Қазақ киносының алтын қорына енген "Менің атым – Қожа" ХХ ғасырдың 60-жылдарында түсірілсе де, бүгінге дейін көрерменнің ыстық ықыласына ие болып келеді. Алайда көпшілік біле бермейтін бір қызық дерек бар: фильмдегі басты кейіпкер Қожаның экрандағы дауысы оны сомдаған актер Нұрлан Сегізбаевтың өз дауысы емес, деп хабарлайды kznews.kz.
Ашық дереккөздерге сүйенсек, Нұрлан Сегізбаев бала кезінде, нақтырақ айтқанда 8-сыныпқа дейін "р" мен "л" дыбыстарын анық айта алмаған. Осы ерекшелікке байланысты фильм екі тілде дыбысталған кезде де актердің жеке дауысы қолданылмапты. Орыс тіліндегі нұсқада Қожаға мәскеулік актриса Марина Виноградова дауыс берсе, қазақ тіліндегі нұсқада кейіпкерді әйгілі актриса Фарида Шәріпова сөйлеткен. Осылайша, фильмнің табысты шығуына актерлік ойынмен қатар кәсіби дыбыстау да өз үлесін қосқан.

1963 жылы экранға шыққан "Менің атым – Қожа" фильмін ескерсек, сол кезеңде кейіпкерге дауыс берген Фарида Шәріпова бар-жоғы 27 жаста болған. Яғни көрерменнің жадында бала Қожаның үні ретінде сақталған дауыс шын мәнінде жас актрисаның дауысы екені белгілі болады.
Фарида Шәріпованың дауысын Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғазиза Әбдінәбиева ерекше бағалап, оны «алтын дауыс» деп атаған. Оның айтуынша, "Менің атым – Қожа" фильміндегі кейіпкердің үнінен-ақ актрисаның табиғи таланты мен кәсіби шеберлігін аңғаруға болады.
"Өкініштісі, Фарида апайды қазіргі жастар білмеуі мүмкін. Алтын дауыс иесі еді ғой! Режиссер Абдолла Қарсақбаевтың "Менің атым – Қожа" атты киносын баршамыз жақсы білеміз. Осы фильмдегі Қожаның дауысын Фарида апай орындайды. Міне, қараңыз, содан-ақ оның қандай талантты актриса болғанын бағамдауға болады", – деген екен Ғазиза Әбдінәбиева.

Фарида Шәріпова 1936 жылдың 16 желтоқсанында Қытайдың Шыңжаң өлкесіне қарасты Шәуешек қаласында дүниеге келген. Ол өнер жолындағы алғашқы табысын Қытай киностудиясы түсірген "Хасен-Жәмила" фильміндегі басты рөлі арқылы танытып, көрермен назарын өзіне аударды.
1955 жылы тарихи отанына оралып, 1959 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын тәмамдады. Оқуды аяқтаған соң М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры труппасына қабылданып, бұл сахнада жарты ғасырдан астам уақыт үздіксіз қызмет етті.
Фарида Шәріпова дубляж өнерінде де айрықша із қалды. Ел ішінде оны "дубляж патшайымы" деп атауы тегін емес. Қытайдан келген кезде орыс тілін еркін меңгермеген актриса тынымсыз еңбек етіп, кітап жаттау, интонация мен сөйлеу мәнерін қайталау арқылы тілді жетік игерген. Осындай табандылықтың арқасында ол қазақ киносы тарихындағы ең кәсіби әрі танымал дыбыс шеберлерінің біріне айналды.