Мемлекет басшысы жаңа инвестициялық кезеңді бастау үшін нақты секторға қаржы тартудың маңыздылығын атап өтті.
«Экономикамыздың жоғары технологиялық салаларына бір миллиард долларға дейін инвестиция тарту туралы бағдарлама әзірлеу қажет. Оны Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп дайындауға тиіс. Жаңа инвестициялық кезеңді ойдағыдай бастау маңызды. Екінші дәрежелі банктер нақты секторға белсенді түрде қаржы салуы керек. Бұл мәселе қоғамда баяғыдан қызу талқыланып жатыр. Осы жұмысты көп созбай қолға алу қажет», — деді Президент.
Тоқаевтың айтуынша, қазақстандық банктердің активтері дамыған елдермен салыстырғанда айтарлықтай табыс әкелгенімен, олардың негізгі бөлігі экономикаға емес, тәуекелі төмен бағыттарға жұмсалады. Бұл жағдайды өзгерту үшін Ұлттық банк пен Үкіметке тиімді шешімдер қабылдау міндеті жүктелді.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы банктер туралы заң қабылдау қажеттігін айтты.
«Бұл заңда экономиканың сұранысы мен технологиялық өзгерістер ескерілуі қажет. Құжатта бәсекені күшейту, нарыққа жаңа қатысушыларды тарту, қаржы жүйесіндегі технологияларды ілгерілету және цифрлық активтер айналымын ырықтандыру мәселелері қамтылуы керек. Үкімет Қаржы нарығын реттеу агенттігімен бірлесіп, заң жобасын жан-жақты пысықтауы қажет. Депутаттардан осы заңды жыл соңына дейін қабылдауды сұраймын», — деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық теңгенің қолданысын кеңейтуге де назар аударды.
«Цифрлық активтердің толыққанды экожүйесін тезірек қалыптастырған жөн. Цифрлық теңгенің енгізілуі бұл жұмысқа септігін тигізіп жатыр. Қазіргі таңда жобаларды Ұлттық қор есебінен қаржыландыру кезінде цифрлық теңгені қолданып жүрміз. Енді оның қолдану аясын одан әрі кеңейту қажет. Цифрлық теңгені республикалық және жергілікті бюджетте, мемлекеттік холдингтердің бюджетінде пайдалануға болады», — деді Президент.
Мемлекет басшысы криптоактивтерге ерекше назар аударып, Ұлттық банк негізінде жаңа құрылым құруды ұсынды.
«Қазіргі заманның талабын ескере отырып, криптоактивтерге баса назар аудару керек. Ұлттық банктің инвестициялық корпорациясы негізінде Цифрлық активтердің мемлекеттік қорын құрған жөн. Бұл құрылымда жаңа цифрлық қаржы жүйесіндегі болашағы зор активтерден құралған стратегиялық крипторезерв жинақталады», — деді Тоқаев.
Президент цифрландырудың пайдасымен бірге оның қауіп-қатерін де ескеру қажеттігін айтты. Онлайн-алаяқтықтың өсуіне байланысты антифрод орталығы құрылып, биометриялық жүйе енгізілгенімен, киберқылмыспен күрес шаралары үнемі жетілдіріліп отыруы тиіс.
«Кибер-қылмыстардың алдын алуға мүмкіндік беретін барынша интеллектуалды жүйе құру керек. Қажет болса, тиісті заңға және құқық қорғау органдарының қызметіне өзгерістер енгізген жөн», — деді Мемлекет басшысы.