Мемлекет басшысы оқу-ағарту саласындағы реформалар мұғалімдердің жұмысын жеңілдетіп, артық жүктемені азайтуға бағытталуы керек екенін айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
Оның сөзінше, бұрын ұстаздар қағазбастылықтан зардап шексе, қазір түрлі цифрлық платформалар мен жүйелерге есеп енгізуге мәжбүр.
«Бұрын қағазбастылық көп еді. Енді оның орнын түрлі платформаларға, цифрлық жүйелерге енгізілуге тиіс есептер басып отыр», – деді ол.
Президент мұғалімнің негізгі міндеті балаларға сапалы білім беріп, саналы ұрпақ тәрбиелеу екенін атап өтті.
«Ұстаздың негізгі миссиясы – балаға сапалы білім беру, яғни сауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Бұл міндеттерді орындауға кедергі келтіретін басы артық жұмысты доғару керек», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар ол мектептерде оқушылардың мұғалімдерге дөрекі сөйлеп, тіпті күш қолданатын жағдайларына алаңдаушылық білдірді. Мұндай кезде мектеп әкімшілігінің өзі ұстазға қысым көрсететін жағдайлар кездесетінін айтты.
«Біз мұғалімдердің абырой-беделін қорғауымыз қажет. Соңғы уақытта мектептерде оқушылар ұстаздарына дөрекі сөйлеп, тіпті, күш қолданатын жағдайлар да аз емес. Мұндай кезде көбінесе мектеп әкімшілігі де мұғалімге қысым көрсетіп жатады. Бұл – дұрыс емес», – деді ол.
Президенттің пікірінше, әрбір оқиғаға барлық тарап жауапкершілікпен қарауы керек.
«Әр мәселе мұқият әрі жан-жақты қаралуға тиіс. Кез келген жағдайға отбасы да, оқушы да, ұстаз да, мектеп те – бәрі де бірдей жауапкершілікпен қарауы керек. Оқу-ағарту министрлігі бұл жұмысты жіті назарда ұстауы қажет», – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.