Қордайда жанжалға байланысты қамалғандар бостандыққа шықты

8 ақпанда кешке Қордай ауданындағы жанжалға байланысты ұсталғандар босатылып, тұрғындар үйлеріне тарқады деп хабарлады оқиға орнында болған Азаттық тілшілері. Күндіз мұнда Масаншы мен Қаракемер ауылының ортасына 150-200 адам жиналып, қамаудағыларды бостандыққа шығаруды талап еткен еді.
Жамбыл облысының әкімдік өкілдері Қордайдағы изолятордан - 47 адам, Ауқатты ауылынан 36 адамның бостандыққа шыққанын хабарлады. Ауыл тұрғындары да Азаттық тілшісіне биліктің сөзін растап "адамдарымыз түгел, бәрі шықты" деді.
Дегенмен бостандыққа шыққан азаматтардың санына байланысты жергілікті БАҚ-та өзге де дерек айтылады. Tengrinews-дің жазуынша, 8 ақпанда кешке қарай Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов жанжалға байланысты Қордайда - 47, Ауқатты ауылында - 44 адам ұсталған, олардың барлығы жанжалға қатысы болмағандықтан босатылды деп мәлімдеген.
Бұған дейін ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Қордай ауданындағы жанжалға байланысты 47 адам ұсталды деп мәлімдеген.
8 ақпан күндіз жұрт наразылығынан соң билік 47 адамның бәрін босатуға келіскен кезде Қаракемер тұрғындары көрші Ауқатты ауылында да 40-тан астам адамның қамауда отырғанын айтып, оларды да босатуды талап еткен еді. Ауқатты ауылындағы "қамалғандар жайлы ақпарат" сол кезде белгілі болған.
Видео: Тұрғындар қамалғандарды босатуды талап етті (8 ақпан 2020 жыл).
Ақпанның 7-сі күні Жамбыл облысы Қордай ауданындағы бірнеше елді мекенде тұрғындар арасында жанжал болды. Ішкі істер министрлігі 8 адамның өлгенін, 40-тан астам адамның жарақаттанғанын хабарлады. Полиция "Адам өлтіру" және "Тәртіпсіздік ұйымдастыру" бабы бойынша қылмыстық істер қозғады.
Оқи отырыңыз: Өртенген үйлер, арнайы жасақ. Қордайда не болды?
Azattyq