Президент Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы жарлықпен вице-президент Ерлан Қариннің өкілеттіктерін бекітті. Құжат жаңа лауазымның тек Президентті алмастыратын конституциялық қызмет емес, стратегиялық саясат пен мемлекеттік аппаратты үйлестіретін саяси тетік екенін көрсетті.
Ендігі жерде Вице-президент ішкі және сыртқы саясат бойынша стратегиялық бастамалар әзірлеп, оларды Президентке ұсынады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен халықаралық іс-шараларға қатысып, мемлекеттік органдармен, қоғамдық ұйымдармен және халықаралық құрылымдармен байланыста өкілдік ете алады.
Жарлықтағы ең маңызды нормалардың бірі вице-президенттің өз құзыреті шегінде өкімдер шығарып, орталық және жергілікті атқарушы органдарға тапсырмалар беру құқығы болса керек. Бұл оның мемлекеттік аппараттың нақты жұмысына араласуына мүмкіндік береді.
Сонымен бірге оның қарауына Дүниежүзілік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің хатшылығы, Қазақстанның Стратегиялық зерттеулер институты, мемлекеттік наградалар, азаматтық мәселелері, топонимика, геральдика, шетелде кадр даярлау және жастар саясаты жөніндегі комиссиялар берілген.
Бір қарағанда, бұл бағыттар әртүрлі. Алайда, олардың ортақ сипаты бар. Барлығы мемлекеттің стратегиялық, қоғамдық-гуманитарлық және кадрлық саясатына қатысты. Сондықтан вице-президенттің портфелі әкімшілік басқарудан гөрі саяси-стратегиялық үйлестіруге жақын.
Саясаттанушы Ғазиз Әбішев вице-президент институтын саяси жүйені теңгеретін және Президенттің жұмыс жүктемесін бөлетін тетік ретінде бағалаған. Оның пікірінше, Мемлекет басшысының ішкі және сыртқы саясаттағы міндеттері ауқымды болғандықтан, Президенттің ең жақын командасында конституциялық мәртебесі бар вице-президенттің болуы мемлекеттік басқару тиімділігін арттыруы мүмкін.
Бұл пайым жаңа жарлықтағы өкілеттіктермен үндеседі. Өйткені вице-президентке берілген функциялар Президенттің жұмысын жай ғана бөлісу емес, оның стратегиялық күн тәртібін мемлекеттік аппаратпен байланыстыруға бағытталған.
- Дегенмен жаңа институттың Үкіметпен арақатынасын нақты ажырату маңызды. Вице-президент Үкіметті басқармайды. Атқарушы биліктің негізгі жауапкершілігі Үкімет пен Премьер-министрде қалады. Ал вице-президенттің өз құзыреті шегінде тапсырма беруі Президент пен атқарушы билік арасындағы қосымша үйлестіру деңгейін қалыптастырады. Мұның тиімділігі де, тәуекелі де бар. Егер вице-президент Президенттің стратегиялық шешімдерін Үкімет пен әкімдіктердің жұмысына жеткізетін буынға айналса, мемлекеттік басқарудың үйлесімділігі артуы мүмкін. Ал өкілеттіктердің шекарасы анық белгіленбесе, Президент Әкімшілігі, вице-президент және Үкімет арасында функциялардың қайталануы ықтимал, - дейді саясаттанушы Олжас Әбішев.
Сондықтан жаңа лауазымның нақты саяси салмағын оның атауынан емес, практикадағы өкілеттігінен бағалау қажет. Вице-президент мансабы енді символдық қызмет емес, Президенттің стратегиялық күн тәртібін мемлекеттік аппаратпен байланыстыратын саяси институт ретінде қалыптасу жолына түскен мәртебелі қызмет болып қала береді.