл тұрғыда қазіргі мемлекеттік кеңесші атқарып отырған функциялардың бір бөлігі вице-президентке өтуі мүмкін екенін жеткізді.
– Қазіргі мемлекеттік кеңесші атқарып жүрген міндеттер алдағы уақытта вице-президентке берілуі мүмкін. Мемлекеттік кеңесші институты тарих қойнауына кетіп, оның орнына вице-президент ішкі саясат, идеология сияқты мәселелерге жауапты болады деген болжам бар, – деді саясаттанушы.