Әлемде мыстың бағасы жоғары болғанымен, оны өңдейтін зауыттардың жағдайы мәз емес. Биыл мыс концентратын өңдегені үшін төленетін жылдық ақы алғаш рет нөлге түсті. Тіпті кей келісімдер бойынша көрсеткіш теріс мәнге кеткен. Дәл осындай кезеңде Қазақстан мыс концентратын өңдеу тарифін есептеудің өз әдістемесін бекітті. Бұл шешім отандық металлургияға не береді?
Экономист Юрий Масанов Facebook парақшасында осы мәселеге тоқталып, жаңа тәртіптің не үшін қажет екенін түсіндірді, деп хабарлайды kznews.kz.
Оның жазуынша, Қазақстанның Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мыс концентратын өңдеу тарифін айқындау әдістемесі қабылданғанын хабарлаған. Бұл шешім әлемдік мыс нарығында баға белгілеудің бұрынғы тәртібі өзгеріп жатқан тұста қабылданып отыр.
Мәселе мыстың қанша тұратынында ғана емес, оны өңдейтін кәсіпорындардың қанша табыс табатынында.
«Биыл мыс концентратын өңдегені үшін төленетін ақының жылдық көрсеткіші алғаш рет нөлге дейін төмендеді. Ал бір реттік келісімдердегі тарифтер тіпті теріс мәнге өтті. Енді нарық қатысушылары 2027 жылғы келісімшарттарда индекстерге негізделген және аралас баға белгілеу тәсілдеріне көшуді талқылап жатыр», – деп жазды экономист.
Бұл жерде әңгіме халықаралық нарықта Treatment Charges (TC) деп аталатын төлем туралы болып отыр. Қарапайым тілмен айтқанда, кен өндірушілер мыс концентратын зауытқа береді, ал зауыт оны өңдегені үшін ақы алады. Сол ақының нөлге түсуі зауыттың шығыны жоқ деген сөз емес. Жұмысшылардың жалақысы, электр қуаты, жабдықтарды күтіп ұстау мен жөндеу шығындары сол күйінде қалады.
Оның үстіне, сарапшылар мыстың алдағы бағасына қатысты да бір тоқтамға келе алмай отыр.
«Мысалы, Швейцарияның UBS инвестициялық банкі алдағы уақытта мыс тапшылығы күшейіп, баға одан әрі өседі деп күтеді. Ал Халықаралық мыс зерттеу тобы 2027 жылы тазартылған мыс өндірісі сұраныстан асып түседі деген болжам жасап отыр», – дейді Масанов.
Нарықтағы қиындықтың алғашқы белгілері де байқала бастаған. Экономистің келтірген дерегінше, 19 қазанда Оңтүстік Кореяның LS MnM компаниясы мыс концентратын өңдеудің қолайсыз экономикалық жағдайына байланысты шикізат сатып алу мен өндіріс көлемін қайта қарауы мүмкін екенін хабарлаған.
«Қазір қызық жағдай қалыптасты. Мыстың өзі қымбат, әлемдік нарықта оны өңдеу ақысының қалай есептелетіні қайта қаралып жатыр. Ал металлургиялық кәсіпорындар жаңа жағдайға бейімделуге мәжбүр. Қазақстан дәл осындай кезеңде мыс өңдеу құнын есептеудің өз тәртібін бекітіп отыр», – деп түсіндірді ол.
Қазақстан неге әлемдік тарифке сүйеніп отыра алмайды?
Масановтың пікірінше, мәселенің ең маңызды тұсы осы. Өйткені әлемдік нарықтағы баға бірнеше айда өзгеруі мүмкін, ал мыс балқыту зауытын салуға жылдар кетеді.
Қазақстанда жаңғыртуды қажет ететін жұмыс істеп тұрған зауыттар бар. Бұған қоса, жаңа өндіріс орындарын ашу жоспарланған. Мұндай жобаларға жүздеген миллиард теңге жұмсалады. Салынған қаржының қайтуына ондаған жыл кетуі мүмкін.
