«Самұрық-Қазына» қорында тағы бір басшы ҰҚК тергеуіне ілікті
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
ҚР, Астана қаласы, Әбікен Бектұров көшесі, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
askar.altai@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

"Өзіміздікі", "өзіміздікі емес" және "бөтен": Алматы облысындағы агросубсидия дауы аяқтала ма?

"Өзіміздікі", "өзіміздікі емес" және "бөтен": Алматы облысындағы агросубсидия дауы аяқтала ма?
Фотоиллюстрация: Kznews.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 13 - қарашада өткен Қауіпсіздік Кеңесінің жедел кеңесінде лауазымды тұлғалардың жемқорлық әрекеттеріне қатысты ешкімге жеңілдік жасалмайтынын ескертті. Өкінішке қарай, Президенттің бұл талабы Алматы облысындағы агросубсидия дауына да тікелей қатысты болып отыр.

Ашық дереккөздердегі мәліметке қарағанда, Алматы облысында ауыл шаруашылығын қолдауға бөлінген мемлекеттік қаржының игерілуіне қатысты ірі заңбұзушылықтар анықталған. Прокуратура тексеруінен кейін субсидиялау бағытындағы қайтарылуға жататын қаражат көлемі 4,8 млрд теңгеден асқаны белгілі болды. Кейінгі қылмыстық істерде тағы 2,6 млрд теңгелік және 251 млн теңгелік заңсыз субсидия алу фактілері әшкереленген.Ең сорақысы, мемлекеттік қолдау қаржының нақты өндіріске емес, қағаз жүзіндегі есептерге сүйеніп төленгені белгілі болды.

Алматы облысының прокуратурасы ауыл шаруашылығы басқармасының жұмысын тексергенде, асыл тұқымды қой саны жөніндегі есеп пен нақты көрсеткіштің арасында үлкен айырмашылық барын анықтады. Яғни, әкімдіктің есебінде төрт жыл ішінде асыл тұқымды қой саны 1,9 млн басқа жеткені көрсетілген. Алайда, тексеру нәтижесінде олардың нақты саны 367 мың бас қана болған. Бұдан бөлек, әлеуметтік-өндірістік кооперативтерге селекциялық жұмыстар жүргізу үшін 1,2 млрд теңге субсидия төленгенімен, бұл жұмыстар іс жүзінде орындалмағаны белгілі болды. Мысалы, 2023 жылы Ұйғыр ауданында тіркелген малы жоқ кооператив 45,2 млн теңге субсидия алған. Қаражат рәсімдеу кезінде аудан тұрғындарының малы кооперативтің жеке меншігіндегі мал ретінде көрсетілген.

Жалпы, құзырлы орган субсидиялау бойынша қайтарылуға жататын заңбұзушылықтардың жалпы сомасын 4,8 млрд теңгеден асқан деп бағалады. Бес эпизод бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, үш прокурорлық ұсыныс енгізілген. Ал жарияланған мәлімет бойынша, бюджетке сол кезде небәрі 110 млн теңге қайтарылған.

Бір қызығы, Алматы облысындағы субсидия дауы мұнымен бітпейді. Мәселен, биыл Қаржылық мониторинг агенттігі облыс аумағында агросубсидияны заңсыз алу бойынша тағы бір ірі схеманы әшкереледі. Тергеу мәліметінше, схеманы Қарасай аудандық мәслихатының бұрынғы депутаты ұйымдастырған. Оған Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарында тіркелген 29 шаруа қожалығы қатысқан. Іс бойынша, мемлекеттік органдарға өнеркәсіптік таңқурай алқаптарын отырғызуға арналған элиталық көшеттер сатып алынғаны туралы жалған құжаттар ұсынылған. Алайда, көрсетілген көлемдегі көшеттер іс жүзінде жеткізілмеген. Нәтижесінде бюджеттен 2,6 млрд теңгеден астам субсидия заңсыз алынғаны анықталып отыр. Тергеу дерегіне сәйкес, оның 491 млн теңгесі бағалы қағаздарға, 400 млн теңгесі микроқаржы ұйымына аударылған. Тағы 170 млн теңге Қонаев қаласындағы казинода құмар ойындарға жұмсалған көрінеді. Бұл іс бойынша үш күдікті қамауға алынған. Қылмыстық іс сотқа жолданған. Яғни, бұл іс бойынша соттың түпкілікті үкімі әлі шыққан жоқ.

