Астана аспанында жойғыш ұшақтар ұшады. Қорғаныс министрлігі қолайсыздықтар үшін тұрғындардан кешірім сұрады, деп хабарлайды kznews.kz.
Елордада 15 мамыр күні Қарулы Күштер Әуе қорғанысы күштерінің жоспарлы іс-шаралары аясында қала үстінде жойғыш ұшақтардың демонстрациялық ұшуы өтеді.
Іс-шараға дайындыққа байланысты 10 мамырдан бастап елорда әуе кеңістігінде әскери авиацияның жаттығу ұшулары басталады.
“Жойғыш ұшақтардың ұшуы мен жаттығу іс-шаралары қауіпсіз биіктікте жүзеге асырылады және қала тұрғындарының күнделікті тыныс-тіршілігіне кедергі келтірмейді. Елорда тұрғындары мен қонақтарынан жаттығулар мен демонстрациялық ұшу кезеңінде туындауы мүмкін қысқа мерзімді шу деңгейінің артуына түсіністікпен қарауды сұраймыз”, – делінген хабарламада.
Ведомство:
Барлық ұшулар қауіпсіздік талаптарына қатаң сәйкес ұйымдастырылады және халыққа ешқандай қауіп төндірмейді;
Түрлі түсті түтіндерді пайдалану тек демонстрациялық сипатқа ие және қоршаған ортаға зиянды әсер етпейді деп сендірді.
Бұған дейін Қорғаныс министрлігі Ресейдің жауынгерлік зымырандарының Қазақстан аумағында сыналғанын растаған еді. Мәжіліс кулуарында қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев Ресей Қазақстаннан жалға алған Сарышаған полигонында қандай зымырандарды сынақтан өткізіп жатқанын айтты.
Вице-министр “Сарышаған” полигоны 2030 жылға дейін жалға берілгенін айтты.
“Онда Ресей Федерациясының 110-оқу орталығы сынақ өткізеді. 200 шақырым ұзаққа ұша алатын зымырандар ұшырылады. Бұл полигонда ешқандай инфрақұрылым, тұрғын жоқ, ешкім зардап шекпейді”, – деді министр орынбасары.
Сонымен қатар ол 50 сағат қана сынақ жүргізілетінін айтты.