«Сондықтан мемлекет мыс өңдеу құнын анықтаудың өз тетігін қалыптастырғаны қисынды деп ойлаймын. Ол тек әлемдік нарықтағы қазіргі жағдайды емес, отандық өнеркәсіптің ұзақ мерзімді қажеттіліктерін де ескеруі керек», – деп жазды экономист.
Жаңа әдістеменің мәні де осында. Масановтың түсіндіруінше, тарифті есептегенде кәсіпорынның экономикалық тұрғыдан негізделген шығындары, белгіленген мөлшердегі пайдасы және инвестицияға қажетті қаражаты ескеріледі.
Бұған қоса, әдістеме кәсіпорындардың жоспарлы шығындарын жабуды, есептеулердің ашық әрі әділ болуын, барлық қатысушыға бірдей тәртіп қолдануды және бастапқы деректердің шынайылығын көздейді.
Мұндай ережелер зауыттарға өндіріс шығындарын ғана емес, алдағы жылдарға арналған инвестициясын да жоспарлауға мүмкіндік беруге тиіс.
Дегенмен экономист мұны Қазақстанның әлемдік мыс нарығынан бөлінуі деп түсінбеу керегін ескертеді.
«Қазақстан әлемдік мыс өнеркәсібінің бір бөлігі болып қала береді. Концентрат өндірушілер де, оны өңдейтін кәсіпорындар да халықаралық баға мен сұранысқа тәуелді. Бірақ өз өнеркәсібімізді дамыту саясаты әлемдегі қазіргі тарифтерді сол күйінде қайталаумен шектелмеуі керек. Әсіресе халықаралық келісімшарттардағы баға белгілеу жүйесінің өзі өзгеріп жатқан кезде», – дейді ол.
Екі жаңа зауыт салуға дайындық
Қазақстанда мыс қоры мол болғанымен, оны ел ішінде өңдейтін кәсіпорындардың қуаты кен өндіру көлемімен бірдей қарқынмен өскен жоқ. Масанов бұған дейінгі жазбаларында да осы мәселеге назар аударған.
Қазір елде әрқайсысы жылына 300 мың тонна катодты мыс өндіруге қауқарлы екі жаңа мыс балқыту зауытын салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғырту жалғасуда.
Алайда зауыт салу жоспарын жариялау бір бөлек, оған қаржы тарту бір бөлек.
«Жаңа өндіріс орындарын салатынымызды жариялау жеткіліксіз. Оларды іске асыру үшін инвесторға түсінікті экономикалық жағдай қажет. Жеке инвестиция тартуға және салынған қаржының қайтатынын есептеуге мүмкіндік болуы тиіс», – деп есептейді Масанов.
Оның пікірінше, тарифті есептеудің жаңа әдістемесі металлургия саласына ұзақ мерзімді инвестиция тартудың маңызды тетіктерінің бірі бола алады.
Бұл әсіресе шетелдегі кей кәсіпорындар өңдеу шарттарының тиімсіздігіне байланысты өндіріс жүктемесін азайтуға немесе жоспарларын өзгертуге мәжбүр болып жатқан кезде өзекті.
«Қазақстан үшін қазіргі металлургиялық базаны сақтап қалу ғана емес, оны әрі қарай кеңейтуге жағдай жасау да маңызды. Осы тұрғыдан қарағанда, жаңа әдістеменің қабылдануын дер кезінде жасалған әрі жүйелі қадам деп санаймын. Әлемдік нарық әлі талай өзгереді. Бірақ өз өнеркәсібімізді дамыту үшін шешімді бүгін қабылдау қажет», – деп жазды экономист.
Масановтың пайымдауынша, Қазақстан енді жаңа мыс балқыту зауыттарының қажеттілігі туралы ұзақ жылдар бойы айтылып келген әңгімеден оларды салуға мүмкіндік беретін нақты экономикалық жағдай жасауға көшіп жатыр.
Ал жаңа әдістеменің қаншалықты тиімді болатыны оның іс жүзінде қалай қолданылатынына байланысты. Өйткені әлемдік нарықтағы тарифті өзгертуге Қазақстанның ықпалы шектеулі. Есесіне ел ішіндегі өндірістің қандай жағдайда жұмыс істейтінін айқындайтын ережелерді өзі белгілей алады.