Ақтауда «Сөз өнері: Түгел Түркінің төрі – Маңғыстау» атты республикалық қаламгерлер форумы өтті.
Өңірде алғаш рет ұйымдастырылған жиында жазушылар мен ақындар қазақ әдебиетінің бүгінгі жай-күйін, ұлттық мұраны және Маңғыстау прозасының дамуын талқылады, деп хабарлайды kznews.kz.
Форумға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов, сондай-ақ Астана, Алматы қалалары мен Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарынан келген қаламгерлер және жергілікті әдебиет өкілдері қатысты.
Нұрдәулет Қилыбай жиында қаламгерлердің ұлттық руханиятты дамытудағы рөліне тоқталды.
– Жаһандану заманында еліміздің ұлттық болмысы, ұлттық коды, руханияты, төл әдебиеті мен туған тілі бәрінен де биік тұруы керек, – деді облыс әкімі.
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, ақын Қасымхан Бегманов одақтың 2026 жылы атқарған жұмыстары туралы баяндады. Жазушы Нұрдәулет Ақыш «Қырымның қырық батыры» эпикалық топтамасының тарихи және көркемдік маңызына тоқталса, жазушы әрі драматург Нұрлан Қами Маңғыстау прозасының қалыптасуы мен қазіргі дамуына шолу жасады.

Жиында Марат Мәжит, Әмірхан Меңдеке, Оңайгүл Тұржан және Қазақстан Жазушылар одағының Маңғыстау облыстық филиалын басқаратын ақын Анар Шамшадинова да сөз сөйледі.

Форум аясында бірқатар маңғыстаулық қаламгер Қазақстан Жазушылар одағына қабылданды. Сондай-ақ әдебиетті дамытуға үлес қосқан қаламгерлерге «Құрметті жазушы» төсбелгісі табысталды.