Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекет тізгінін ұстағанына 7 жыл толды. Бұл уақыт тарихта Қазақстанның саяси жүйесі өзгеріп, қоғамның ой-санасы жаңарып, мемлекет ретінде өзінің жаңа бағытын тапқан кезең болып есте қалуы мүмкін.
2019 жылы билік транзиті жүзеге асқанда, көпшілік үшін бір дәуір аяқталып, екінші дәуір басталғандай әсер қалдырды. Сол кезеңде мемлекет тізгінін ұстаған Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдында ауыр міндет тұрды: бір жағынан тұрақтылықты сақтау, екінші жағынан қоғам талап етіп отырған өзгерістерге жауап беру.
Президент алғашқы сөзінде-ақ мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынасты қайта қарау қажет екенін айтты. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» деген ұғым сол кезде саяси лексиконға енді. Бұл биліктің халыққа жақындауы туралы идея еді. Бірақ, кез келген идеяның тағдыры оның іске асуына байланысты екені белгілі.
ДЕРЕК пен ДӘЙЕК
Жалпы, Қасым-Жомарт Тоқаевтың президент ретінде өткерген жеті жылын шартты түрде үш кезеңге бөлуге болады:
1. 2019–2021 жылдар: билік транзиті және алғашқы реформалар
2. 2022 жыл: Қаңтар оқиғасы және саяси жүйенің қайта құрылуы
3. 2023–2026 жылдар: "Әділетті Қазақстан" реформаларының іске асуы
Шежіреге қарасақ, Қазақстан үшін шешуші сәт 2022 жылдың қаңтарында туды. Қаңтар оқиғасы тәуелсіздік тарихындағы ең ауыр дағдарыстардың бірі болды. Бірнеше күн ішінде елдің тыныштығы шайқалып, қоғамның ішіндегі жиналған мәселелер сыртқа бұрқ етіп шықты. Бұл оқиға мемлекетке де, қоғамға да үлкен сабақ болды. Осыдан кейін «Жаңа Қазақстан» ұғымы пайда болды. Ол тек саяси ұран ғана емес, жүйені өзгертуге бағытталған талпыныс ретінде ұсынылды.
Соңғы жылдары бірқатар реформалар жүргізілді. Конституциялық сот қайта құрылды, сайлау жүйесі өзгерді, Парламенттің рөлі күшейтілді. Бұл өзгерістер Қазақстандағы саяси жүйенің біртіндеп, эволюция жолымен жаңарып жатқанын көрсетеді.
ДЕРЕК пен ДӘЙЕК
Кейінгі жылдары жасалған институционалдық өзгерістердің бір парасы:
1. Конституциялық сот қайта құрылды
2. Парламент сайлау жүйесі өзгертілді
3. Мәжіліс пен мәслихаттарға бірмандаттық округтер енгізілді
4. Президент өкілеттігінің бірқатар бөлігі қайта бөлінді
Бұл реформалар Қазақстандағы саяси жүйені біртіндеп жаңарту әрекеті ретінде бағаланды.
Дегенмен мемлекет тек саяси реформалармен ғана өлшенбейді. Елдің нақты жағдайы экономика арқылы көрінеді.
Қазақстан экономикасы соңғы жеті жылда өсім көрсеткенімен, оның құрылымдық әлсіздігі сақталып отыр. Мұнай бағасы көтерілсе экономика да серпін алады, ал мұнай арзандаса бюджет қысымға түседі. Бұл тәуелсіздік жылдарынан бері келе жатқан мәселе еді.
Сонымен қатар жаңа экономикалық құбылыстар да байқалады. Цифрлық технологиялар, маркетплейстер, онлайн сауда-саттық қоғамның өмір салтын өзгертіп жатыр. Қазақстанның жаңа буыны мүлде басқа экономикалық кеңістікте өмір сүре бастады.
ДЕРЕК пен ДӘЙЕК
Осы жылдары елдегі экономикалық өсім орта есеппен 4–5 пайыз шамасында сақталды. Алайда, экономиканың негізгі тірегі әлі де мұнай-газ секторы болып қала берді. Бұл жағдай ел экономикасының шикізатқа тәуелділігін көрсетеді.
