Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында ірі байлық иелеріне жоғары салық мөлшерлемесін енгізу мәселесін талқылауды ұсынды. Сондай-ақ Үкіметке 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырды.
Құрылтай депутаты Айдос Сарым Президенттің осы бастамасына қатысты пікір білдіріп, байлыққа деген көзқарасты өзгерту қажеттігін айтты., деп хабарлайды kznews.kz
Депутаттың сөзінше, Үкімет салық заңнамасына енгізілетін өзгерістерді таяу күндері әзірлеп, Құрылтайдың қарауына ұсынады. Сол кезде салық салудың түрлі тетіктері жан-жақты талқыланады.
– Кедей жақсы, бай жаман дейтін принциптен арылуымыз керек. Бірақ байлықтың да әділетті өлшемі болу тиіс. Мысалы металдарды, мұнайды алайық. Кей кездері бағасы шарықтап өсіп, кейде түсіп кететін заман болады. Сол кезде компаниялардан алынатын салықтар бар. Сол сияқты бағыттарды дискуссия арқылы келістіріп шешуге болатын сияқты. Сонымен қатар бұл бюджетке тағы да қосымша қаржы тартудың бірден-бір жолы, – деді Айдос Сарым.
Оның пікірінше, салық жүйесіндегі өзгерістерді талқылау барысында экономиканың әр саласындағы ерекшеліктерді ескеру қажет.
Депутат ең төменгі жалақыны көтеру бастамасына да тоқталды. Оның айтуынша, бұл мәселе бұған дейін Парламентте көтерілгенімен, Үкімет Президент Жолдауын күтуді ұсынған.
– Ол кезде Үкімет «Президенттің Жолдауын күтейік» дегендей ишарат жасаған болатын. Бүгін нақты шешімін көріп отырмыз. Бұл – жүздеген мың, миллиондаған адамның өміріне, тұрмысына жақсы әсер ететін, экономикаға жаңа қарқын беретін жақсы қадамның бірі, – деді депутат.