Сот демекші, осы жылы Алматы облысында тағы бір субсидия жымқыру ісі бойынша сот үкімі шықты. Аймақтағы екі бірдей ауыл шаруашылығы кооперативтерінің басшылары екі жыл бойы шикі сүт сатып алу, сары май мен қатты ірімшік өндіру және өткізу туралы жалған мәліметтер ұсынып келіпті. Тергеу барысында кооперативтерде тиісті өндірістік қуат, жабдықтар мен жұмысшылары болмағаны анықталған. Соған қарамастан, жалған құжаттар негізінде бюджеттен 251 млн теңгеден астам субсидия төленген екен. Бұған қоса, жалған электрондық шот-фактуралар арқылы бюджетке түспеген салық көлемі 416 млн теңгеден асқан.

Сот қылмыстық схемаға қатысқан екі адамды алты жылға дейін бас бостандығынан айыруға үкім шығарған болатын.

Тоқетерін айтқанда, бір ғана облыстың аумағында жасалған сыбайлас жемқорлыққа қатысты істер облыстағы атқарушы биліктің имиджіне ауыр соққы болғаны анық. Яғни, мемлекет қаржысының талан-таражға түсуіне қатысты жауапкершілік кімге жүктеледі? Әлбетте, таяқтың жуан жағы облыс әкіміне тиетіні сөзсіз. Ал Алматы облысын 2022 жылғы маусымнан 2026 жылғы қыркүйекке дейін Марат Сұлтанғазиев басқарды. Осы кезеңде ауыл шаруашылығы саласына қатысты аталған заңбұзушылықтар анықталып отыр. Әрине, әкімнің өзі субсидия өтінімдерін тексеруге міндетті емес. Бірақ, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының жұмысы, мемлекеттік қаржының мақсатты жұмсалуы мен бақылау жүйесінің тиімділігі үшін әкімдіктің жауапкершілігі туралы сұрақтың қойылуы орынды.

Қысқасы, Алматы облысындағы агросубсидия дауы бір ғана қылмыстық топтың әрекетімен шектелмейтіні анық. Бұл жерде облыс әкімдігі тарапынан болатын мемлекеттік бақылаудың әлсіздігі ұйымдасқан қылмыстық топтың жалған есеп жасап, бюджет қаржысын заңсыз игеру механизміне айналдыруына жол бергенін естен шығармау керек.

Деп келгенде, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бюджет қаражатын талан-таражға салуға, мемлекеттік ресурстарды тиімсіз пайдалануға және жауапсыздыққа жол бермеу керектігін үнемі қатаң ескертіп келеді. Ал Қауіпсіздік Кеңесінің жедел отырысында жоғары лауазымға ие болу үлкен жауапкершілік жүктейтінін, ешкімнің қызметіне, сіңірген еңбегіне немесе тамыр-таныстығына қарамастан заңнан аттап кете алмайтынын да атап өтті. Сондай-ақ, Президент бұл бағыттағы тергеу, тексеру және жазалау жұмыстарына қатысты "өзіміздікі" және "өзіміздікі емес", тіпті "бөтен" деп бөлуге мүлде жол берілмейді" деді.

Демек, жоғарыдағы фактілер Алматы облысындағы мемлекеттік қолдауға бөлінген миллиардтаған теңгенің қағаз жүзіндегі малға, жеткізілмеген көшет пен өндірілмеген сүтке төленгеніне қатысты заң бұзушылық анықталғанын және бұл бағытта сөз бен істің қатыспайтыны білінеді. Яғни, экс-әкім Марат Сұлтанғазиев облысты басқарған кезеңде әшкереленген бұл фактілер агросубсидиялау жүйесіндегі бақылаудың әлсіздігін және жауапты мемлекеттік органдардың жұмысына қатысты күрделі сұрақтарды бәрібір күн тәртібіне шығарады...

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Журналист-экономист. Журналистика саласында 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.