Соған қарамастан жаңа экономикалық үрдістер жүрді:
1. цифрлық экономика дамып келеді
2. маркетплейс нарығы қарқынды өсуде
3. онлайн сауда көлемі бірнеше есе артты

Халық санының 20 миллионнан асуы мемлекеттің демографиялық әлеуетінің өскенін көрсетеді. Бірақ, урбанизацияның күшеюі, аймақтар арасындағы теңсіздік, әлеуметтік қысым сияқты мәселелер де қатар жүріп келеді.
ДЕРЕК пен ДӘЙЕК
Халық саны соңғы жылдары айтарлықтай өсті. Қазір елде 20 миллионнан астам адам тұрады.
Бұл тәуелсіздік жылдарынан бергі ең жоғары көрсеткіш. Алайда, демографиялық құрылымда бірнеше ерекшелік бар:
1. әйелдер саны ерлерден шамамен 800 мыңға көп
2. урбанизация күшейіп келеді
3. халықтың негізгі бөлігі ірі қалаларға шоғырлануда
Қоғам да өзгерді. Бүгінде ел ішіндегі пікір айту мәдениеті бұрынғыдан әлдеқайда белсенді. Әлеуметтік желілер, қоғамдық талқылаулар, түрлі азаматтық бастамалар қоғамның жаңа белсенді буынын қалыптастырды.
ДЕРЕК пен ДӘЙЕК
Қоғамдық пікір кеңістігінде айтарлықтай белсенділік қалыптасты. Қоғамдық талқылаудың негізгі нысаны:
1. гендерлік саясат пен
әйелдердің қоғамдық рөлі
2. отбасы институты
3. ұлттық мәдениет пен тіл
Ал сыртқы саясатта Қазақстан бұрынғы көпвекторлы бағытын сақтап қалды. Геосаяси тұрғыдан күрделі кезеңде ел көршілес Ресеймен, Қытаймен және Батыс елдерімен теңгерімді қарым-қатынасты жалғастыруға тырысып келеді. Бұл саясаттың негізгі мақсаты ел ішіндегі және аймақтағы тұрақтылықты сақтау екенін айтудың өзі артық.
ДЕРЕК пен ДӘЙЕК
Геосаяси күрделі кезеңде көпвекторлы саясат елдің тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік берді. Негізгі нәтиже:
1. Ресеймен стратегиялық серіктестік
2. Қытаймен экономикалық байланыстар күшейтті
3. Батыс елдерімен инвестициялық қатынас
4. Орталық Азия елдерімен аймақтық ынтымақтастық
Жалпы, өткен жеті жыл мемлекет тарихы үшін ұзақ уақыт емес. Бірақ, кейбір кезеңдер уақыттың өлшемімен емес, оқиғалардың салмағымен де бағаланады.
Тоқаев президенттігінің алғашқы жеті жылы дәл сондай салмақты кезеңдердің бірі болды.
Бұл жылдар реформалар басталған, қоғам оянған, мемлекет өзінің жаңа жолын іздеген уақыт іспетті.
ДЕРЕК пен ДӘЙЕК
Тоқаевтың билік кезеңінде банк секторына қатысты талап күшейді.Тұтынушылық несиелер көлемі де бірнеше есе артты. Бұл бір жағынан ішкі сұранысты күшейтсе, екінші жағынан халықтың қарыз жүктемесін арттырды.
Мемлекет бұл мәселені шешуге араласты. Атап айтқанда, мынандай мәселелер шешілді:
1. несиелік амнистия
2. әлеуметтік төлемдер
3. шағын бизнеске салық жеңілдіктері
Жалпы, Қазақстан таңдаған жолдың қайда апаратынын уақыттың өзі көрсетеді. Бұл жердегі жауапкершілік тек Тоқаевтың тұлғасына қатысты емес екені де анық. Өйткені, тарих ешқашан бір адамның еркімен, қалауымен ғана жазылмайды. Оны халықтың тағдыры, қоғамның таңдауы және уақыттың өзі қалыптастырады.